12.04.2022, 17:45
Оқылды: 65

Ауыл шаруашылық саласында ғылыми кеңес берудің маңызы зор

Бүгін Казталов ауданы орталығындағы С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өкілдерімен кеңес берушілік-практикалық көмек көрсету қызметтерін таныстыру мақсатында жиын өтті.

AFFB790B-D423-4897-AC41-A714559D772E

Жиынның мақсаты - ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне шаруашылықтарында осы заманғы талаптарға сай селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу, мал азығын өндіру, жайылымды тиімді пайдалану, нақты әр шаруашылыққа қажетті сала мамандарын даярлау бойынша кеңес беру.

Жиынға облыс орталығынан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «AGROTECH HUB» жобалық кеңсесінің басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ізімғали Жұбантаев, ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев, «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС, «Суарылмайтын егіншілік және жемшөп өндірісі» бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлеков және ауданымыздың ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілері, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің жетекшілері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын тізгінін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов қолына алды. Сала мамандары бас қосқан жиында саладағы түйткілді мәселелердің шешімдері ұсынылды. Жиында Ізімғали Нұрымұлы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге ғылыми қызмет көрсетуді таныстырса, Амангелді Тұрабайұлы «Мал шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстары мәселелерін шешу бойынша ғылыми-практикалық және консультациялық қызметтер көрсету туралы» және Төлеген Ахметұлы «Егіншілік және жемшөп өндірісі мәселелері бойынша ғылыми-практикалық және консультациялық қызметтер көрсету туралы» баяндама жасады.

72568F22-77D8-4AA2-AFCF-2695812E2765

Олар өз сөздерінде қызметтердің ақылы және тегін кеңес беру түрлерін де баяндады. Сонымен қатар ауылшаруашылық саласына мамандарды даярлау бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Мәселен, Ізімғали Нұрымұлы ауыл шаруашылығына бейімделген оқушыны даярлау және оның Батыс Қазақстан облысынан бөлінген грантқа түсуіне мүмкіндік жасау арқылы маман тапшылығының алдын алуға болатындығын жеткізді. Экономика үшін маңызды салаға бұл - оңтайлы шешімнің бірі. Ал, ауыл шаруашылығы ғаламдарының кандидаты Төлеген Бөлеков жұмыс тобының аудандарға іссапарының мақсатын түсіндіріп, ауыл шаруашылық жерлерін мақсатты игеруге қатысты пікірін білдірді.

-Біздің мақсатымыз – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы қандай ұсыныстарды тауар өндірушілерге бере аламыз, соны таныстыру. Сонымен қатар саланы дамыту технологиясына қатысты сауалдары болса, нақты ақпараттармен бөлісе отырып жауап беру. Біз қазіргі уақытта тағамның сапасын арттыру және облыс тұрғындарын өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде түрлі технологияны қолдана білуіміз керек. Жиын барысында бірқатар маңызды дүниелерді айттық. Соның ішінде сала үшін жемшөптердің, мал шаруашылығының, балық шаруашылығының маңызы зор. Әр аудан саланы дамыту мақсатында өндіру немесе қайта өндіру технологиясын меңгере білуі керек. Осындай тәжірибені қолға алған жағдайда ғана әр аудан ет, сүт, бау-бақша өнімдері және мал азығымен өздерін қамтамасыз етіп қана қоймай, аудан мен облыстың экономикасының ілгерілеуіне септігін тигізеді, - деді ол.

Мамандар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысамын деген азаматтарға қолдау көрсететіндіктерін атап өтті. Дегенмен, қызметтің өзінің құны да бар. Мысалы, мал азығын дайындауды ғылыми қолдау бойынша жайылымға түсетін жүктемені есептеу, шаруашылықта жайылым айналымын және оңтайлы мал жаю технологиясын ұйымдастыру жөнінде кеңес, мал азығын өндіру мен даярлауды ғылыми бағыттау (пішен, жасыл балауса, пішендеме), арпа, ноқат, судан шөбі, құмай біржылдық мал азықтық дақылдарын, еркекшөп, жоңышқа сияқты көпжылдық шөптерді өсіру технологиясын ғылыми бағыттау, шабындықтар мен жайылымдарды беткі және түбегейлі жақсарту жұмыстары бойынша ғылыми кеңес және ғылыми бағыттау, күнбағыс, мақсары майы дақылдарын өсіру технологиясы бойынша ғылыми-кеңес қызметтеріне келісілген бағада жүгіне аласыз. Ал, «мал азығын өндіру мен дайындауды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу шаруашылыққа  мал азығы дақылдарын өсіру технологиясының толық циклін және мал азығын түрлері бойынша дайындау технологиясын сауатты ұйымдастыруға және ауыл шаруашылығы жануарларын толыққанды жемшөппен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті қор құруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «AGROTECH HUB» жобалық кеңсесінің мамандары жайылымдарды мелиорациялау және суландыру, ірі қара мал, жылқы, қой шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстары және алма бағын «кілтке дейін құру» бойынша ғылыми кеңес беріп, химиялық талдау зертханасы, биотехнология және жұқпалы ауруларды балау зертханасы, мал азығын зоотехникалық талдау зертханасы және индустриалды-технологиялық институттың әлеуеті арқылы қызмет көрсете алады.

Университет мамандары ауданымызға жұмыс сапары барысында А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушыларымен кездесті. Бұл жөнінде Казталов аудандық білім беру бөлімінің баспасөз қызметінің маманы Меңдігүл Меңдіғарина мәлімдеме жасады.

- Кездесуге А.Оразбаева ЖОББМ, Казталов мектеп-лицей, Бірік ЖОББМ, Тереңкөл мектеп-бөбекжайы, Бостандық  ЖОББМ оқушылары қатысты. Кездесу барысында  Жәңгір  хан  атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінің білім мен ғылым жолындағы жетістіктері туралы ақпаратты оқушылар қызыға тыңдады. Бітіруші түлектер университеттің тарихы мен бүгіні және болашағы хақында мәліметтермен таныса отырып, өздерінің университет туралы қонымды ойларын ортаға салды. Студенттер контингетін  қалыптастыру орталығының директоры Б.К.Рахымғалиев әр білім беру бағдарламаларының таңдау пәндері мен өткен жылғы ҰБТ ақпараттарымен бөлісіп, университет перспективалары жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, университетте оқудың  артықшылығы жайлы айтып өтті. Кездесу соңында бітіруші түлектер көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алып, бірнеше қосымша мәліметтер берілді, - деді ол.

Ауылшаруашылық мамандарының кеңес беру кездесулері барлық ауданда өткізілмек. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын жандар үшін маңызды кездесу болмақ. Себебі, саланы дамыту құрғақ сөзбен емес, жүйелі жұмыс арқылы жүзеге аспақ. Сондықтан мамандардың ғылыми тұрғыдағы кеңесіне жүгінгеніміз абзал.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале