Кеше облыс әкімдігінде «КПО б.в.» компаниясы өкілдерінің қатысуымен облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия отырысы өтті.
Жиынды ашқан өңір басшысы Ғали Есқалиев ағымдағы жылдың ақпан айында Қарашығанақ кен орнын игеруші компания мен оның мердігерлік мекемелеріндегі жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі қаралып, тиісті шешім қабылданғанын еске салды.
«Енді сол шешімдердің қалай орындалғанын талқылауымыз керек. Үш жақты комиссияның шешімі бойынша салықты осы жерде төлейтін мердігерлердің ғана бюджеті көтерілуі тиіс. Бұл талапты дұрыс деп санаймын. Өңірде жұмыс істеп, табыс тауып жүрген компаниялар өңірімізден өз филиал, өкілдіктерін ашып, салық түрлерін осы жерге төлеуі қажеттігін әлденеше мәрте айтқанбыз. Өйткені олар инфрақұрылымдарды пайдаланады, экологияға зиян келтіреді, жергілікті бюджеттен субсидияланады. Сондықтан мұндай талапты заңды деп білемін», – деді облыс әкімі.
Басқосуда БҚО бойынша кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков облыс бойынша салық төлеушілердің тіркелуі туралы баяндады.
«КПО» компаниясы департаментке ақпан айында 132 мердігер компанияның ақпаратын ұсынған. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде кен орнын жабдықтаумен айналысатын және қызмет көрсететін нақты 128 кәсіпорынның тізімі жасалды. Осы компаниялардың ішіндегі 66-сы жергілікті жерде салық төлеуші ретінде тіркелген, ал 62 компания өзге облыстарда салық төлейді. Сол 62 компанияның ішіндегі 10-ының өңірімізде филиал, өкілдіктері бар, олар 2021 жылы 989,5 млн теңге, биылғы өткен мерзімде 188,4 млн теңге салық төлеген.
– Салық есептері көрсеткендей, «КПО-ның»18 мердігерінің 5266 қызметкерінің 1253-і – облыстың тұрғыны. Басым көпшілігі «Caspian Offshore Construction Reality LLP», «Baker Hughes Services Kazakhstan LLP», «Bonatti S.P.A.» компанияларында жұмыс істейді. Олардың табыс және әлеуметтік салық төлемдерінің шамасы 724 млн теңгені құрады. Ақпан айындағы үш жақты комиссияның отырысындағы берілген тапсырмаға сәйкес «КПО»-мен ұзақ мерзімдік келісімшарты бар 41 компанияның қызметіне талдау жасалды. Талдау жұмыстары алты компанияның облыста тіркелген өкілдігі бар екенін көрсетті. Осы кезге дейін олардың ішінен тек бес компанияның өкілдігі салық төлеп келген. Ал "ВЕСТ МОТОРС СЕРВИС" ЖШС ақпан айында жүргізілген түсіндірме жұмыстарынан кейін ғана салық төлеуді бастады. Өткен екі ай ішінде компания бюджетке 14 млн теңге, соның ішінде 7,6 млн теңге жеке табыс салығын, 6,4 млн теңге әлеуметтік салық төледі, – деді Б. Айнабеков.
Баяндамашының айтуына қарағанда, 5 сәуірде «Автодом-М» ЖШС-ның (бас офисі Алматы қаласында тіркелген) филиалы ашылды. Әзірге бұл компанияда 50 қызметкер бар, олардың қатары алдағы уақытта толыға бермек. Қызметкерлер үшін салық төлемдері осы айдан бастап аударылады, оның шамасы айына 2 млн теңгені құрамақ. Сонымен қатар департаменттегілер "TEGRA Kazakhstan" ЖШС-ның өкілімен кездесіп, облыстан өкілдік не филиал ашып, тіркелу қажеттігін түсіндірді. Мәселе ЖШС-ның құрылтайшыларымен келісілгеннен кейін шешілмек. Аталмыш компания Алматы облысындағы Жетісу ауданында тіркелген. «КПО»-мен өнеркәсіп қалдықтарын заласыздандыру бойынша келісімшартпен жұмыс істейтін «West Dala» ЖШС-ның өкілімен де осындай түсінік жұмыстары жүргізіліп, күні кеше Бөрлі ауданында тиісті тіркеуден өтті. Алайда тапсырыстардың көлемі аздығын айтып, өңір басшылығынан тапсырыстардың көлемін ұлғайтуға көмек болатын болса, тіркелеміз деген ақылға сыйымсыз жауап айтқан компаниялар да болыпты.
Жиында мәлім болғандай, «КПО» компаниясы мұнай-газ сервисі кәсіпорындары жұмысшыларының еңбекақысын көтеру бағытындағы жұмысты қолға алған. Осыған қатысты компания 462 мердігерге өз нұсқаулықтарын жолдады. Мердігерлердің 157-сі биылғы ақпан айындағы жалақы көтеруге жұмсалған шығынды өтеуге қажет адамдар тізімін жіберген. Жалпы 9672 қызметкердің әрқайсына ақпан айы үшін 60 мың теге төлеу шешімі мақұлданған. Соның ішінде еден жуушылар, күзетшілер, жұмысшылар аталмыш төлемді алды. Наурыздың 28-індегі мәлімет бойынша 31 мердігер компания ақпан айында өз қызметкерлеріне жалақыны өсіммен төледі. Одан басқа облыста кәсіпорын-мекемелердегі еңбекақыны көтеруге қатысты талдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 40 мекеме өз қызметкерлерінің айлығын орташа есеппен алғанда 13%-ға өсірді.
Облыс әкімі басқосу барысында онлайн режімінде қатысқан Бөрлі ауданындағы бірқатар мердігермен филиал ашу жайына қатысты сұрақтарға жауап берді. Аудан әкім Миржан Сатқановқа аталымыш мәселе бойынша жұмысты ширатуды тапсырды.
– Басқа жақтан келген компаниялар облысымызда қайтадан салық төлеуші ретінде тіркелуі керек. Сонда ғана үш жақты комиссияның жалақы көтеру туралы шешімі «КПО» компаниясы есебінен бюджетті ұлғайту арқылы орындалады. Біз бас офистің мекенжайын ауыстыруды сұрап отырған жоқпыз, тек филиал не өкілдік ашылуын талап етеміз. Оны бір күн ішінде ашып, бір күн ішінде жабуға болады. Өңір аумағында жұмыс істейтін қызметкерлері үшін салық төлеулері қажет. Қызметкерлердің әрқайысымен жеке еңбек келісімшарттары жасалғаны жөн, – деп қорытты жиынды Ғали Есқалиев.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz