3.05.2022, 10:15
Оқылды: 33

Күтім көрмеген жолдар, азап шеккен жолаушы, желге ұшқан қаражат...

Біздің өңірдегі жол мәселесі «жырға» айналғалы қашан? Әсіресе, 35 мыңдай халқы бар оңтүстік аудандарға жол жеткізу тақырыбы «хит» болғалы да төрт жылға жуықтады. Сонау 2018 жылдың көктемінде өңірімізге жұмыс сапарымен келген Елбасы бұл бағыттағы жолды үш жылда бітіру керек деп пәрмен берген-ді. Дегенмен төрт жыл уақыт өтсе де, бұл жолдың бітер түрі жоқ. Жуырдағы Премьер-министрдің облысымызға сапарынан кейін де осы мәселеге жауапты бірқатар шенділер «креслоларын» босатты, шүйлігуден аман қалғандары «келер жылы толық аяқтаймыз» деп уәде берді.

724F1FC2-87E2-46A0-93D1-90EA0BB1A62E

Екі ауданның жауыр болған тақырыбы төңірегінде жазылмаған мақалалар мен түсірілген сюжеттер қалмаған шығар. Оған көктем мен күз мезгілінде осы жолдарда омбылап жатқан көліктерді фото, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктейтін «белсенді» блогерлерді қосыңыз. Жуырда бұл мәселе әупірімдеп барып Мемлекет басшысының да назарына жетіп, жедел тапсырмалар да берілді.

Қош делік. Оны да уақыт көрсете жатар. Бүгінгі өзекті мәселе тақтайдай тегіс жол салынғанша бар жолды күтіп-ұстау, бірнеше жүздеген шақырымды жүріп, облыс орталығына жететін жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу төңірегінде болмақ.

Осы аптада жұмыс сапарымен оңтүстік аудандарда болдық. Біз мінген көлік тасжолмен зырғытып отырып, ән сағатта Жаңақалаға жетті. Ойымызда «Алдымыздағы аудандарға апарар жолдың жай-күйі қандай екен?» деген сауал тұрғаны да рас. Аталған ауданнан Бөкей ордасына қарай бет алғанда топырақ жолдың барынша тегістеліп, қырылғанын байқадық. Бірақ ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Көктемдегі қар суы мен жауған жаңбырлардан соң жол күтімі дұрыс жүргізілмегендігі көзге ұрып-ақ тұр. Әсіресе, Мәстексай, Жаңақазан ауылдары аралығындағы жолдармен жүру – азаптың  азабы. Ортекедей орғыған көліктің ішінде тепе-теңдік ұстау мүмкін емес. Жай жүрейін десең, уақыт қысып барады. Шапшаңдықты арттырсаң, бөтекең бүлкілдеп шыға келеді. Екі ортаға қатынаған көлік күрежолдың екі жақ жиегіндегі теңіз толқыны іспеттес ысылған жолақпен жүруге мәжбүр. Жол ортасымен жүруге көктемгі лайсаң кездің сақайып қатып қалған терең қатпарлары жайрап жатыр. Кей тұстағы тізеден келетін терең шұңқырлардан көлік түгілі, жаяу жүріп өтудің өзі мұң. Бұл бағыттағы жолдың сырын білмейтін көлік жүргізушілері қараңғыда байқамай қатты келіп қалса, шұңқырлардың көлікті аударатын, ең құрығанда шойылтып тастайтын түрі бар.

AA81CB2D-9C7F-4E64-8DAA-E799679A5130

Жолдың ойыстау жерлерінен «Біз келдік, тегістедік» деген «дәлел» үшін қырып өткен бе деп ойлайсың. Жол тегістейтін техника күрегінің ізін салып кеткен әйтеуір. Ал кезінде сәл биіктетіліп, қиыршықтас төселген бөліктер аз да болса тегіс. Ол жол біткен соң орғу қайта басталады. Ал Жәнібек ауданы мен Казталов ауданын жалғайтын жолдың жағдайы тіпті нашар екен. Әсіресе, Күйгенкөл ауылынан асып, Казталов ауданының шекарасына дейінгі жолдың сапасы сын көтермейді. Аталған ауылдардың арасындағы жолдарды «жол» деп атауға келмейді. Жай бір ауылдан екінші елді мекенге адастырмай апаратын бағыт па дерсің.

Бұл – ауа райының ашық-жарығындағы жағдай. Ал жауын-шашынды күндер туралы ауыз ашпай-ақ қоялық. Бұл біздің жылына бір-екі рет барғандағы көргеніміз. Облыс орталығына күнбе-күн қатынайтын жолаушылар мен кө-лік жүргізушілердің жыл-он екі ай көрер қорлығы осы.

Осы өзекті мәселеге орай шалғайда орналасқан аудан тұрғындары және редакция атынан құзырлы мекемелерден төмендегі сауалдарға шұғыл жауап күтеміз:

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ БҚО филиалы басшысына:

- Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына апарар республикалық маңызы бар жолдың күтіміне қай мекеме жауапты?

- Осы бағыттағы жолдарды қысы-жазы күтіп ұстауға қазынадан қанша қаражат бөлінеді? Ол қаржының мақсатты игерілуін кім қадағалайды?

- Жол күтімінен жауапты мердігер компанияның атқарған жұмысына тексеріс жүргізіле ме? Өтірік ақпар бергені үшін жауапкершілікке тартыла ма?

БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасына:

- Соңғы үш жылда Жаңақала – Бөкей  ордасы, Жәнібек – Казталов  бағытындағы жолдарда қанша жол-көлік оқиғасы орын алып, неше адам мерт болды?

- Биылғы жылы құзырлы мекемелерге жол сапасына байланысты неше мәрте ұйғарым (предписание) берілді?

- Ескерту алған мекемелер кемшілікті түзетті ме? Сол жолдардың сапасына қайта тексеріс жүргізілді ме?

Түйін:

«Жол салынып, жағдайымыз түзеледі» деген үмітпен күнін батырып, таңын атырып жүрген аудан тұрғындарының бүгінгі жай-күйі осындай, ағайын! Жол азабын қанша тартса да, туған елінен, ауылынан қоныс аудармаған халыққа асфальт жолдың жоқтығын білдіртпей, барды жасқап-жамап беріп отыратын уақыт жетті ғой. Әлде жағдай түзелу үшін қайғылы оқиға орын алып, адамның мерт болғанын күту керек пе? Осындай келеңсіздіктердің кесірінен қарапайым халық билікке ренжімей қайтсін?!

Нұрбек Оразаев,

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале