Теректі аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен көктемгі далалық егіс жұмыстарын жүргізу және мал шаруашылығын дамыту турасында жиын өтті. Оған Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев төрағалық етті.
Жиынға ауданға қарасты округтердің әкімдері мен шаруа қожалық басшылары қатысса, қонақтар қатарында БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин, ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО бойынша аумақтық инспекция басшысы Лавр Хайретденов пен ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау мен қадағалау комитетінің БҚО бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отаралиев болды.
Теректі ауданы егістік көлемі бойынша облыста екінші орында екендігін ескерсек, осы тақылеттес жиындар шаруалар үшін аса қажет. Айта кету керек, ауданда өткен жылы егіс алқабы 144,6 мың гектарды құраған болса, оның ішінде дәнді дақылдар – 62,9 мың, майлы дақылдар – 28,6 мың, мал азығы – 52,1 мың және картоп пен бау-бақша дақылдары-969 гектар. Орташа өнімділік 5,8ц/га болған. Биыл Теректі ауданы бойынша 133,3 мың гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда.
Ауданда егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығы да қатар дамып келе жатқандығын баса айтқан абзал. Мысалы, ауданда асыл тұқымды мал басы көбеюде. Бүгінгі таңда көрсеткіш 11037 басты құраса, оның ішінде көпшілігі, яғни 7827 бас қазақтың ақбас тұқымы.
Жиын аясында ауданда ауыл шаруашылығы саласында атқарылған осы және де басқа жұмыстар туралы бөлім басшысы Мейірбек Сұлтанов баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, 2021 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 23051,3 млн теңгені құраған. Мейірбек өз баяндамасында тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқыммен қамтылу, ветеринария саласы бойынша да атқарылған жұмыстарды жіпке тізді.
Одан кейін Теректі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Бисенғазиев сөз алды. Ол аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің игерілуі туралы баяндама оқыды. 2021 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс негізінде беру бойынша 3 конкурс өтіп, жалпы көлемі 24 мың 475 гектар жер учаскесі ұсынылған. Ал ағымдағы жылы 6969 гектар болатын 20 жер учаскесіне конккурс өткізіліпті. Бөлім басшысы биыл Жер кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістермен шаруаларды таныстырып өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатсыз пайдаланған, яки мүлдем пайдаланбау фактілері анықталып отырғандығы айтылды. 2020-2021 жылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 42 мың 200 гектар пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталған.
Жиын аясында шаруа қожалықтар қызметі турасы хақында мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Сұңғат Есенғалиев, 2022 жылғы көктемгі далалық егіс жұмыстарын жүргізудің ерекшеліктері туралы «БайерКаз» ЖШС менеджері Алдаберген Нұғманов, ауыл шаруашылығын қаржыландыру бағдарламалары турасында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, несие бөлімінің бастығы Азамат Ахметов, ауыл шаруашылығы техникаларын қаржыландыру туралы «КазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Ербол Сералин сөз сөйледі.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ізімғали Жұбантаев Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-дың ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге ғылыми қызмет көрсетілуінің таныстырылымы бойынша, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев мал шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстары мәселелерін шешу бойынша ғылыми-практикалық және консультациялық қызметтер көрсету туралы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Өсімдік өнімдерін өндіру технологиясы» жоғарғы мектебінің жетекшісі, РһD доктор Ерғали Аюпов алма бағын «Кілтке дейін құру» тақырыбында баяндама жасады.
Жиын барысында тұқым сапасын тексеру һәм тұқым сынамаларын алу бойынша қалалық тұқым лабораториясының меңгерушісі Жаңылсын Зағипова және топырақ сапасының өнімділікке әсері турасында БҚО сынақ зертханасының меңгерушісі Айгүл Зинекешова сөз алып, шаруалардың тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
Облыс орталығынан келген өз саласының мамандарымен теректіліктер де ой бөлісті. Шаруа қожалық өкілдері несие алу жолындағы қиындықтар, қажеті жоқ анықтамалар тізімін жасақтауды қайта қарау, ауылдық жердегі шаруалардың несие рәсімдеуде кепіл болатын мүліктерін бағалау жағдайы туралы сауалдарын ортаға тастады.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz