28.04.2022, 11:00
Оқылды: 196

Арғымақ баптаған азамат

«Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес!..»

Доспамбет жырау

Қазақ – көшпелі халық. Сондықтан да жылқы түлігін басқа малдан жоғары бағалап, жанына серік еткен. Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров қазақ үшін жылқы «Мінсе – ат, ішсе – қымыз, жесе – қазы...» десе, этнограф Жағда Бабалықұлы «Қазақ тарихы – жылқы тарихы» деген екен. Сол сияқты «Ерте дәуірде жылқы мінген көшпелілер қазіргі ядролық қаруы бар мемлекеттер сияқты қуатты болған» деп жазыпты әйгілі археолог Кемел Ақышев. Демек, жылқы көшпенділер үшін тек мініс көлігі ғана емес, елі мен жерін қорғау барысында аса маңызды рөл атқарған қуат көзі. Сол себепті жылқы малын баптап-бағу, өсіріп-өрістету ісіне халқымыз қатты мән берген. Жүйрік аттарын жаратып бәйгеге қосып, аламанның алдын бермей жүрген атбегілер Жаңақала жерінде де жоқ емес. Сондай жылқыға жаны құмар, арғымақ десе, ішер асын жерге қоятын азаматтың бірі – Қарабалин Бекжан Темірболатұлы. Жақында Бекжан ағамызбен сұхбаттасып, атбегілік өнер, жылқы түлігінің ерекшеліктері туралы айтқан бірқатар әңгімелерін жазып алған едік. Соны көзіқарақты оқырманның назарына ұсынамыз.

6510654061

«Бала кезімнен жылқыға құмар болдым»

Жылқымен қазақтың жаны егіз. Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сын-сипатын, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Қыр баласы болған соң ба, жылқыға деген қызығушылығым бозбала кезімде оянды. Әкемнің қасынан қалмай жүріп, малға шықса бірге ілесіп шығып, 5-6 жасымнан бастап атқа мініп үйрендім. Пятимар мектебінде білім алдым. Ал ата-анам қырда тұратын еді. Оқушы кезде сенбі-жексенбі күндері қырға кетуге асығып тұрушы едім. Сондағы бар мақсатым – тезірек атқа мініп, асау тайларды үйрету болатын. Сөйтіп, атқа деген құмарлығым күн өткен сайын арта берді. Шатыспасам, 5-сынып оқып жүрген кезім болуы керек, ауыл шаруашылығы күніне орай Жаңақалада күз мезгілінде үлкен бәйге болды. Сол бәйгеге қойға мініп жүрген атымызды дайындап, аламанға қостық. Ол кезде баламыз. Бәйгеге ат жаратып, шабандоз боп шапқанды қызық көретін едік...

Бірде дүбірлі додаға бара жатқанда бәз біреулер «Қойға мініп жүрген атпен қайда барасың? Көк шаңға көмі-ліп қалма!» деп кекесінмен күліп, мұқатты. Дегенмен бір Алла жар болып, әлгі қойға мініп жүрген жуас атымыз 15 шақырымдық топ бәйгеден алдына қарай салмай, бірінші келді. Бұл 2000 жылдардың кезі еді.

Ат баптау – асыл өнер

Ат баптау оңай шаруа емес. Ұйқы мен қонақтықты ұмытасың. Табандылық пен еңбекқорлықты талап етеді. Жалпы, бәйгеге қосылатын ат жыл-он екі ай дайындықта болуы керек. Әуелі, атқа күнделікті жемін, тамағын, әр түрлі дәрумендерін беруді де ұмытпаған абзал. Көнекөз қариялардан естуіміз бойынша әрі өзіміздің азды-көпті тәжірибемізге сүйеніп айтатын болсақ, жүйрік баптау жыл бойы жалғасатын, орта жолда үзіп тастауға болмайтын өнер. Кешегі кеңес заманында ел назары техникаға ауып кетті де, жылқыға ешкім көңіл бөлген жоқ. Содан соң сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ата дәстүрі ұмыт болды. Шынымен де, жүйрігіңді жыл-он екі ай бойы көзіңнен таса қылуға болмайды. Бір рет бабын бұзып алсаң, қайтадан бабына келтіру қиынның қиыны. Асылында, тері алынған ат пен тері алынбаған аттың екеуі екі түрлі болмақ. Тері алынған жүйріктің денесі құрғақ, көңілді, таза тұрады. Тіпті жылқы жайын жақсы білетін жамағат қылқұйрықтының «мен бәйгеге дайынмын» деген ишарасын ұққандай болады. Демалысы қалыпты, тынысы да кең. Ал жаратылмаған ат құдды ұйқысы қанбаған адамдай маужырап, әлдене жетпей тұрады. Атты күшіне қарап суыту керек. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алыс қашықтыққа, жақынға шабатын ат бар. Бәйге жолының қашықтығына орай ат бапталмақ. Ал баптау әдісі әр түрлі. Егер тілін түсініп баптай алмасаң, жүйріктің бағы таяды. Бәйгеге қосатын атты дұрыс жемдеген ләзім. Бидай ауыр, арпа да жеңіл емес. Ең дұрысы – сұлы.  Ат жайын білемін дейтіндердің айтуынша, жыл сайын бәйгеге қосылып дағдыланған есті жануар жаз шығысымен, өзін-өзі жаратады екен. Көкті талдап жеп, суды талғап ішеді. Үйірдегі жараған жүйріктің бір белгісі маңдайын күнге қаратып, күнді бағумен болатындығы. Жітікөз жараған жүйріктің таңсәріде шығысқа, тал түсте оңтүстікке, күн ұясына батарда батысқа қарап маңдайын күнге сүйгізіп тұратынын аңғарар еді. Ат баптаудың тағы бір құпиясы жылқының мінезіне байланысты. Сабырлы аттарды бабына келтіру қиын. Есесіне, мінезі жеңіл жылқылардың терін алу да, бабын табу да оңайырақ. Ат баптау, жүйрік жарату – жас сәбиді баққандай ересен ептілікті, айрықша нәзіктікті талап ететін бейнеті бесбатпан жұмыс. Сол бейнетке төзу үшін атжанды, былайша айтқанда, темірдей төзімді болуың керек.

«Нұртөбелімнен» үміт күтемін

Қазір бұрынғыдай емес, ат бәйгесі болмай жүр. Карантиннің салдары ғой. Алайда бәйге бола қалса, бабында тұрған жүйріктерім баршылық. Бір ғана «Нұртөбел» атты тұлпарымның өзі 2017, 2018, 2019 жылдары біраз жетістікке жетті. Атап айтсам, 2017 жылы Жаңақала ауданында Жеңіс күніне арналған аламан бәйгеде I орынды иеленсе, осы жылы Казталов ауданының Талды-апан, Бостандық ауылдарында өткен бәйгеде де бірінші келді. Тынысы кең тұлпарым «Нұртөбел» 2017 жылдың мамыр айында төрт бәйгеге қатысып, үшеуінде жүлделі болды. Одан кейін Ақжайық ауданына қарасты Жамбыл ауылында ұйымдастырылған 30 шақырымдық бәйгеден бірінші келіп, қуантты. 2018 жылы Тасқалада өткен бәйгеде үшін-ші келсе, Ақжайық ауданында өткен «Жайық жүйрігі» атты бәйгеде үшінші орынға таласып, төртінші орынды иемденді. «Нұртөбелден» басқа да бәйгеге дайындап жатқан сәйгүліктерім бар. Бұйырса, алдағы уақытта ауқымды атжарыстар да олардың да бағын сынап көрмекпін.

980489409840

P.S. «Жылқы – малдың асылы» деп, ат баптап, арғымақ жаратқан Бекжан ағамыз бүгінде ауылында абыройы асқақ, беделі биік азамат. Сүйген жары Ақмарал жеңгей екеуі – үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

«Әр қазақтың баласы атқа міне білуі керек деп есептеймін. Жай ғана атпен серуендеп қайтқанның өзі көңіл күйіңді көтеріп, күш-қуатыңды арттырып, намысыңды шыңдап, жігеріңді қайрай түседі. Әрі денсаулыққа да пайдалы. Ал атың бәйгеден келсе, бұл сөзбен айтып жеткізуге келмейтін қуаныш» дейді кейіпкеріміз. Иә, атбегі Бекжан ағамыздың баптаған тұлпарлары топ жарып, әлі талай аламан бәйгелерде алдыңғы қатардан көрініп, елдің мерейін, азаматтың абыройын асқақтатуына тілектеспіз.

Алтынбек Ермекқалиев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале