7.04.2022, 16:30
Оқылды: 99

Қарасуда кооператив жұмысы ілгерілемей тұр

Құдай көпсінбесін, Казталов ауданының аумағы біраз жерді алып жатыр. Аудан шекарасының бір шеті Ресей Федерациясымен, бір шеті Жаңақала, Ақжайық, Жәнібек, Бөкей ордасы, Тасқала аудандарымен шектеседі. Территориямызға Еуропаның шағын елдері сыйып кетері анық. Расын айту керек, шалғайда жатқан округтерге ауа райы қолайсыз кезде жетудің өзі қиын. «Өткен жылға өкпе жоқ» демекші, біраз тосын мінез көрсеткен «кәрі құданы» да шығарып салдық. Ендігі кезекте қыстан шыққан малдың амандығын тілеп, алыстағы ағайынның жағдайын білген дұрыс. Осы мақсатта Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл щаруашылғы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен бірге Қарасу ауылдық округіне сапар шектік.

21

Жаңақала ауданымен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қарасу ауылдық округіне қарасты Қарасу, Жұлдыз, Бостандық, Ащысай елді мекендері бар. Сапар барысында округ әкімі Асхат Нұржановпен бірлесе Қарасу, Жұлдыз ауылдарында халық жиындарын өткіздік. Ауылда тұратын ағайынның негізгі кәсібі төрт түлік мал болғасын, біздің де әңгімеміздің басым бөлігі төрт түлік мал турасында болды. Округте өткен халық жиындарында ауыл тазалығы, мал бағымын ұйымдастыру, тал-терек, бақша егу, ауылшаруашылық-өндірістік кооперативтерін құру секілді негізгі мәселелер талқыланды.

22

Ауданның барлық ауылдық округтерінде ауылшаруашылық-өндірістік кооперативтері құрылып, жұмысын жасап жатса, Қарасу ауылында 2016 жылы құрылған кооператив жұмысы бастапқы күйінен ілгері баспаған. Ал іргелі Жұлдыз ауылында мүлдем құрылмаған. Округте жекенің малы бақташы жалдап, бағылмайды. Мал бағымы мәселесін бірден-бір шешу жолы – кооператив құру. Жиындар барысында Сергей Хариполлаұлы осы мәселеге кеңінен тоқталды.

23

- Жалпы ауданда 40-қа жуық ауылшаруашылық-өндірістік кооперативтері бар. Солардың ішінде жұмыстары ілгері басып, біраз нәтижелі істер атқарып жатқандары баршылық. Мысалы, Казталов, Тереңкөл ауылдарындағы «Нұрсай» кооперативінің жұмысы тым тәуір. Аталмыш кооператив мал басының асылдануы мен мал бағымынан басқа, шөп шабуға қажетті екі трактор алып жатыр. Осындай кооперативті сіздердің де округтеріңізде құруға болады. Нәтижесінде етті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіріп, мал бағымын реттеп, мал ұрлығына да тосқауыл қоясыздар,- деді Сергей Тоқпанов.

Расымен, ауылшаруашылық-кооперативтерін құру арқылы халықтың басы бірігіп, біраз істер атқаруға болатыны дәлелденіп келеді. Кооператив арқылы ірі қара малдарын етке өткізіп отырғандар да жоқ емес. Бұл жерде мал баққан ағайынның ұтары көп. Біріншіден малын жақсы бағаға сатады жəне сатқан əр басқа субсидия алады. Қарасуда құрылған бұрынғы кооператив жұмысын жандандыруға қызығушылық танытқан Ерлан Сәрсековтің алғырлығын атап өтуге болады. Жалындаған жас жігітті ауылдастары да қолдап отыр.

Сапар барысында округтегі "Бахтияр" шаруа қожалығына ат басын бұрдық. Шаруашылықты басқарып отырған Қабдолла Чикаевтың ісі ширақ. Мал басын өсіруден басқа екпелі шөп егуді қолға алып жатыр. Оның айтуынша, былтыр 100 гектар жерді жыртып, биыл судан шөбін еккен. Нəтижесі бір айдан кейін болмақ. Сонымен қатар шаруа күзге қарай қара бидай егуді де жоспарлап отыр.

25

Округке қарасты Жұлдыз ауылында Элюза Мергенова жетекшілік ететін "Ис-Нұр" шаруа қожалығы жаңадан кəсібін бастауда. Бұл шаруашылық өзен жағасынан жер алып, құс өсіретін ферма салуда. Мұнымен қоса жерлеріне "Менің аулам - менің бағым" жобасы аясында өзен бойына жеміс теректерін екпек.

Міне, шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігі осындай. Əзірге жаман емес секілді. Бірлігі бекем Қарасу ауылдық округіндегі тынымды істер туралы алдағы уақытта тағы да жазатын боламыз.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале