13.04.2022, 10:44
Оқылды: 46

Ресейден Қазақстанға тасқын су келе жатыр

Сәуірдің 12-сі күні елорда уақытымен 17.40 сағатта Ресей Федерациясы Орынбор облысына қарасты Ташлин ауданы Пустобаев елді мекеніндегі су қоймасының 7-8 метрдей бөгеті бұзылып, тоспа су төменге қарай лап қойды деген суыт хабар келді.

InShot_20220413_081733801

Мәліметтерге қарағанда, бұл қоймада 8 млн т/м су қоры бар. Аққан су Елтышевка өзеніне құйылады. Елтышевка ағып келіп Қазақстан аумағына еніп, Жайық өзеніне жалғанады. Қауіпті аймақта Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Шынар (Чинарев) ауылы тұр.
Шынар ауылында мектеп пен медбекет, шекаралық застава және 82 тұрғын үй бар екен. 223 адам тұрады. Елді мекенде 207 сиыр, 449 қой-ешкі, 2 ат, 530 қаз-үйрек есепке алынған.

Суыт хабар жетісімен батысқазақстандық төтенше қызмет өкілдері шұғыл атқа қонды. Бәйтерек аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы Елтышев өзенінің су деңгейі бақылауға алынды. Шынар ауылы халқына қауіп ескертілді. Жергілікті сағат 19:27-де ауылға құтқарушылардың алғашқы тобы жетті. Ауылды су басқан жағдайда халықты көшіріп, көршілес Январцев ауылдық мәдениет үйіне орналастыру жоспарланды.
Кешкі сағат 20:00 шамасында ауылға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Т. Меңдіғалиев пен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Е. Өтегенов жетті.

InShot_20220413_081722079

Оқиға орнына төтеншеліктердің 13 техникасы, 57 қызметкері, жергілікті әкімдік органдарынан 8 адам, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметіне қарасты «Мұқатай» шекара бекетінен 5 адам, «Жайықмұнай» мекемесінен 1 адам, инженерлік қызмет мекемесінен 2 экскаватор жүргізушісімен, жол және көпір құрылысымен айналысатын «Орал жолдары», «Стартстройсервис», «ШамШин» мекемелерінен бірнеше арнайы техника жұмылдырылды. Әзірленген арнайы техниканың ішінде қайықтар, су сорғыш құралдар да бар.
Түнгі сағат 23:40 шамасында ресейліктер тарапынан су қоймасынан аққан су қарқыны сәл саябырсығаны туралы хабар жеткен.
Шынарлықтар бұл түні көз ілмеді. Ауылда тіркелген 223 адамның 150-дейі ғана бұл жерде тұрақты тұрады екен. Тұрғындар түгел ескертіліп, қауіпсіз жерге, Январцев ауылындағы эвакобекетке орналастырылды. Су келуі ықтимал деген тұста, өзен жағалай құм салынған қаптармен бекітілді. Ауылда тұрғындардан 4 ер адам ғана қалған. «Санжар» шаруа қожалығына тиесілі 250 бас мал қауіпсіз жерге айдалған.

Төтеншеліктердің баспасөз қызметі бізге әлсін-әлі жағдайды хабарлап отыр. Қазір 3 жерде бақылау бекеті орналасып, судың ағысын толық қадағалап отыр.
Оқиға орнында ұялы байланыс желісі әлсіз болып сурет, бейнежазба ала алмай отырмыз. Қосымша жаңалықтарды хабарлаймыз.

Қазбек Құттымұратұлы,

egemen.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале