20.04.2022, 19:10
Оқылды: 138

Ауыл көркі – тазалық

Қыста да, жазда да жиналмайтын қоқыс тақырыбы қашан да өзекті. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір ауыл тұрғынының міндеті. Айналасын таза ұстау тәрбиеге байланысты десек артық айтпаған болармыз. Дүкен сөрелерінде толған азық-түлік, сусындар тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке салынған. Сол қорап, пакеттерді адамдар көбіне дүкен жанына, көше бойына қоқыс жәшігіне салмай, аяқ астына тастай салатындарды да көзіміз шалып жүр. Әр үйден шыққан қоқыс қалдықтары қоқыс жәшігіне салынбай жанында шашылып жатаныны рас.

0A3DA1C5-CEDC-4D20-9124-A241A8597296

Мысалы екі қабатты үйлер орналасқан аулада қоқыс жәшіктері қойылған. Бірақ жанына барсаң, қоқыс қалдығының түр-түрін көруге болады. Сол маңда тұратын тұрғындар қоқысты жәшікке салмай ма, әлде қоқыс уақтылы тазаланбай ма деген ойға қаласың. Жанында балалар ойнайтын кішігірім алаңқай және балабақша орналасқан. Осы жерде жиі қоқыс қалдықтары шашылып жатады. Үнемі қоқыс тастауға барғанда көретінім қара пакеттердің парша-паршасы шығып, ішіндегі қоқыс қалдықтарын қаңғыбас иттер талап, тіпті малдың өзі қоқыс жәшігін аралап жатады. Міне сол жәшік жанында балалар асыр салып ойнайды. Күл-қоқыс жанында ойнаған балаларымыздың денсаулығы не болмақ? Тазалықтың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екені әлемді шарпыған індетпен күресте айқын көрінді. Бірақ, осыны біле тұра табалдырықтан басталатын тазалықты өзімізді қоршаған ортада сақтай бермейміз. Жалпы тазалық жайына келгенде бұл мәселе жөнінде айта-айта ауыз шаршағаны шындық. Ауылдың күйі тазалық мәселесіне келгенде ақсап тұрғаны жасырын емес. Бірден-бір себеп – өзіміздің салғырттығымыз деп ойлаймын. Алдыңғы апта сенбіліктің болғаны белгілі. Нәтижесі көңіл көншітеді. Біршама жер тазаланғаны көрініп-ақ тұр. Дегенмен кей көшелерде ағаш қиындылары, қоқыс қалдықтары үюлі жатқанын көруге болады.

Осы орайда Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапановқа сұрақтарымызды қойған едік.

6C374E02-251B-482C-9F56-10071D122370

Ауыл тазалығы – күн тәртібіндегі мәселе

- Жаңақала ауылдық округінде 9200-дің үстінде халық бар, 80 көшеміз бар. Барлық көше тазалығын қамтамасыз етуге ауылдық округіне жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық жұмыспен 5 ер адам, 21 әйел адам жұмыс атқарады. Ер адамдардың көбіне саябақтардың тазалығы жүктелсе, көшелерді, аулаларды тазалау әйел адамдарға тапсырылған. Олардың әрқайсысына 2-3 көшеден бекітіліп берілді. Көктем уақыты болғасын қар астынан шыққан қоқыс қалдықтары пакеттер, пластикалық бөтелкелер көптеп шығып жатыр. Енді барынша тазалап, жинақтап жатыр. Осы кезекте аудан әкімінің қаулысымен бір айлық сенбілік өткізу жоспарланған болатын. Ауылдың жан-жағында қоқыстар көп. Соны шама-шарқымыз жеткенше жинақтауға, тисті дәрежеде ұстап тұру үшін қызмет жасап жатырмыз. Ауыл тұрғындары тұрмыстық қалдықтардың өртеуге келетіндерін өртеп, цалафан пакеттер, пластикалық бөтелкелерді шашпай сенбілік айлығына байланысты бір кісідей ауыл тазалығын сақтауға шақырамын. Жалпы ауылдық округте 57 қоқыс жәшігі қойылған. Бұлар көп қабатты үйлер аулаларында, мемлекеттің меншігіндегі үйлердің аулаларында тұр. Жылдың басында қаражат бөлініп, қоқысты шығарып отыруға мердігер анықтадық. А.Мырзақұлов басшылық ететін «Фурор» меншік иесі аптасына 2 рет қоқыс шығару жұмыстарын жүргізіп келеді. Қиындық туғызып отырғаны қоқысты шығаруға халық 1 теңге де төлемейді. Барлығын мемлекет шығарып отыр. Жалпы мемлекет шығаруға тиісті емес. Бұл жерде бір сұрақ шешілмей отыр. Қоқыс шығаруға тариф бекітілмей отырғандығы. Оны бекітіп, бізге жолдайтын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Бірақ қазіргі уақытта ауданда бекітілген жоқ. Тариф бекітілсе, біріншіден ауыл шетіндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін қоқыс полигоны жеке сенімгерлік басқаруға беріледі. Ол басқаруға берілгеннен кейін ауылдың ішіндегі қоқыстарды уақытында шығаруға жұмыстанатын болады.

FED3689A-5ED0-48E8-9F8E-AB8457C49BF3

«Ауылына қарап азаматын таны» деген мақал бар. Ауылымыздың тазалығын басты назарда ұстап отырамыз. Таңғы сағат 8.00-ден 9.00 жұмыс уақыты басталғанша көшелерді аралап, тазалығын ақылы қоғамдық жұмыстың қызметкерлеріне ескертіп отырамын. Ауыл тұрғындарына көп нәрсе байланысты. Ауыл тұрғындары тазалыққа мән берсе, күл-қоқыстар шашылмайды. Тұрғындардан сұрарым тазалықты әркім өз ауласынан бастаса деймін. Көп адамдар қыстан шыққан малдың қалдықтарын төгуге жұмыстанбай жатыр. Мамыр айында тиісті полиция қызметкерлері мен әкімдік қызметкерлері бірлесе тексеріс жүргіземіз.

Ең белең алып отырған мәселе – теректерді кесіп, қалдықтарын қоқыс жәшігі айналасына тастап кетеді. Келісімшартқа отырған мердігер контейнер ішіндегі қоқысты шығаруға міндетті. Терек қалдықтарын халық өздері шығуы керек. Осы мәселерге байланысты түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді А.Болатұлы.

Тазалық -  табалдырықтан

Ауыл – ортақ үйіміз. Сондықтан оның көркейіп гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, тазалықты сақтауы қажет. Ауыл тұрғыны Перизат Қабденнің де айтары бар.

- Тазалықты адам өзінен бастау керек. Адам төңірегін таза ұстап,  гүлдендеру әркімнің өз қолында деп ойлаймын. Екі қабатты үйде тұрып жатқаныма 3 жылдан асты. Бұл жерде екі қабатты үйлер көп орналасқан. Ауламызда контейнер бар. Бірақ үнемі шашылып жатады. Тұрғындардың көпшілігі контейнерге салуға ерініп, жанына тастай салады. Контейнерге салмақ түгілі, үйдің жандарына қара пакет тастап кеткенді көзіміз көріп жүр. Әрине тұрғындарды кінәлаудан аулақпын. Қоқыс уақтылы тазаланады деп айта алмаймын. Бір-екі рет түтіндетіп өртеп жатқанын көрдім. Шашылып жатқан қоқысқа иттер мен мысықтар үйір. Тіпті малдың кіріп кетіп, қоқысты аралайтыны да бар. Осы жануарлардан кене секілді жәндіктер,  түрлі жұқпалы аурулар жанындағы алаңқайда ойнаған балаларға жұғу қаупі туындауы мүмкін. Алдағы күндері сенбілікке шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Whatsapр желісінде көршілер болып тазалық күнін ақылдасып отырамыз. Тазалықты сақтау – денсаулығымыздың кепілі. Сол себепті тазалықты өз үйімізден бастайық дегім келеді – дейді жас ана.

Ауыл көркі – өз көркің

Жалпы ауыл тазалығына мемлекеттік қызметкерлер сенбілікке шығып, бір кісідей атсалыстық. Ауыл сыртындағы қоқыс төгетін полигонның айналасы ақ полиэтилен пакеттер, балалар  жөргектері, бөтелкелермен толып тұр, тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес. Қоқыстардың шашылуына осы жердің тұрғындарының да ықпалы бар деп ойлаймын. Ауыл тазалығына мән беру тек әкімдіктің немесе құзырлы орындардың шаруасы емес. Қанша жерден айтылып жатқан мәселе болғанымен, айналып соғып алдымыздан шыға беретіні анық.

Түйін:

Тазалық  жүрдім-бардым қарайтын нәрсе емес. Мұнда үлкен тәрбие бастауы, мәдениеттілік жатыр. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулық кепілі тазалық екенін ұмытпағанымыз жөн. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Ауылдың ажары оның әрбір тұрғынына, үлкенді-кішілі кәсіпорын-мекемелердің ұжымдарына қатысты екенін аңғартады. Ендеше, ауыл тазалығына жұмылған жұдырықтай ауызбіршілік танытып, баса назар аудару қажет деп есептеймін. Өскелең ұрпағымыздың денсаулығы маңызды болса, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!

Арайлым Айденова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале