Футболдан Қазақстан чемпионатының жетінші турында «Шахтер» Қарағандыда Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған дейін қарсыластар өзара 26 кездесу өткізіп, соның 18-інде «Шахтер», бесеуінде «Ақжайық» басым түскен еді. 3 матч тең аяқталған.
Өткен жылы «Ақжайық» сырт алаңда 2:1 есебімен ұтса, Оралда командалар тең тарқасқан (1:1) болатын.
Мұның алдында биылғы чемпионатта қатарынан екі рет жеңіске жеткен «Ақжайық» өз құрамын өзгерте қойған жоқ. Өткен турда Таразда ұтылып қалған «Шахтерге» 3 ұпай ауадай қажет еді.
Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылдап баққанымен, есеп ашылған жоқ.
Ойынның екінші кезеңінде қарымта шабуылдан кейін 74-минутта қақпашы Игорь Шацкиймен бетпе-бет шыққан «Ақжайық» сапындағы грузиялық легионер Лука Имнадзе есеп ашты – 1:0. Бұдан кейін алаң иелері қанша тырысқанымен, таразы басын теңестіре алмады.
Осылайша, қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізген украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері 10 ұпай жинап, турнир кестесінде 7-орынға көтерілді.
«Ақжайықтың» қақпашысы, ресейлік Степан Сикач төртінші матч қатарынан өз қақпасына гол өткізген жоқ.
Келесі турда - 27 сәуірде қарағандылықтар Ақтауда «Каспиймен» шеберлік байқасса, оралдықтар өз алаңында «Ақсуды» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионы «Тобылдың» «Атыраудан» жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, Қазақстан біріншілігінде «Астана» «Каспийді» ірі есеппен жеңді.