18.04.2022, 11:00
Оқылды: 41

Прокуратура пәрмені күшейді

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері негізінде прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің  ара­жі­гін ажырата отырып, үш буынды модельге байланысты кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені көпке мәлім. Мұндай жаңа институттарды құру – қылмыстық сот өндірісін жеңілдетуге және тездетуге, азамат­тардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау тиімділігін жоғарылатуға әрі оны жетілдіруге негіз береді. Мәселен, аталмыш жаңа заңға сәйкес прокуратураның қылмыстық істі тергеп-тексерудегі жауапкершілік жүгі екі есе артып, негізгі шешімдер прокурордың келісімімен және бекітуімен жүзеге асырылуда. Ендігі жерде күдікті деп тану, оның әрекеті мен қылмыстық құқықбұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімін үзу туралы шешімдер де прокурордың ке­лісімімен жасалады. Сонымен бірге прокурор бұйрықтық іс жүргізуді, теріс қылық хаттамасын, ауыр қылмыс санатына дейінгі айыптау актісін және қылмыстық істі тоқтату жөніндегі қаулыны бекітеді. Аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша айыптау актісін жазу да прокуратураның еншісіндегі міндет.

19

Фото дереккөзі: sn.kz 

Жалпы, прокурордың айыптау актісі: кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады. Нақтырақ айтсақ, кіріспе бөлігінде айыптау актісі жасалып жатқан адамды сипаттайтын өзге де мәліметтер және оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасы, оның әрекеттері сараланатын қылмыстық заңның бабы, бөлігі мен тармақтары жазылады. Ал сипаттау-уәждеу бөліктерінде айыптаудың мәні, қылмыстың жасалған орны мен уақыты, оның тәсілдері, себептері, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар, жәбірленуші туралы мәліметтер, айыпталушының кінәлілігін растайтын дәлелдемелер және осы дәлелдерді тексеру нәтижелері баяндалады. Енді айыптау актісінің қарар бөлігінде айыпталушының тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оған тағылып отырған қылмыстық заңның нақты бабы, айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі соттылығы бойынша сотқа жіберу туралы шешім көрсетіледі. Мұның сыртында сот отырысы­на ша­қырылуға жататын адамдардың тізімі (қосымша ретінде) көрсетіледі.

Қорыта айтқанда, бұл аталған өзгерістер азаматтардың, соның ішінде күдіктінің де, жәбірленушінің де конституциялық құқықтарын қорғауға және  қылмыстық үдерістің шеңберіне  негізсіз  тарту деректерін болдырмауға, жалпы тергеп-тексерудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Талғат Бисенов,

Орал қалалық прокуратурасының

бөлім прокуроры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале