20.04.2022, 12:45
Оқылды: 8

Енжарлық танытпаса дейміз

Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен және «Достық үйінің» қолдауымен Ақсай қаласындағы мектеп оқушылары (қыздар) арасында «BAYAN SULU» бұрымдылар байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақ қыз балаларының бойына қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сіңіру.

23

Шара жоғары деңгейде өтті. Бір өкініштісі байқауға бар-жоғы 4 бұрымды қатысты. Қала орталығында 8 мектеп бар болса, демек оның жартысының қатыспағаны. Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Ботакөз Байқадамова өз кезегінде: «Байқау ережесін барлық мектептерге жолдап, мамандар да хабарласып, түсіндірген болатын. Бірақ «жастар ғой» дей ме білмедік, жүре тыңдап, соңында осындай көрсеткіш болады»- деген қынжылысын жасырмады.

22

Сонымен жауапкершілік алып байқауға қатысқан Ақсай қаласындағы №1, 2, 5, 6 ЖОББМ арулары өздерін таныстырып, салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беріп, өз шаш күтімдерінің құпияларымен бөлісіп, қала берді өнерлерін орта салды.

Қазылар алқасының шешімімен сынға түскен арулар бағаланып, марапатталды.

21

I орын иегері № 6 Мектеп лицейінің аруы Жанайым Сафаргалиева, II орын иегері № 1 МББК-нің сұлуы Жанаргүл Жанзакова, III орын иегері № 2 ЖОББМ-нің қара көзі Алина Тұрғанбаева иеленді. Ал №5 ЖОББМ-нің бұрымдысы Мадина Ералиева «Көрермендер көзайымы» атанды.

Біз де жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұрымдылар байқауын тамашалап, бір демалып қалдық десек болады. Және осындай байқауларға қатысушылар да жауапкершілікпен қарап, қыз балаларымызды ұлттық тәрбиеге баулу жолында енжарлық танытпаса екен дейміз.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале