Сәуір айының 22-сі күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Халықаралық Қазақ тілі қоғамының БҚО филиалы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық жазу реформасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық офлайн/онлайн конференциясын өткізді.
Аталмыш мәжілісте ұлт ұстазының сан салалы ғылыми еңбектерінің маңызы өскелең ұрпаққа түсіндіріліп, бүгінгі қазақ әліпбиінің түйткілді мәселелері талқыланды және этномәдени білім беру мен ұлттық мектеп идеясы, түркі дүниесінің жазу тарихы секілді ауқымды тақырыптар да қозғалды.
Конференцияның модераторы қызметін ф.ғ.д., профессор Мұрат Бөкенбайұлы атқарса, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Смадинқызы келген меймандарға қош келдіңіз айтты. Мінбердегі алғашқы баяндаманы педагогика ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы БҚУ профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Сатыбайұлы жасады. Көпшілікке тарқата түсіндірген тақырыбы – «Ахметтану: Ұлт ұстазының қайраткерлігі, шығармашылық тұлғасы және білім әдістемесі мен оқыту технологиясының сатылары».
Баяндама барысында Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын жаңа заманға сай қылып оқыту мәселесі көтерілді. Сондай-ақ конференцияға Zoom платформасы арқылы Түркия Республикасының Ыстамбұл шаһарынан ғылым доктор (PhD), 29 Майс университетінің профессоры Гөксәл Өзтүрік мырза қатысып, «Түркілердің көне дәуірден бастап бүгінгі күнімізге дейін қолданған алфавиттері» туралы ғылыми тұжырымдарын ортаға салды. Келесі кезекте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Бекмырзақызы сөз алып, «А.Байтұрсынұлының қағидаларының өміршеңдігі» туралы құнды ой-пікірлерін студенттер мен ғалымдар қауымына ұсынса, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Алтайұлы «А.Байтұрсынұлы қисыны және бүгінгі емленің бір мәселесі» деген баяндамасында қазақ емлесінің өзекті мәселелерін талдап көрсетті. Ал Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Өтеғалиұлы «Қазақ жазу реформасы және А.Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге қатысты қағидалары» баяндамасында бүгінгі таңда әзірленіп жатқан латын қаріпті қазақ әліпбиінің түйткілді мәселелерін ашық талқыға салып, өзіндік ой-пікірлерін көпшілікпен бөлісті. Конференцияға Алматы қаласынан онлайн түрде қатысқан филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік тілдерді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Сейсенбекұлы «А.Байтұрсынұлының бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары» жайында ой қозғап, бүгінгі қазақ мектебінің күрделі мәселелерін сынай отырып талқыға салды.
Тың тұжырымдарын ұсынды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласынан қатысқан филология ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Нұрбол Абдуллаұлы «А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі қазақ әліпбиінің мәселелері» атты баяндамасында Ұлт ұстазының аса өзекті пікірлерін бүгінде ескеру маңызды екенін айтты.
Конференцияны профессор Мұрат Сабыр қорытындылап, «Ел – бүгіншіл, ал менікі ертеңгі үшін» деп кеткен Байтұрсынұлының феномен екенін айта келіп, оның ағартушылық, ұлтшылдық, елшілдік бағытындағы ұстанымдарына адал болуға шақырды. Ғылыми қауым, жас ғалымдар мен оқытушы ұстаздар қатысып, студенттер бой көрсеткен мәжіліс жоғары деңгейде өтті.
Нұртілеу Қадырқұл,
zhaikpress.kz