Биыл ән өнерінде атақ-даңқы айдай әлемге белгілі КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев майдан даласында ән салған Роза Бағланова күні бүгінге дейін еліміздегі және шетелдегі әнсүйер қауымға кеңінен танымал екендігін, оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Осынау үлкен мерейтойға байланысты Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ән падишасы» атты концерт өтті. Ән кеші басталар алдында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының ақпарат бөлімі жетекшісі Олжас Сейтимов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атаулы дата тізбегінде Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын арнайы атап өтуге тапсырма берілгенін айтты.
Әншінің мерейтойы бүгінгі таңда республика көлемінде тойлануда. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен бүгін осы қазақ драма театрында Роза Бағлановаға арналған концертті өткізуді межелеген едік. Концертті филармонияның көркемдік жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов жоспарлап, әрледі.
-Кештің «Ән падишасы» деп аталуының өзі Роза апамызға халықтың берген лайықты бағасы деп ойлаймын. Ол сонауҰлы Отан соғысы жылдарында майдан шебінде ән салып, кеңес адамдарының рухын көтерді. Одан кейінгі жылдарда да қазақ ән өнерінің қарыштап дамуына зор үлес қосты. Жыл басынан әншіге арналған үш бейнебаян түсірдік. Жыл соңына дейін бірнеше бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз, – деді Олжас өз сөзінде.
Концертте атақты әншінің репертуарындағы 1940-1980 жылдар аралығындағы кеңес және қазақ композиторларының халық арасында кеңінен таралған шығармалары шырқалды. Қазақтың күміс көмей әншісі Роза Тәжібайқызының ұдайы орындайтын әндерінің бір тобы – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ-кеңес композиторларының әндері болып саналады. Осы орайда облыстық филармонияның бір топ әнші-ару қыздары соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Роза апалары шырқаған әндерді сазына, мәнеріне келтіре төгілте шырқады. Мәселен, ақын Асқар Лекеровтың сөзіне жазылған қазақтың көрнекті комозиторы Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» әні соғыс кезінде әрбір жауынгерге рух берді. Сол кезеңде шығып, алдына қойған өз міндетін толық орындаған бұл туындыны филармония әншісі, республикалық конкурстың лауреаты Айда Ғабдиева бүгінгі күннің елжандылық келбетіне келтіріп, ойдағыдай орындап шықты.
Сондай-ақ 1957 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалі кезінде аты әлемге әйгілі «Москва маңының кештері» атты шедевр ән шығарған композитор Василий Соловьев Седой соғыс жылдарында Роза Тәжібайқызының орындауына әдейі арнап, «На солнечной поляночка» әнін өмірге әкелді. Осы әнді өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері көңілі ояу әнсүйер қауым радиодан, теледидардан талай тыңдап, аталған әннің жауынгерлерге қанат бітіріп, болашаққа деген сенімін нығайтқанына көзін жеткізгенін мойындаған болатын. ҚР мәдениет саласының үздігі Ақсұлу Жұмалиеваның орындауында аталған ән жаңаша қырынан көрініп, көрермендерді жеңіл де ойнақы әуенімен баурап алды. 1943 жылы экранға жол тартқан «Два бойца» фильмінде айтылатын композитор Никита Богословскийдің «Темная ночь» лирикалық әнін белгілі әнші Марк Бернестің орындауында алғаш естіген едік. Бұл әннің сөзін жазған ақын Сергей Агатов Роза апамызбен майданда бірге болған. Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, Кеңес үкіметі кезінде М.Бернестің орындауында мың сан рет естіген осы туындының тұсауын тұңғыш кескен қазақ әншісі Р. Бағланова екен. Ұрыс даласында Роза апамыз шырқаған әнді республикалық конкурстардың лауреаты Ардақ Айғалиева нақышына келтіре орындағанда аталған кинодағы таныс көріністер көз алдымызға келе қалды.
Роза Бағланованың атын дүние жүзіне танытқан «Ах, Самара-городок» әні. Әнді кезінде танымал әнші Лидия Русланова да шырқаған. Бірақ Роза апамыздың төлқұжатына айналған осынау әнді әсерлі де, құлаққа жағымды етіп орындаған әнші болмады. Бүгінде облысымызға танымал әнші, ҚР мәдениет саласының үздігі Дария Бақытова қазақ ән падишасының баға жетпес «Ах, Самара-городок» әнін сазы, ырғағы мен мәнеріне сай шеберлікпен орындады. Концерт барысында, сондай-ақ Роза Тәжібайқызының репертуарындағы халық әндері «Ақ тамақ», «Еркем-ай», композитор Әбілахат Еспаевтың «Қыз қуу», Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғайым», «Асыл арман», «Айналайын», «Әдемі-ау», Евгений Брусиловскийдің «Қыз арманы», Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», Төлеген Мұхамбетжановтың «Іңкәрім» әндерін ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, ҚР мәдениет саласының үздіктері Майра Хайдарова, Ақмарал Ахметова, республикалық конкурстардың лауреаттары Айдана Ажығалиева, Айым Шекеева, Гүлназ Ғиниятова, сондай-ақ Наргиза Сүлейменова секілді филармония әншілері құлақ құрышын қандыра тамылжыта шырқады. Роза Бағланованың репертуарындағы әр әнді әншілер шырқаған кезде мағынасына, мазмұнына қарай сахна көркі де түрленіп, орындалған музыкалық туындылармен ғажап үндестік, үйлесімділік тапты.
Сол сияқты әр әннің өзіндік мәнін «Назерке» халық биі ансамблі бимен нәрлеп, «Орал сазы» фольклорлық және «Ән қанаты» дыбысты-аспапты ансамбльдері қазақ-кеңес композиторларының шедевр іспеттес музыкалық туындыларын сүйемелдеп отырды. Ән кешінде, сондай-ақ «Step up» би тобы өнер көрсетсе, әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев жеті шекті гитарада әсем әуендерді төгілдіре шертті.
Кеш соңында қоғам қайраткері, Орал қаласының құрметті азаматы, «Зерде» («Память») қоғамдық қорының төрағасы, Роза Бағланованың бөле інісі Қуанышбай Төлебаев сахнаға шығып, концертті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ұлы әнші 54 шетелге барып, қазақ өнерін әлемге танытты. Бүгінгі концерттен үлкен әсер алдық. Әнші қыздардың орындауында Роза Бағланованың репертуарындағы шырқаған әндерін тыңдап, шаттыққа, шабытқа бөленіп, апамыз біздің ортамызда болғандай күй кештік, – дей келіп, ол өзі басқаратын қордың атынан филармония әншілері мен басшыларына алғысхат табыс етті.
Концертке келген көрермендер де ән падишасына арналған кештен көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz