6.04.2022, 19:00
Оқылды: 43

Жомарт Лұқпанов, аудандық мешіттің бас имамы: «Жақсы амалдарға көбірек мән берсек, сауаптар еселеніп жазылатын ай»

Айлардың сұлтаны – Рамазан айы басталып, оразаға ауыз бекіткелі бір апта уақыт өткен. Өңірімізде кейбірінің ораза тұтқанына ұзақ жыл өтсе, енді бірі биылдан бастап жатыр. Жылына бір мәрте келетін Рамазан айында ораза тұтып, имандылыққа бет бұрып жатқан жандардың саны көбеюде. Осыған орай аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Лұқпановпен тілдесіп, оразаға байланысты халықтың көкейінде жүрген сұрағымызды қойған едік.

 WhatsApp Image 2022-04-06 at 19.57.23

- Жомарт Санатұлы, әңгімеміздің басын оразаның парызынан бастасақ?

-  Ассалаумағалейкүм барша Алла разылығы үшін ауыз бекіткен жамағат! Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын, міне, Рамазан айына да жеттік. Барша ауыз бекіткен жандардың оразалары қабыл болсын. Аллаға шүкір, жылдан-жылға ораза ұстайтын мұсылмандардың саны артып келе жатыр. Алланың парызын мойындап, мұсылмандық шарттарына тек сөзбен емес, амалмен де мән берген жандардың көбеюі қуантады шыны керек.

- Тарауих намазының мән-мағынасы қандай?

- Сөздіктерде Тарауих мағынасы – демалу дегенді білдіреді. Рамазан айында құптан намазы мен үтір намазының арасында оқылатын, жиырма рәкәттан тұратын, жылына бір-ақ рет оқылатын намаз. Алла Елшісі (Алланың сәлемі мен салауаты болсын) бұл намазды сахабаларымен бірге жамағатпен оқып, кейде оқымаған. Себебі парыз болып кетуінен қорыққан. Тарауих намазы нәпіл құлшылықтар қатарынан.

- Оразада пітір садақа беріледі. Биылғы жылы белгіленген мөлшері қандай?

- Пітір садақа мөлшері 2 келі (бидай, ұн,алқан) не мейізбен немесе 4 келі құрма не арпамен есептеледі. Дегенмен, азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын берген абзал.

Рамазан кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі.

- Расы керек, әлі күнге дейін ораза жөнінде түсінік әркімде әртүрлі. Әсіресе бірінші мәрте ораза тұтқан жанға көп кеңес керек екені мәлім. Осы ретте, оразаны не бұзады, не бұзбайды?  Осыған толығырақ тоқталып өтсеңіз?

- Ораза тек тамақтан тыйылып қана қоймай, рухани ластыққа апаратын күнәлі істерден де тыйылу керектігін үйретеді. Бәрімізге белгілі, оразаны ағзаға түскен тағам, су т.б. нәрселер бұзады. Ал рухани бұзылуына өсектен, күнәдан, ашу-ызадан тиылмау бұзады. Себебі ораза ең бірінші адамды сабырлыққа үйретуі керек. Сабырсыздық пен күнәлі істерден тиылмай ұстаған оразаның Алланың алдында ешқандай сауапқа кенелмейтіні белгілі.

- Мұсылмандардың парызы – ораза ұстау. Алайда, кез келген адам ораза ұстай алмайды. Сонда кімге оразаны ұстауға болмайды? Олар Рамазан айында не істегені абзал?

-Рамазан айында оразадан босатылған алты түрлі адам бар.

Олар: Біріншіден, науқас  адам. Алла Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын». («Бақара» сүресі, 185-аят). Науқас адамға ораза ұстау қиын болса немесе ораза оның ауруынан тез жазылып кетуіне кедергі болса, ол оразасын тоқтатады. Егер ауру кішігірім тұмау, аллергия сияқты адамды әлсіретпейтіндей болса, яғни, қиындықтар туғызбаса, онда ол ораза ұстауы тиісті делінген.

Екіншіден, сапарда жүрген адам (мусафир). Алла Тағала: «Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын», – деген. («әл-Бақара» сүресі, 185-аят). Сапардағы адамға үмметтің бірауызды келісілген пікіріне (әл-ижма) сәйкес, аузын ашуға рұқсат етіледі әрі бұл оның ағзасының жағдайына немесе сапардың қиын не жеңіл болуына байланысты емес. Тіпті, оның жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етілген.

Үшіншіден, кәрі адам (жасы үлкен кісі). Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ, жіберілген әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға бұйырылды», – деген. Бұл жазылып кетуге үміттенбейтін науқастарға да қатысты. Себебі, ғалымдар бұл турасында: «Жазылып кетуге үміті жоқ науқас ораза ұстамайды және әрбір (ораза ұстамаған) күні үшін бір кедейді тамақтандырады әрі осы жағдайда ол кәрі адамға тең етіледі», – деді.

Төртіншіден, жүкті және емізулі баласы бар әйел. Әнастан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Алла сапардағыларды оразаның ауыртпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауыртпалығынан босатты». Жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өзі немесе баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады. Себебі, Алла Тағала: «... ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!», – дейді.  («Бақара» сүресі, 183-аят).

Бесіншіден, жас бала және ақылынан адасқан адам. Балиғат жасына жетпеген жас балаларға ораза парыз емес. Ғұламалар: «Ақылынан алжасқан адамдар өздерінің іс-әрекеттері үшін жауап бермейді, алайда белгілі бір уақыттарда ғана ақылы ауытқып, басқа уақыттарда ақыл-есі дұрыс болса, онда ол ақыл-есі  сау кезде ораза ұстауы керек. Ақылы ауысқан кезде, ол оразадан босатылады. Егер, ол ораза кезінде ақылын жоғалтатын болса, бұл оның оразасын бұзбайды. Бұл біреудің ауруға немесе басқа бір себептерге байланысты ақыл-есін жоғалтатыны сияқты. Өйткені, ол ақыл-есі сау кезінде ораза ұстау ниетіне ие болатын», – дейді.

Алтыншыдан, денсаулығы үшін қауіптенетін адам. Егер адамды қатты шөл немесе қатты аштық қысса әрі ол өліп қалатынынан немесе денсаулығына айтарлықтай әсер ететін немесе соған пара-пар нәрсе орын алуынан қауіптенсе, онда ол оразасын тоқтатып, оны кейінірек өтесе болады. Өйткені, өз өміріңді сақтау – парыз. Ал өз өмірін сақтамау – Алла Тағаланың әміріне қарсы, күнәға апаратын қадам. Бұл жайлы Алла Тағала: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер, Алла сендерге мейірімді ғой», – дейді.  («Ниса» сүресі,  29-аят). Бірақ шыдауға болатын мазасыздықтан, яғни, шаршаңқы сезініп және ауруын уайымдау себебімен оразаны тоқтатуға болмайды. Ауыр жұмыстағы адамдарға оразасын тоқтатуға рұқсат етілмейді әрі олар келесі күні де ораза ұстауға ниет етулері керек. Егер, олар жұмысын тоқтата алмаса әрі өндіріс үстінде олармен орын алуы мүмкін болған қандай да бір зақымданудан қауіптенсе немесе оларды оразаны тоқтатуға мәжбүрлейтін қандай да бір ерекше қиындықтарға тап болса, онда олар оразасын тоқтатып, оны кейіннен толықтыра алады.

- Оразаны басында, ортасында, соңында үш күн ұстаса да болады деген жандар да бар. Діни тұрғыда осыған не дейсіз?

- Ол, Рамазан айынан тыс айларға айтылған сөз. Нәпіл ораза ұстаймын деушілерге айтылған. Басқа айларда солай ұстаса болады.

- Рамазан айының соңғы он күніндегі құлшылықты «иғтикаф» дейді. Иғтикафтың маңыздылығына тоқталсаңыз. Ауданымызда иғтикаф жасайтын адамдар бар ма?

-Иғтикаф – Рамазан айының соңғы он күніне қатысты бекітілген сүннет амалы болып табылады. Өзге күндерде иғтикафқа кіру қажет амал болып саналады, егер адам мешітке ант етіп кірер болса, ол адамға оқшаулану міндет болып қалады. Иғтикаф – «бір нәрсемен үзбей шұғылдану» деген мағына береді. Өзіңіз білесіз екі жыл карантинге байланысты рамазан айында елімізде рамазан айы құрметіне ешқандай шара өткізілмеді, соған байланысты иғтикаф аудандық мешітімізде ұйымдастырылмады. Биыл бұйырса иғтикафқа ниет еткен жандар болып қалар.

- Қадыр түнінің маңыздылығын, ерекшелігін айтып өтсеңіз?

- Бірінші ерекшелігі – Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі. Кітаптың басқа түндерде емес, Қадір түнінде түсірілуінің өзі оның қасиеттілігін айғақтап тұр. Екінші ерекшелігі – ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді. Бірдей бола алмайды да. Үшінші ерекшелігі – құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: «Аяттағы мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» дегенді білдіреді. Өйткені арабтар шексіздікті білдіру үшін «мың» деген сөзді қолданады», - дейді.

- Рамазан айында мұсылмандар ораза тұтумен қатар қандай амалдар жасағаны абзал?

- Рамазан құран айы болғандықтан бұл айда көбірек құран оқуға, оқу білмейтіндер үйренуге талпыну керек. Мұқтаждарға көп жәрдемдесу. Осы амалдарға көбірек мән берсек, сауаптар еселеніп жазылатын ай.

- Рамазан – ораза тұтумен қатар, қайырымдылық  айы. Бұл тұрғыда нендей шаруа істелуде?

- Жылда мешітіміздің атынан мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек беріп жәрдесіп тұрамыз.

- Қасиетті айдың қарсаңында халыққа айтар тілегіңіз…

- Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Ауылымызға береке, елімізде тыныштық болсын. Келесі Рамазан айына амандықта жетуді баршамызға нәсіп етсін. Ораза қабыл болсын.

Сұхбатты жүргізген Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале