7.04.2022, 9:30
Оқылды: 27

Кісі кетіп барады — кісіліксіз, Кіші кетіп барады кішіліксіз...»

Бесқонақтың сазы білініңкіреп, дым тартып тұрғанымен, көктемнің реңі кіріп қалған. Қомпиған тымақты күртелері мен қалың етіктерін тастап, жеңілдеу киінген адамдар сыпылдай басып, күндегіден гөрі тезірек, көңілдірек жүріп бара жатқандай. Өмір қуанып тұр.

InShot_20220406_235035623

Мен де бармын сол қуаныштың ішінде. Салқын да емес, ыстық та емес, осындай қоңыржай кездер жанға жайлы.

Көшеде келе жатырмын. Танитын, танымайтын адамдардың бәрі бас изесіп, дауыстап сәлем беріп,  біреулері бұрылып келіп қосқолдап көрісіп, бірер ауыз тілдесіп асып барады. Асықпай жүріп келемін. Подстепныйда ауа керім. Оазис дегеннің өзі ме деп қаласың  оттегінің тұнығын өкпе-қолқаңмен құныға да құмарта  жұтқанда қарсы алдымнан екі жасөспірім ұл бала шықты.  Қасы-көздері қиылып, түбіт мұрттары тебіндеп қалған екі бозбала әлденені айтып, мәз болып келеді. Музыкант па екен, шамасы, ұзын бойлылау біреуі қолымен ойша домбыра тартқандай болып мәз. Қасындағы бала да құлақтары қалқиып, желғабаз-ақ білем, езуі жиылмай, қосыла  ыңылдайтын сияқты досымен. Керемет көрініске еріксіз жымиып,  анадайдан қарап келемін. Олардың ешкіммен ісі жоқ. Амандасу ишаратын білдіру тұрмақ, иықтарымен қағып өтердей тіке салып келеді. Еріксіз  шетке ығыстым жарты қадам. Уақыт түскі үзіліске таяп қалған. Өзім де жүрісімді ширатып, жедел басып таяй бердім екі досқа. Кенет, о, тоба, әлгі «домбырашы» сөйлеп келе жатып, ернінің ұшынан «түф!» деп түкірігін ұшырып кеп жібергені ғой қасымнан өте бере. Шошып кеттім бе, жиіркеніп кеттім бе, дір ете қалдым. Жел мен жақтан болды қайта,  әйтпесе әлгі құсқақ түйе құсаған баланың түкірігі бері қарай шашыраса, менің де бірдеңе демей қалмауым мүмкін еді.

Жаңа ғана керемет сүйкімді  көрінген жастың түрі көз алдымда сұрықсызданып бара жатты. Мазмұны сай болмаса, түрден не пайда! «Көлеңкеге қарап, көйлек пішпес болар» деген осы екен-ау... Еш қымсыныс,  ыңғайсыздану жоқ. Мұндайды әдетке айналдырып алғаны көрініп тұр. Өзі аузы көпіріп әлі бірдеңе айтып  барады, дым болмағандай. Жаңағының түкірігінен жиіркенгендей қыз-көктем  де қабағын шытып, сіркіреу мен бүркудің арасындағы  ұсақ жауын  басталды. Үйге келген соң да  біразға дейін әлгі жаман сезімнен арыла алмай қойдым.

Мәдениет деген немене, мәдениеттілік деген немене, әдеп деген немене,  әдет деген немене, осы бағытта беріліп жатқан тәлім-тәрбие  бар ма өзі? Болса, нәтиже қайда? Этика, адамның өзін-өзі ұстау мәнерінің дағдылары қалай сіңіріліп жатыр жас буынның балғын санасына? Меніңше, «қоғам» атты алып құрылыстың осы жердегі бір тетігі сынып кеткен  немесе сынуы жақын.

Тағы бірде куә болған жайтты айтып берейін. Автобус. Иін тірескен жолаушылар. Ересектеу екі  оқушы, бірі мен отырған креслоның жақтауынан ұстап, екіншісі жоғарыдағы аспа темірге қолын іліктіріп, «жүріп келеді». Кішкенеден соң әңгімеге кірісті екеуі. Шамасы, бір жерде оқиды.

Әңгімелері енді... Құдай салмасын, ауыздарынан үш сөз шықса, екеуі боқтық. Бәкене бойлы бәлекеттердің мұнша жаман сөзді қай жерлерінен будақтата шығарып жатқанына таң қалдым. Қашан үйреніп алған?! Мен түгілі, атасы темір автобустың өзі тітіркенгендей, асфальт жолдың үстінде мөңкіп-мөңкіп алады...  Адамдар тым-тырыс.

Ешқайсысының ісі жоқ. «Ә» десе, «мә» деуге әзір тұратын безер жастардың мінезінен қаша ма, әлде «айтса, өз ауыздары» дегендей немқұрайлылық па, әйтеуір  сықасқан жұрттың ішінен  елең етер бірі жоқ. Әрі шыдадым, бері шыдадым,  ақыры  басымды көтеріп беттеріне қарадым да: – Құрсыын,  құлағым боқбоқ болып қалды ғой. Ауыздарыңды да аямайды екенсіңдер! – дедім барынша сабырлы, салқын дауыспен.

– Мәһ, құлағым боқ болып қалды дид, – деді орындығымның арқалығынан ұстап, жанымда тұрғаны. Екіншісі тағы түйдектетіп, бір-екі жаргон жіберді де тынды.

Автобус іші кішкене тыншып, жәйланып қалғандай. Ауыздары айтпаса да, әлгілердің жақтары қарысқанына ырза екені отырыс-тұрыстарынан көрініп тұр. Неге екені белгілі, үйге келген бойда дереу беті-қолымды жууға кірістім. Содан соң айнаға қарағанда  бұл жолы ысқылаудың көкесін көрген екі құлағым қып-қызыл болып тұр еді.

Сол күн есіме түссе, әлі ойға қаламын.  Неге бұлай? Бейпілауыздық ұсақ-түйек нәрсе емес. Бетімен кеткеннің, тәрбие көрмегеннің бір  сипаты ол да. Ал «Тәрбиесізге білім беру – қарақшыға қанжар ұстатқанмен бірдей» демеп пе еді қазақ педагогикасының бастауында тұрған, психолог Жүсіпбек Аймауытов атамыздың өзі!  Тәрбие мен тәлім (тағылым) – біртұтас дүние іспетті,  өзара  үйлесімде, жымдаса жүргізілуге тиісті процесс. Ал  осы біртұтастығынан, яғни ауызбен құрғақ ақыл айтып қана қоймай, үлгі-өнегемен қоса баулу  үрдісінен айырылып қалса, тәрбие нәтижелі  болып жарытпайды. Мәніс осында болатын, әркім бір басқарып,  әр «жобаны»  бір қолға алып,  маңызды мәселені шөре-шөре қылып жібермес бұрын. Неге бұлай болды?  Ұлт деңгейіне, қоғам бедеріне бірден-бір негіз болып келетін тәрбие жұмысы неліктен өз ырғағынан жаңылып тұр? Бүгінгілердің тілімен айтқанда, «тәрбиенің басты мақсаты – әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету» емес пе еді?!

Еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері «Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізілмеп пе еді? 2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім беретін мекемелердің барлығына, барлық сыныбына жаппай міндеттелген жоқ па?! «Өзін-өзі тану» пәні жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану – адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы» деп иландырмап па еді бәрімізді?!

Ендеше, неге өзін-өзі де, басқаны да танымайтын,  танығысы да келмейтін, біз күткеннен мүлде бөтен  жастар қаптап жүр? Бәрі деуге ауыз бармайды,  бірақ жоғарыда айтылғандай, мәдениет ауылынан алшақта қалғандар  көзге жиі түседі. Бар болған сайын тасатын, қазақша айтқанда «құтырған» эгоизм бе бұл?  Жоқ, болмаса,  өз жандарын өздері оқшау ұстаумен топастандырып,  әдейі мұрын шүйіру ме адамдарға? Жабайы көрінгісі келетін  әлдебір саналық қарсылық па? Не болса да, бір жүйеліліктен айырылып қалғандаймыз. «... Кісі кетіп барады – кісліксіз, Кіші кетіп барады – кішіліксіз» деп мұңаятыным сол менің.

«Отан – отбасынан басталатыны» сияқты,  мәдениеттілік әркімнің  мінез-құлқынан басталмай ма?  Мінез жалпы болмысың да, құлық – әр сәттегі қимыл, қарекет, өзіңді ұстауың болып шықпай ма? Соған мұқият болса, сондайды миларына құйып, күн сайын сіңіре берсе ғой ұстаздар қауымы һәм қоғам, яғни сіз бен біз.

Сыпайылық сағымға айналып кетпегей-ше...

Дариға Мұштанова,  

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы, Ы. Алтынсарин белгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале