1952 жылы тарап, 1972 жылы қайта аудан болып құрылған Орданы қиын шақта басқарып, түлеткен басшылар. Олардың біреулері күшпен көршілес аудандарға көшірілсе, енді біреулері оңтүстікке барып, оны жерсінбей елге қайтқан екен.
Рахметолла Егізбаев – Бөкей ордасы ауданының І хатшысы. Ол аудан құрылған кезде 1952 жылы амалсыздан өзге жерге кеткен ордалықтарды қайтаруға үлкен мүмкіндік жасаған. Азғантай уақыттың ішінде ауданның барлық мекемелеріне қажетті басшы кадрларды қамтамасыз еткен. Сырт көзге ыссы, өте қатал көрінгенмен Р.Егізбаев түсінген кісіге жаны жайсаң, қамқор, жанашыр сезімі мол адам еді. Ол қызыл империя заманында темірдей тәртіп пен қатал заң талаптарына басын шұлғи бермей, мәселелерді өз бетімен шешудің жолын таба білетін жан болған. Сонымен қатар Рахметолла Сүйіндікұлы ақын-жазушыларды, әртістерді, жалпы, өнер саласының қызметкерлерін қатты сыйлаған. Өзінің де қалам тартатын әдеті болған.
Жексенбай Бекенов – Орда ауданын қайта құру туралы арнайы комиссияның құрамына енген азамат. Бес кісіден құрылған комиссияның құрамында, яғни Рахметолла Егізбаев, Мұрат Насимоллин, Сәния Хамзина, Байғұтты Сапарғалиевтермен бірге 1972 жылдың наурыз айында Алматы қаласындағы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтің қабылдауында болған. Аудан құрылғанда Орда аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы қызметін атқарып, әскери сынақ аймағында жатқан мекеннің қайта құрылып, аяғына нық тұруына тер төккен азамат. Шаруашылығын, әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсартуға жұмыстанған.
Байғұтты Сапарғалиев – аудан құрылғанда «Искра» кеңшарының директорлығынан ауыл шаруашылық басқармасы бастығына ауысқан. Талапшылдығы мен қазақшылығы қатар жүретін. «Танысын-танымасын адамдарға қол ұшын беруге әзір тұратын басшы еді. Өтірік айтпайтын, уәдеге де берік жан еді». Төңірегіндегілерге қазақы әдет-ғұрыптың жай-жапсарын түсіндіріп, ұлттық дәстүрді сақтауды уағыздайтын.
Меңеш Сабыров – Рахметолла Егізбаевтің туған жерге қызмет етуге шақырған ұсынысын сөзге келместен қабыл алған жанның бірі. Алғашында Орда аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына тағайындалып, онымен қоса бастауыш ұйымының хатшысы міндетін жүктеген. Осы кезге дейін Жәнібек ауданында оқу бөлімінің меңгерушісі болған Меңеш Сабыров өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарғаны елге мәлім.
Ауданның 40 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада ағамыз:
–Ол кезде тұрмыс қазіргіден ауыр еді. Бірақ ешқандай қиындыққа мойымай, барға риза болып, тіршілік жасадық. Елдің өркендеуі үшін, бәріміз бір кісідей құлшына еңбек еттік. Міне, енді сол еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз, – деп естелік айтқан еді пікірінде.
Қадыр Ғайсин – Ұлы Отан соғысының ардагері. Жымпитының тумасы. Сол кездегі басшылықтың тапсырмасымен ол алдымен аймақтық хатшы ретінде Шоңай МТС-інде қызмет еткен. Кейін 1957 жылы МТС және Сталин, Ленин, Ворошилов ұжымшарлары негізінде «Сайқын» қой кеңшарын құруға Қазақстан ауыл шаруашылық министрлігінен бұйрық келіп, сол кеңшарды құру жөніндегі комиссияның төрағасы болған. 1972 жылы аудан құрылған кезде М.Мәметова атындағы совхоздың директорлығына тағайындалған. Майдангер Ғайсин ел есінде майда сөзден ада, кесіп сөйлейтін, адал адам ретінде қалған.
Жексенбай Хайроллин – аудан құрылғаннан аудандық ауыл шаруашылық басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы болған. Ол құжатқа мұқият, әр іске ыждағатты қараған жан. Ол бөлім бастығы болмас бұрын шаруашылықтың бірнеше сатысынан өтіп, оның ішкі жайын жақсы білген. Оған Жексенбай ағаның Бөрлі ауылындағы мия дайындау пунктінде меңгеруші болған. «Еңбек» ұжымшарында есепші, «Шоңай» МТС-інде есепші-кассир, оның жанындағы Сайқын дүкенінің меңгерушісі, кейін М.Мәметова кеңшарында бас экономист болып тәжірибе жинақтаған. Өз тұрғыластары мен әріптестері туралы естеліктер жинақтап, парақ бетіне түсіріп кеткен кісілігінің өзі бір төбе.
"Орда жұлдызы"