Өткен жылы Бәйтерек ауданының жергілікті атқарушы билік құрылымына жеке және заңды тұлғалардан 2273 өтініш түсті. Оның 1148-і жер және жерді пайдалануға, 250-і еңбек және халықты жұмыспен қамтуға, 382-сі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуге, 446-сы халықтың жалпы тұрмысына қатысты болса, қалғаны өзге мәселелер бойынша. Соның 980-і қанағаттанарлық шешім тапты, 1123-не түсініктеме берілді. Мәселенің сипаты бойынша 170-і тиісті органдарға жолданған. Бұл туралы облыс әкімінің Бәйтерек ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде аудан әкімі Марат Тоқжанов мәлім етті.
-Жыл басында аудандағы барлық 22 ауылдық округтің халқымен кездесіп, есеп бердім. Тұрғындар ауылішілік және кіреберіс жолдардың жөнделуі, әлеуметтік нысандар салу және күрделі жөндеу, мобильді байланыс нашарлығы, су тарту, газ өткізу, электр желілері мен бағандарының тозғандығы, көшелерді жарықтандыру, өзге де әлеуметтік маңызды мәселелер көтерді. Бүгінге дейін 28 мәселе шешімін тапса, 46 ұсыныс жыл жоспарына енгізілді, қалған 34 мәселенің шешімі қарастырылатын болады,-деген Марат Лұқпанұлы аудан бойынша Дариян, Переметный, Достық, Трекин, Үлкен Шаған, Махамбет ауылдарынан 2 қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй салуға құжаттар дайын екенін жеткізді. Қазір жобаның қаржыландыру ережесі нақтылануда. Биыл осы үйлер салынатын жерлерге инфрақұрылым тарту жұмыстары басталады.
Сондай-ақ Володар ауылында су құбырының құрылысы, тұрғын үй алабын газбен жабдықтау жұмыстары жүргізілмекші. Калинин ауылында да тұрғын үй алабы газбен жабдықталмақшы. Сонымен қатар аудан бойынша 6 ауылға ішкі жол, 9 ауылға кіреберіс жол салу жобасы дайын.
«Жоғарыда аталған өтпелі жобалар мен биылғы жоспар нақты іске асқан кезде аудан халқының әлеуеті артып, экономикалық өсім қарқын алмақ,-деді аудан басшысы.-Ең алдымен берекелі бірлігімізге бекем болып, еңбек қоғамынан табылайық».
Сәкен Әбілхалықов,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz