Қазақстан Республикасы Жас суретшілер бірлестігінің мүшесі, Сырым ауданының тумасы, дарынды суретші Мұратбек Жоламановты еске алуға арналған «Асығып аққан ақ жұлдыз» атты аймақтық сырттай сурет байқауы өтті. Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұйымдастырған байқаудың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Мұратбектің анасы Мария Мұханбетқалиева, қарындасы Самал Батырова, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының бас суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Суретшілер одағының БҚО филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасы Көркем Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі Қайыр Оразғалиев, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Бақтығали Оразов, облыстық А.Н.Островский атындағы орыс драма театрының суретшісі Сәкен Жанғазиев қатысты.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының тәрбиеленушісі Бағнұр Жанболатова, аудандық балалар саз мектебінің оқытушысы Дархан Қажығалиев ән шырқады.
Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов сөз сөйлеп, Мұратбек Жоламановтың Жосалының тумасы екенін, оның мұралары, аты өшпейтінін айтып, байқауға қатысатын оқушыларға сәттілік серік болсын деген тілегін білдірді.
Мұратбек Тауфихұлының анасы Мария әжей ұлын еске алуға арналған байқау бұрын аудандық деңгейде өтіп келсе, енді аймақтық деңгейде ұйымдастырылғанына алғысын білдірді. Қазылар алқасының төрағасы, Суретшілер одағының БҚО филиалының төрағасы, Мұратбектің әріптесі, Қайыр Оразғалиев естеліктерімен бөлісті.
Одан кейін қонақтар Мұратбек Жоламановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алғабас ауылындағы М.Қаналиев атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұрболат Қабиевтің қолөнер бұйымдарынан көрме қойылып, оны қонақтар тамашалады.
Суретшілер байқауы М.Жоламановтың сурет сыныбында онлайн түрде өтті. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының жас суретшілері қатысып, 22 жұмыс тапсырды. Бейне арқылы балалардың суретті қалай салғандары көрсетілді.
Байқау 3 бағыт бойынша өткізілді. «Мұратбектің Сырым батыры» атты кескіндеме, «Мұратбек – өз елінің нағыз патриоты» тақырыбында графика және «Мұратбек шығармашылығындағы тарихи тұлғалар» атты мүсін бойынша балалардың жұмыстары бағаланды.
Кескіндеме бойынша Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, "Шалқар аудандық көркемсурет лицейі"МКҚК оқушысы Дильназ Жарылғап І орынды және Жоламановтар отбасы тағайындаған арнайы сыйлық мольбертті жеңіп алды.
Сырым ауданы, Қособа ауылынан Аяулым Адилжанова ІІ, Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Бадамша ауылынан Ділназ Жаңаберген ІІІ орынды иеленді.
Графика бойынша Сырым ауданы, Жымпиты ауылының өрендері Мақсат Сүйінғали бірінші, Әділжан Жалғас екінші, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, "Шалқар аудандық көркемсурет лицейі" МКҚК оқушысы жас суретшісі Гүлім Құрмаш үшінші орындарды бөлісті.
Мүсін байқауында тек қана үшінші орын беріліп, оны Сырым ауданы Алғабас ауылының жас мүсіншісі Ұлан Бақытжан иеленді. Жүлдеге ие болған оқушыларға І орынға графикалық планшет, екінші орынға оқу қорабы (этюдный ящик), үшінші орын иегерлеріне зембілдегі кенептер (холсты на подрамнике) жіберіледі.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz