13.04.2022, 15:30
Оқылды: 43

Елді жергілікті өніммен қамтамасыз етсек

Күнделікті тұрмыста жеміс-жидектерді, көкөністерді жиі қолданамыз. Құдайы қонақ келсе, қысқа сақтап жапқан өнімдердің түр-түрін ашып, алдына тосамыз. Тосап, шырын және тағы басқаларды дайындау ауылдағы ағайынның әдетіне айналғалы қашан. Әттеген-айы, сол өнімдерді әзірлеу үшін қажет көкөніс пен жеміс-жидекті бірталай қаржыға сатып алып жатамыз. Қазіргі кезде өз аулаңыздан немесе өзге аймақтан бақша егемін десеңіз, мүмкіндік мол.

Оз онимдеримизбен елди камтамасыз етсек (5)

Жалпы, елімізде бау-бақша шаруашылығы кенжелеп келеді. Бұл Парламент қабырғасында да сөз болып, депутаттық сауал да жолданған болатын. Сенат депутаты Әли Бектаев бастаған депутаттар тобы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалда бау-бақша өнімдері мен жеміс-жидектер өндірісіне қатысты бірқатар ұсынысты атап өтті. Әлихан Асханұлының жауабы ауылдағы ағайынның шаруашылықпен айналысуына серпін беретіндей. Жауап хат мәтіні мынадай:

«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобада (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №732 қаулысы) (бұдан әрі – Ұлттық жоба) өсімдік шаруашылығын, оның ішінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзімді дамыту жөніндегі шаралар кешені көзделгенін атап өту қажет.

Оз онимдеримизбен елди камтамасыз етсек (2) (2)

Бақ шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басқа дақылдарды өндірушілермен қатар базалық субсидиялар (отырғызу материалы (көшеттер), минералдық тыңайтқыштар, пестицидтер), су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын арзандатуға арналған субсидиялар, инвестициялық субсидиялау, кредит беру сияқты мемлекеттік қолдау түрлерін алуға мүмкіндіктері бар.

Бағбандарды қолдау мақсатында инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларында (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығы) (бұдан әрі – қағидалар) инвестициялық субсидиялау мынадай бағыттар бойынша іске асырылады:

5 гектардан астам жерге қарқынды алма бағын отырғызу;

5 гектардан астам жерге жеміс-жидек дақылдары мен жүзім отырғызу;

ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу;

1000 тоннадан бастап жеміс сақтау орындарын салу және кеңейту;

қуаты сағатына 1 тоннадан астам жеміс/көкөніс өңдеу кәсіпорнын құру және (немесе) жұмыс істеп тұрғанын кеңейту;

суару жүйелерін құру және кеңейту».

Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, салаға қолдау бар. Тек қажыр мен шыдамды қажет ететін шаруашылықпен айналысамын деген жан болса, мүмкіндік молынан. Ал батысқазақстандық тұрғындар өз ауласына бау-бақша өнімдерін егу мақсатымен мемлекеттік грант, жеңілдетілген несие ала алады. 2021 жылдан бастап өңір басшысы Ғали Есқалиевтің бастамасымен облыс көлемінде «Менің аулам – менің бағым» атты жоба жүзеге асырылды. Аталған жобаға ауданымыздан төрт адам қатысып, 2 млн 333 мың 600 теңгеге қол жеткізді. Грант қаражатына олар бизнес жоспары бойынша 24 түп алма, 16 түп өрік, 272 түп таңқурай көшетін және бау-бақшаға керек құрал-саймандар алды. Солардың бірі – Казталов ауданы Көктерек ауылының тұрғыны Жанарбек Ғабдуллин. Ол өткен жылдың сәуір айында мемлекеттік грантқа өтініш беріп, мамырда кәсібін бастаған.

Оз онимдеримизбен елди камтамасыз етсек (4) (1)

– 2021 жылдың мамыр айында картоп егу үшін мемлекеттік грант иелендім. Содан ауыл маңынан 1 гектар жер алып, 1 тонна ресейлік тұқымды картоп ектім. Еңбегім еш болмай, 7-8 тоннаға жуық өнімге қол жеткіздім. Мемлекеттік грантқа тек тұқым ғана емес, суаруға қажет құрал-жабдықтар да алдым. Алғашында өз техникам болмаса да, ауылдағы ағайынның қолдауымен жер жыртып, тұқым септік. Кейін өнім берген соң, ауылға қолжетімді бағада саттым. 1 келісі 150 теңгені құрады. Бір ескеретіні, былтыр картопты кешірек еккен болатынмын, егер жұмысты ертерек бастағанда, бұдан да көп мөлшерде өнім алуға болар ма еді, кім білсін. Жер жыртудан кейінгі қалған тірлікті қолдың күшімен тындырдық. Жалпы, оның техникасының аса күрделілігі жоқ. Картоп егер уақытта арнайы техника алып, сол арқылы тұқымды сеуіп, 80 күннен астам уақыттан соң өнім дайын болды. Сонымен қатар басым көпшілігі картопты айына бір-екі рет суару керектігін айтып жүр, бірақ бұл – қате пікір. Себебі біздің жақтың климаты оған келмейді. Сондықтан аптасына 2-3 мәрте суарып тұрған жөн, – дейді көктеректік Жанарбек Ғабдуллин.

«Менің аулам – менің бағым» жобасы арқылы ауданда өзінің бау-бақшасын жайқалтып, жеміс ағаштарының сан түрін отырғызған да азаматтар бар. Осы ретте Казталов ауылының тұрғыны Ғарифолла Ғабассовтың еңбегін атап өтпеске болмас, сірә?! Тіпті өңіріміздің климаты терек отырғызуға келмейді дегендердің аузына құм құйылуына осы азаматтың еңбекқорлығы себеп болса керек. Өйткені бау-бақшаға келмейтін сары топырақты жердің өзін қарапайым технологиямен игеріп, 100-ден астам терек отырғызған. Қала берді, жеміс-жидек көшеттері ғана емес, 30 жылдық ғұмыры бар қара ағашының өзі маңдай тердің жемісіндей менмұндалап тұр. Кәсібі мен жерді игеру технологиясын ағамыз былайша тарқатты:

«2014 жылдан бері бау-бақша шаруашылығымен шұғылданып келемін. Сол жылы несие мен Мышым деген жерден үш гектар жер алып, бау-бақша өсірумен айналыстым. Қазіргі уақытта осы кәсіпке кіріскеніме сегіз жылға жуықтап қалыпты. Қайсыбір іс болмасын, алғашында қиын көрінері хақ. Дегенмен шешінген судан тайынбасқа салып, еңбек ете білсек, жемісін көреріміз анық. Сол бақшамда 100-ге тарта жеміс-жидек ағашы бар. Жыл сайын өнім алып жүрмін. Ал енді технологиясына тоқталсақ, аса күрделі емес. Мен өз теректерімді жеміс-жидектердің қалдық дәнектерін жерге егу арқылы өсірдім. Базардан сатып алған алма, өрік, шие сынды жемістерден қысқыға азық дайындаған соң дәнектерін ысырап қылмай, жерге ектім. Содан кейін күтімін жасап, бірнеше жылдан соң өнім алдым. Бау-бақша шаруашылығының машақаты осында. Тал-терек еккенде негізінен қателікке ұрынып жатамыз. Мәселен, ауданымыздың жері сары топырақты. Оған не ексек те, өндіріп өнім ала алмаспыз. Сол себепті көктемнің сәуір айларында 50-60 см шамасында екі-үш шелек су көлеміндей жер қазып, сары топырағын алып тастап, қара топырақ пен қорадағы күбірді араластырып шұңқырға салып, талымызды отырғызып, су құюымыз керек. Сосын аптасына екі-үш мезгіл су құйып тұрсақ жеткілікті. Өйткені тал жерден нәр алып, беті құрғақ болғанымен, тамыры арқылы суарылып отырады. Бастысы, алғашқы жылы суды көп мөлшерде құйып, яғни аптасына екі-үш мезгіл суарып, баптауымыз керек. Күнде суару жас шыбықтың қурап қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Бақшамда өрік, қарақат, шие, қара өрік, алма, таңқурай ағаштары бар».

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді қазақ. Дана халықтың еңбекке берер бағасы да өте ерекше. Қытымыр қыстың қыңыр мінезінен арылғанымызға да бір айдан астам уақыт өтті. Көкек айы – қыс қамын ойлайын мезгіл. Сондықтан аудан тұрғындары қолда бардың қадірін біліп, мемлекеттік грант пен несиеге қол жеткізіп, өз өнімдерін сатылымға шығарса, әр аула өз-өзін ғана емес, бүкіл ауданды жеміс-жидек және бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқары жетері анық. Қазірдің өзінде импортқа тәуелді болып отырған бұл саланы тәуелділіктен арылтып, өзгелерге үлгі көрсетуімізге кедергі жоқтың қасы.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале