Қазақстанда жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бағытында жұмыс істейтін қызмет құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, елде синтетикалық есірткілердің жастар арасында таралуының алдын алуға бағытталған гранттық жоба іске аса бастады. Мұндағы мақсат – есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүргізу және жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуының, пайдаланылуының алдын алу.
«Соңғы жылдары есірткінің таралуына қарсы күрес саласындағы жағдай өзгерді. Дәстүрлі есірткіні синтетикалық есірткі деген жаңа психотроптық заттар ауыстырды. Олар бағасының арзандығымен, айқын психотроптық әсерімен, тәуелділіктің жылдам қалыптасуымен ерекшеленеді», - дейді «Серғали-Түркістан» РҚБ төрайымы Шолпан Усманова.
Жоба аясында денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының психолог, наркология қызметі мамандары орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқушылар мен студент жастар арасында синтетикалық есірткіні қолданудың қауіптілігі мен салдарын түсіндіру шараларын өткізеді. Сондай-ақ, жоба аясында қазақстандықтар қоңырау шалып, есірткіні пайдалану немесе өткізу фактілері туралы хабарлай алатын қызмет құру көзделген.
«Мамыр айының басында біз анонимді өтінімдерді қабылдайтын қызметті іске қосамыз. Өтінімдер екі арна арқылы қабылданады: Telegram-дағы чат-бот және WhatsApp-тобы. Барлық өтінімдерді құрамында құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар әрекет ету тобы пысықтайды. Сондай-ақ, аталмыш арналарда заңгерлер мен психологтардың онлайн - консультациялары қолжетімді болады», - деді Шолпан Усманова.