Жыр толғаса қалың жұрттың құлақ құрышы қанатын, аламан айтыста қара үздіріп шабатын, ән салса Мұхит бабамыздай әуелетіп салатын Қатимолла Бердіғалиевті қалың көрермен әрдайым іздеп жүретіні рас.
Теректінің төріне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын, әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиев пен белгілі ақын Сәрсенғали Бисенғалиев келді.
Өнер иелерін аудан әкімі Тілек Габдушев арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар қазақы дәстүр бойынша термешінің иығына шапан жауып, ыстық ықыласын білдірді.
Табиғи талант иесінің кең диапазонды, әдемі де ырғақты дауыспен салған әндері тыңдаушы жүрегін еріксіз елең еткізіп, жүрегінен жол табатыны әмбеге аян. Жалпы әншінің репертуары өте бай. Қазақтың халық әндері, Мұхиттың, Ғ.Құрманғалиевтің кең тынысты қажет ететін әндерімен қатар, терең философиялық мән-мағынаға толы өткен ғасырлардың Бұхар, Базар, Қашаған т.б. көптеген жыраулардың терме жырлары, халық композиторларының әндері бар.
Аудан басшылығымен жүздесуден соң өнер иесі аудандық мәдениет үйінде «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырын жырлады.
Жыр мазмұны махаббатқа негізделген. Әпкелі-сіңілі арулардың тағдыры, Айманның тапқырлығы мен өжеттілігіне арқау болған дастан әсерлі өрбіді. Бірін-бірі сүйген Айман мен Әлібектің қосылуы, Шолпанның Арыстанмен жұп болуы — жыр мазмұнын әдемі аяқтады.
Екі сағатқа жуық жырлаған термешіні көрермендер тапжылмай отырып тыңдап, жылы лебіздерін жеткізді.
Балнұр Қуанышқызы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz