12.04.2022, 12:45
Оқылды: 36

Қазақстанда ғылымды қаржыландыру екі есе артты

Соңғы екі жылда ғылымды қаржыландыру 2 есеге өскен. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

61

Үкімет отырысында Премьер-Министр ғылым саласындағы қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Бүгін еліміз Ғылым күнін атап өтеді. Елімізде отандық ғылымды дамыту жолында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге тың ғылыми жаңалықтар, жұмыстарыңызға зор табыс және сәттілік тілеймін! Бүгінгі Үкімет отырысында отандық ғылымды дамыту мәселесін қараймыз», - деді Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, елімізде соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен 2 есеге өсіп, 84 млрд теңгені құрады.

Оның үстіне мемлекеттік қаржыны ғылыми жобаларға бөлу құзыреті ғалымдардың өздеріне берілген.

«Қазір қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары көбейіп келеді. Олардың зерттеу еңбектері елімізбен қатар, шет мемлекеттерде де лайықты бағаланып отыр. Мысалы коронавирус инфекциясына қарсы өз вакцинасы бар 6 елдің қатарында Қазақстанның болуы отандық ғылымның әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Пандемия кезінде бұл вакцинаны көптеген азаматтарымыз салдырды, ол басқа елдерге де жіберілді. QazVac-тың басты артықшылығы – тиімділігі жоғары, қауіпсіз әрі жеңіл өтеді. Оның үстіне вакцина ерекше сақтау шарттарын қажет етпейді. Біз ғылымға жаңа леп әкелген өз вакцинамызды мақтан тұтамыз! Бұл – шын мәнінде біздің ғалымдарымыздың үлкен жеңісі!», - деді Үкімет басшысы.

Өз сөзінде Ә. Смайылов отандық ғылымның халқымыздың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуы қажеттігін атап өтті.

«Ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттардың барлығы осыған бағытталған. Ғалымдарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ғылымды ведомствоаралық үйлестіру жөніндегі кешенді шаралар «Цифрландыру, ғылым мен инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобада көзделген. Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен олардың ғылыми жұмыстарының санын арттыруға, зерттеу институттарының жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тағылымдамадан өтеді», - деді ол.

Жыл сайын «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінеді.

«Біз 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруда жекеменшік қаржының үлесін 50%-ке дейін ұлғайтуымыз керек. IT, медициналық-биологиялық салаларда, агроөнеркәсіптік кешенде, «жасыл» технологияларда, тау-кен ғылымы мен металлургияда 5 ірі ғылыми-өндірістік орталық құрылады. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібін дамыту мен жоғары технологиялық өндірістерді құруда ғылымның рөлі ерекше. Бұл еңбек өнімділігі мен халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале