Атырау-Орал тас жолының бойындағы Көшім ауылына келген адам ауылда балалар үйі бар екенін біле бермейді. Ауыл азаматтары балалар үйі атап кеткен мекеменің заңды атауы –«Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы». Өткен ғасырдың 1949-жылы салынған коммуналдық мемлекеттік мекемесі әлі күнге дейін қызмет атқарып келеді.
Мекемеде 3 жастан 18 жасқа дейінгі түрлі деңгейдегі сырқаты бар, ақыл-ой кемістігі мен тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балалар қызмет алады. Қамқорланушыларға №165 халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты негізінде қызмет көрсетіледі. Балалар тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер алады. 60 орынға шақталған мекеме осы күні 50 шақты балаға қызмет көрсетуде.
Оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер арнайы жабдықталған орындарда уақытылы көрсетіледі. Аталған мекеме – арнайы күтімді қажет ететін балаларға 24 сағат бойы қызмет жасайтын облысымыздағы жалғыз мекеме.
Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия шешімімен 11 бала мектеп бағдарламасымен арнайы білім алуда.
Қызмет алып жатқан балалардың ішінде орташа дәрежедегі ақыл-ой кемістігімен қатар ауыр дәрежедегі ақыл-ой кемістігімен балалар да бар. Жалпы арнайы мекемеде аутизм, сал ауыруымен, дауна, гидроцефалия, микроцефалия сияқты дертке шалдыққан жеткіншектер кездеседі.
Мемлекет қарамағындағы балалар болғандықтан мекемеде қызмет алушылар оңалтудың жеке жоспарына сай жөргекпен, бір реттік сіңігіш жайма, қол арбамен, жетек арбамен, ортопедиялық аяқ киім, корсет сияқты қажеттіліктерімен толықтай қамтамасыз етіледі. Барлық бала мемлекеттік арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алады. Алимент алатын тәрбиеленушілер де бар. Әр баланың жәрдемақылары жеке шоттарында сақталады.
Мекемеде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар балалар, ата-ана келісімімен отырған балалар бар.
Мекеменің негізгі мақсаты – қызмет алушыларға үй жағдайларына жақындатылған қолайлы тұрмыс жағдайларын жасау, әлеуметтік қызмет көрсету және оларды ұстау сапасын, сондай-ақ тиімділігін арттыру, қолайлы психологиялық жағдай қалыптастыру, балалардың жан-жақты дамуына, жетілуіне, емделуіне мүмкіндік жасау. Әсіресе ерекше қамқорлықты талап ететін жандардың ас мәзірі қатаң бақылауда. Қызмет алушыларға күніне алты мезгіл тамақ ұсынылады.Тәрбиеленушілер мен арнайы диетолог әр порцияның нормаға сай болуына үлкен мән береді. Сонымен қатар әр бала өзіне қажетті киімдермен толық қамтамасыз етілген. Қажетті төсек орын жабдықтармен дәрі-дәрмек те жекілікті. Әр корпуста кезекші медбикеге арналған бөлмелері мен процедуралық кабинеттері бар. Екі қабатты екі корпустан тұратын арнайы мекеме ішінде дәрігерлік кабинет, жаттығу-емдеу залы, физио кабинеті, арнайы лаборатория, үш сенсорлық кабинет, екі оқу сыныбы, мультимедия кабинеті, психолог кабинеті, логопед кабинеті, музыка кабинеті, еңбекке нұсқау кабинеті, спорт зал, бес ойын бөлмесі, екі оқшаулау бөлмесі, ата-аналар бөлмесі, екі асхана, монша және кір жуу цехы бар.
Әр кабинет пен бөлме қажетті деген барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қамқорланушылармен дефектолог, логопед, психолог, еңбекке нұсқаушы, музыка, тәрбиеші, дене шынықтыру мұғалімі және мәдени ұйымдастырушы жұмыстанады. Көп қызмет алушының тіл мүкістігі мен сөйлеу кемістігі бар екенін ескерсек, мекеме логопеді үлкен қызмет атқарады. Мекемеге түскен кезде Карина, Айдана сияқты тәрбиеленушілер өз-өздеріне қызмет ете алмаған. Ал сөйлеу жағы мүлдем түсініксіз болды. Дер кезінде көрсетілген қызметтің арқасында қазір олар жақсы сөйлейді. Арнайы комиссия шешімімен мектепте оқитын балалар тізіміне енді. Тіпті түрлі мәдени, спорттық іс-шаралардың белсенді қатысушыларының қатарында.
Мекеме қызметкерлері мұндағы балалардан мейірімін аямайды. Қолынан келгенше әрқайсысына көмек көрсетіп, ешкімнен кем болмауына үлкен мән береді. Мекемеге түскен шағында Қазына, Сергей, Артем, Даниил сияқты тәрбиеленушілер жүре алмады. Заманауи технологиямен жабдықталған арнайы кабинеттер мен білікті мамандардың арқасында ол балалар аяққа тұрды. Осы күні жүреді. Кейбір қарапайым нұсқаулықтарды өздігінен орындайды. Әйгерім атты қызмет алушы мекемеге түскен уақытында жататын жағдайда болған. Қазіргі таңда отырады, домалайды. Ал мекемеге түскен уақытында тек отыратын болған Әсем қазір еңбектейді жетек арбамен жүре алады.
Бұның барлығы – өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен, балаларға жылы мейіріммен қарайтын мекеме қызметкерлерінің арқасы.
Орталық ұлттық тәрбиеге де үлкен көңіл бөледі. Әр бала қазақ елінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қанықсын деген мақсатта қазақы тәрбиені насихаттайтын арнайы киіз үй бөлмесі ашылды. Бұл бөлме сандық, кебеже, оюлы көрпе, жастық, домбырамен жабдықталды. Осы күні аталған бөлме әр баланың сүйікті орнына айналды.
Мекемеде балаларды еңбекке баулу ісі де өз деңгейінде атқарылады. Ол үшін орталық аумағы көгалдандырылған. Арнайы жеміс-жидек бағы, бау бақша өсірілетін жер телімі, балаларға арналған арнайы ойын алаңы бар. Тәрбиеленушілерге сапалы әрі кешенді түрде жан-жақты көмек көрсетіледі.
Бір сөзбен айтқанда, орталықта балаларға барлық жағдай жасалған. Әр тәрбиеленушінің жеке өзіндік қабілетін дамыту мақсатында түрлі жұмыстар жүргізіледі. Түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, үздіктері де анықталды.
Атап айтсақ, орталық тәрбиеленушісі Данияр Мендыгазиев 2014 жылдан бері жыл сайын өтетін «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. 2018 жылы еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласының 20жылдығына арналған республикалық «Жұлдыз-ай» балалар шығармашылық фестивалінің лауреаты атанып, әнші Әміремен дуэт айтты.
Сонымен қатар, орталықтың тағы бір тәрбиеленушісі Венера Ергалиева дене бітімінің кемістігіне қарамастан ауданаралық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін би сайысынан жүлделі орындарға ие болып жүр. Облыстық арбамен жарыста І орын алды. Сондай-ақ сурет салу сайыстарына да қатысып отырады. Қазір Венера 9-сыныпта оқиды.
Жалпы айтқанда, мекеме қызметі осындай. Қызмет алатын балалар үнемі ем-шараны қажет ететін боғандықтан, аудандық ауруханамен және облыстық көпбейінді балалар ауруханасымен тығыз байланыста. Қажет болған кезде денсаулығы сыр берген әр баланы жоғарыда аталған емдеу мекемесіне жеткізуге дайын.
Әр қызметкер тәрбиеленушінің өміріне жауапты екенін сезінеді. Тағдыр тәлкегімен Көшім ауылындағы арнаулы мекемеге келген бала – қазақ елінің азаматы. Оның болашағы біздің қолымызда. Оның жарқын болуына қызмет етуге дайынбыз.
Маржан Заева,
Бәйтерек ауданы
Көшім арнаулы қызмет көрсету мекемесінің
әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы