28.04.2022, 10:15
Оқылды: 73

Оралдық радиобайланысшы

Ұлы Отан соғысында жеңіске үлес қосқан қазақстандықтардың қатарында қазақ қыздары аз емес. Ел үшін майданға аттанған жалынды жастың бірі – Ғарифа Рахметова. Соғыс және еңбек ардагері биылғы мамырдың 2-сінде 100 жасқа толған болар еді.

WhatsApp Image 2022-04-27 at 16.46.50

Ғарифа Мәжитқызы 1942 жылдың сәуірі мен 1945 жылдың қазаны аралығында Кеңес әскерінің қатарында радиобайланысшы қызметін атқарды. Ол  соғыс басталғанда А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқып жүрді. 1942 жылы көктемде Орал қалалық комсомол комитеті белсенді жастарды Мәскеу мен Ленинградтан эвакуацияланған әскери байланыс училищесіне шақырады. Сол кезде институт факультеттерінің комсоргтары майданға өз еріктерімен баруға өтініш айтады. 600-ге жуық қыз училищелерге курсант болып тіркеледі.  Ғарифа Рахметова өзінің бір естелігінде былайша еске алған екен: «Мен Мәскеу әскери байланыс училищесінің радиобайланысшылар даярлайтын бөліміне түстім. Көп ұзамай біздің училище Подмосковьеде қайта жасақталды. Әрине, бейбіт күнде екі жарым жыл оқитын әскери училищенің программасын алты айда меңгеру оңай болған жоқ. Бірақ біз майданға баруға ұмтылдық және бағдарламаны меңгердік. Курсанттарды бөлген кезде мені 16-әуе әскерінің құрамындағы Қызыл жұлдызды Минск жойғыш авиакорпусына радиобайланысшы етіп жіберді. Авиацияда радиобайланысшылардың қызметі аса қажет, маңызды болды. Әсіресе әуе шабуылдарын орындау барысында жауапкершілік екі есе артатын».

Ғарифа Рахметова Калинин майданында ұрыс жүргізіп жатқан 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпус құрамында соғысқа қатысқан. Әлемді дүр сілкіндірген соғыста ол  Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І, ІІ Прибалтика, І, ІІ Белоруссия майданы және «Багратион» операциясына қатысады.  Минск, Липецк, Орел, Брянск, Великие Луки, Логова, Вильнюс, Шауляй, Берлин және басқа да қалаларды азат етушілер қатарында болды. Ұлы Отан соғысы тарихында ерлік істерімен  ерекше орын алған авиациялық корпусқа «Минскілік» деген құрметті атау берілді. 1945 жылы 10 сәуірде шабуылдаушы авиациялық корпус 1-Белорусь майданының 16-әуе армиясының құрамына кіріп, жауынгерлік ұрысты Берлинде аяқтайды.

improved_photo

Майдангер Ғарифа Рахметова 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпустың құрамында 5000 шақырым жауынгерлік жол жүрген. Аталмыш корпустың ержүрек ұшқыштары 32 438 мәрте әуеге көтерілген.  Радиобайланысшы Ғарифа Мәжитқызы  әскери ұшқыштар мен  бөлім арасындағы әуе байланысын үздіксіз қамтамасыз етті. Топтасқан 1339 әуе ұрысында жаудың 1789 ұшағының көзі жойылған. Корпустың 3162 жауынгері үкіметтік наградалармен марапатталып, олардың 51-і Совет Одағының батыры атанды.

Соғыс және еңбек ардагері тағы бір естелігінде: «1943 жылы күзде біздің корпус Невель қаласынан 2-3 шақырым жерде орналасқан еді. «Отан үшін» атты майдан газетінен Невель қаласын азат етуге қатысқан 100 және 101-ші ұлттық қазақ атқыштар дивизиясының шабуылы жайлы білдім. Жерлесім Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы оқыдым. Батыр қыздың ерлігінен кейін екі айдай уақыт өткен еді. Шайқас болған жерге келіп, қаза болған жауынгерлер мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың топырағы әлі кеппеген бауырластар зиратын көрдім» деген екен.

Ғарифа Рахметова Жеңіс күнін немістің Пермберг қаласында қарсылайды. 1945 жылы қазанда елге, Орал қаласына оралады. Сұрапыл соғыстан келген соң, Ғарифа Мәжитқызы мектеп мұғалімі, Орал қалалық комсомол комитетінің, Чапаев, Жымпиты  аудандық партия комитеттерінің хатшысы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық кинематография басқармасының бастығы секілді түрлі қызмет атқарды. Оның соғыстағы жанқиярлығы мен бейбіт күндегі еселі еңбегіне алған марапаттары куә. Ардагер «Құрмет белгісі» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, 17 медальмен, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) төрт күміс және қола медалімен, дипломдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрт Құрмет грамотасымен, «Кинематография үздігі» белгісімен марапатталған. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстан қол үзбеген  Ғ. Рахметова Орал қаласындағы ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі болды. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі еңбегі үшін Орал қаласының құрметті азаматы атанды. Қоғамдағы, еңбектегі белсенді қызметі үшін «Отан» орденімен марапатталды.

Ғарифа Мәжитқызының жары Рамазан Таукин де Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Рамазан Хажымұлы жауынгерлік төрт орденмен, 12 медальмен марапатталған. Соғыста инженер-сапер болды. Жұбайы екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді.

– Ата-анам соғыстан келгеннен кейін отау құрған. Анам соғысқа 20 жасында аттанған. Соғыста радиобайланысшы болып, әскери қызмет атқарды.  Әкем Рамазан Таукин 1938 жылы әскерге алынып, қан майданда инженер-сапер бригадасында соғысты. Екеуі де елге жеңіспен оралып, еңбек майданының бел ортасында жүрді. Әкем милицияда қызмет етті,  полковник шенінде зейнетке шықты. Анам ашық-жарқын адам еді. Әкемнің он бауырына қамқор болып, аяққа тұрғызды. Қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанова анамның жақын құрбысы болған. Ол менің әкем мен анамның үйлену тойында қазіргіше айтқанда құдаша болған екен. Ертеректе Мәскеуге  ардагерлердің басын қосатын түрлі кездесулерге  жиі шақыратын. Жалпы өзімен қатар соғысқа барып келген құрбыларымен байланысын үзген жоқ. «Радиобайланысшы болу өте жауапты жұмыс еді. Олар жоғары жақтан  келетін хабарды қате жеткізсе, ату жазасына кесілуі де мүмкін болды.  Өйткені жалған ақпараттың кесірінен полк зардап шегуі, тіпті жойылып кетуі де ғажап емес еді» деп айтқаны есімде. Біз отбасында үш қыз өстік. Әпкем Светлана Тәжмұханова жолдасымен Жымпитыда тұрады. Танымал журналист болған сіңлім Розлана Таукина өмірден өтті.  Қазір көршілес елдерде болып жатқан соғысты естіп, көріп отырып, ата-анамның айтқандары есіме оралады. Олар да сондай от пен оқтың арасында жүріп, елімізді қорғады. Анамыз арамызда болса, 100 жасқа толар еді, – деп есіне алды ардагердің қызы  Ұмсын Таукина.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале