Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын зерделеп оқып, мұқият танысып шықтым. Ел Президенті барлық билік тармағына, қоғамға Жаңа Қазақстанды құру стратегиясы аясында саяси реформалардың кезекті топтамасын іске асыру бойынша бірқатар міндеттер қойды. Маңызды мақсаттарды айқындап берді. Атап айтқанда, өкілді билік тармақтарын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау институттарын күшейту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру іспетті бастамаларды көтерді. Әсіресе атқарушы билік өкілдеріне халықпен жиі кездесіп, қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Жолдау «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымға сәйкес кез келген мәселе жергілікті жерде шешілуі тиіс екенін нұсқады. Өздеріңіз білетіндей, Маңғыстау өңірінде орын алған газ бағасына байланысты кикілжің бүкіл елдің аумағына тарап кетті. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін еңбек шарттарын жақсарту керек, кейбір мәселелер жергілікті жерде оң шешімін табуы керек. Бұл – болашақта үлкен қақтығыстардың алдын алады.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен қалаларында әскери бөлімдері бар. Батыстық ұландар өңірдің ішкі тыныштығы мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Күн сайын жүздеген ұландық полиция қызметкерлерімен бірге аталған қалаларда қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды. Тәулік бойы жауынгерлік қызмет атқарады. Сонымен қатар өңірдегі қоғамдық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шараларда құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Сондықтан Президенттің бейбіт шерулер туралы айтқаны көңілімізден шықты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Бейбіт митингтер жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын және оның салдары қандай күрделі болғанын білеміз. Мемлекетімізде құқықтық тәртіпті орнату арқылы еліміздің конституциялық құрылымын, әр азаматтың құқығы мен бостандығын батыл қорғаған ұландықтар үшін бейбіт жиналыстар туралы заңның сақталуы маңызды.
Еліміз демократиялық өзгерістерге қадам басуда. Қоғамдық тәртіпті бұзу, елдің шырқын кетіру – өркениетті демократияның көрінісі емес. Толеранттылық, жауапкершілік, өзара сыйластық, кеңесу, азшылықтың пікірі ескерілу арқылы көпшіліктің билік құруы – нақты демократиялық өзгерістердің алғышарты. Жаңа заң белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Солай десе де, елді арандатқысы келетін, заңға бағынғысы келмейтін мысықтілеу адамдардың табылатыны өкінішті. Оларға қатысты «Бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуы тиіс» деп нақты ескерту жасалды.
Ұлттық ұлан әскері өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға, Қарулы күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларына қолдау көрсетіп, жаңарған болашақты құруға бір адамдай атсалысуға дайын екенін айтқым келеді.
Қайрат Үмбетов,
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы
қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы,
полковник