21.04.2022, 11:15
Оқылды: 193

Көпжасарлықтардың жағдайы қашан реттелмек?

Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жылдан асса, Жаңақала ауданының қайта құрылғанына жарты ғасыр, яғни биыл 50 жыл толып отыр. Алайда ауданымыз былай тұрсын, ауданға қарасты ауылдық округ, қала берді, елді мекендердің жағдайы әлі күнге дейін мәз емес. Бұған біз кезекті іссапармен ауылдарды аралау барысында куә болдық. Өз көзімізбен көріп, ауылдағы жағдайдан шошығанымызды жасырмаймыз. Сықырлап тесілген еден, жамау терезе, жауын кезінде тамшылап, сарғайған қабырға мен төбе... Іргетасы үгіліп, қабырғалары сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдындағы күңіренген ғимарат... Соған қарамастан, жауапты жандардың шешімін күтіп, амалдың жоқтығынан, нанын тауып отырған қызметкерлер ескі бөренеге үреймен қарап қызмет етуде. Ескі ертегі не қорқынышты фильм секілді елестейді, иә?! Әрі қарай суреттер сөйлесін.

8

Бұл - біз тұратын аудандағы һәм ауылдардағы біраз адамның бастан кешіп жүрген тіршілігі. Ыстық су мен суық суды қоспағанда, жылу мен жарық мәселесінің өзі атүсті шешілсе, тіпті кейбір жерде бұл атымен жоқ. Сырттай көрген жанға «Бұл мекемеде адам жұмыс істей ме өзі?» деген сұрақ еріксіз келіп, саналы кісіні қынжылтпай қоймайды. Десек те, осы күйді кешіп, күнкөріс қамын жасап жүрген жерлестеріміз қаншама?! Біз айтып отырған мекен – Көпжасар ауылдық округі мен сол округке қарасты Салтанат, Саралжын елді мекендерінің тыныс-тіршілігі. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рухолла Саматовтың басшылығымен, қоғамдық кеңестің мүшелері Ақнұрлы Еслямғалиева, Қуат Жарасұлы, Қамбар Каменов, Ғалымжан Рахметов аталған округ пен елді мекендердің мекемелеріне бас сұқты.

«10 жылдық мәселеміз әлі тұр»

Алдымен ауылдық «Көпжасар» балабақшасына кіріп, түгел танысып шықтық. Осы орайда «Көпжасар» балабақшасының меңгерушісі Айман Хайреденова ұзақ жылдардан шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерді тізбектеп айтты.

6

- Ең өзекті мәселелеріміздің бірі – жылу жүйесі. Шешілмей келе жатқанына 10 жылдан асты. Бұрынғы аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин былтыр мәселемізді шешкісі келді. Алайда барлығы қаражатқа келіп тірелгендіктен, бітпей қалды. Ал балабақша терезелерінің ашылмағанына қазіргі таңда 8 жыл болды. Әйнектері шіріп, бітіп тұр. Терезелерінің өлшемдерін түгел есептеп бердім. Оған да 5 млн.теңге шамасында қаражат керек. Бұл мәселені де шешуге жұмыстанып жатырмыз. Кәріз жүйесін де бухгалтерге есептетіп қойдым. Үйлессе, сол қаражатқа оңдатып қараймыз, - деді А.Хайреденова.

Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері аталмыш балабақшадан шығып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанындағы интернатты, одан әрі Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ, Көпжасар дәрігерлік амбулаториясын, мәдениет үйін аралап мәселелерін түртіп алды. Елді мекендерге де атбасын бұрып, мектеп, кітапхана, дәрігерлік амбулаторияны толықтай қарап шықты.

7

«Ауылдарға да көңіл бөлу керек»

- Көпжасар ауылына қарасты Д.Нұрпейсова атындағы жалпы білім беретін мектебінің жағдайы ішкі және сыртқы келбеті көңіл қанағаттандырмайды. Мектепке жаны ашитын басшылардың жоқтығын бірден байқауға болады. Мектеп көп жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген, спорт залы, оқу бөлмелерінің жағдайлары өте төмен. Мектеп ауласында салынған жылыжайдың тозығы жетіп, ырым-жырым, тесіліп қалған. Бұны  қолға алатын биология пәні мұғалімі не шаруашылық меңгерушісі жоқ. Есіл далаға кеткен бюджет қаржысы деп ойлайсың.

Балабақшасында 4 топта 74 бала тәрбиеленеді. 15-20 жылдан бергі жыр болып келе жатқан - жылу жүйесі мен сыртқы терезелері. Қыс мезгілінде ғимараттың салқын болатынын айта отырып, өздеріне бөлек жылу қазандығын қоюды және терезелерін заманауи пластик терезеге айналдыруды сұрайды. Балалар жуынатын қол жуғыштар, дәретхана жұмыс жасамайды. Бөбектердің жуынатын сулары жылытылмайды. Бір су жылытқыш  қою қиын болды ма екен?! Бұл – жанашыр білім басшыларының жоқтығы. Электр жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды.

5

Салтанат елді мекенінде ораласқан медициналық амбулатория жағдайымен де таныстық. Бір жыл көлемінде аудандық аурухана басшылығынан ешкім келіп жағдайларын біліп, керекті шаруашылық заттармен қамтамасыз етілмеген. Медпункттің ғимараты қай мекеменің теңгерімінде екені белгісіз. Саралжын елді мекенінің бастауыш мектебінде 6 бала білім алуда. Мектептері таза, оқушыларға толық білім алуға жағдай жасалған. Ауылдың кітапханасы авариалық жағдайда. Кітап қоры жеткілікті. Бірақ ғимаратта жұмыс істеу мүмкін емес. Ауылдың электр желісі тозған, электр бағандары құлайын деп тұр. Айтпағымыз, осындай кемшіліктерді түзету сол мекемелерге тиісті басшылардың салғырттығы ма, әлде жауапкершіліктерінің жоқтығы ма, түсініксіз жәйт. Ауылдарға да көңіл бөлу керектігін естен шығармаған дұрыс, - деп аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рухолла Аманғалиұлы басқарма басшыларына барып, қажетті жұмыстарды атқарып, жұмыстанатынын жеткізді.

Түйін:

Айта кетейік, өткен аптада аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Бірлік ауылдық округіне іссапармен барған еді. Мұны газетіміздің №15 санында «Алақандай ауылдың мәселесі аз емес» атты тақырыпта мәселе жариялаған едік. Нәтижесінде ауылдың ішінде бұзылып тұрған электр жүйелері мен бағаналары қондырылып, бұдан басқа да кейбір мәселелер шешімін тапқан болатын. Сол секілді біз барған ауылдың да өзекті мәселелері аяқсыз қалмай, қолдан келген істер шешімін тапса екен дейміз.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале