5.05.2022, 10:00
Оқылды: 306

Сауатсыз мұғалім – мектептің соры

Аттестациялау, аттестациялау, тағы да аттестациялау. Білім саласын да, соның ішінде мұғалім атты халықтың ішінде өзегі күйіп тұрған мәселелердің бірі – осы. Жатқан уайым, стресс. Аман-есен өтіп, қорғап шықсаң жақсы. Қорғай алмай, «құлап» келсең, қандай жаман. Дос бар, дұшпан бар – сөзге қалып, күлкі болу деген сол емей немене? Одан кейін күйзелген мұғалім, реніштен-реніш туып, мектеп, ақыр аяғында оқушы зардабын тартпақ. Сол аттестациядан өтем деп келіп, тест тапсыру үстінде дүниеден озып кеткен мұғалімнің қазасы моральдық-психологиялық апаттан белгі беру үшін соғылған қоңырау емес пе? Ойланған ләзім, ойланған.  Мұғалім деген тұтқынға түскен қалмақ емес, білімнің, ілімнің, сауаттылықтың шырақшысы. Ол да өзіңдей адам баласы. «Қой көрмеген – қуалап өлтіреді» дегендей, бүгінгі білім билігінің данышпандары небір тәсілдерді ойлап тауып, әйтеуір мектептердің жүрек соғысына зақым келтіріп бағуда.

2

Фотосурет: nur.kz

Жоқ, қасақана жасап отыр деуден аулақпын, білік пен пайымның жетіспеуінен, болмаса, мұғалімдер арасындағы, кешірерсіз, сауатсыздықпен күресудің басқа амалын таппағаннан шығар.

Мұғалім – көзі ашық, көкірегі ояу қоғам өсірудегі басты тұлға. Бұл мамандыққа оқуға о баста мықтының – мықтысы, күштінің – күштісі, тәрбиелінің – тәрбиелісі сұрыпталып баратындай жасамас па ек, мектептің ертеңін, ұрпақтың болашағын қамдаған ел болсақ? Жоқ. Керісінше, бізде мұғалімдікке амалы жоқтықтан, яки «Жарар, диплом алып алайын, кейін көрермін» деп жол-жөнекей ат басын бұра салғандар баратын болып кеткелі қашан?! Ақылы оқу шыққалы, сауатсыздық тасқынына тосқауыл қою мүмкін болмай кеткен сияқты көрінеді маған, әлеуметтік желілердегі мұғалімдердің жазбаларын оқып отырып.  Бір-екеуінің жекесіне шығып,қатесін жөндеп те жібергенім бар, шыдай алмай. Сондай мұғалімдерді байқағанда, олардың шәкірттерін ойлап жүрегің суылдайды.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді қазақ, бір сауатсыз мұғалімнің қанша шәкіртті шатастыратынын есептей беріңіз...

Бір қызды білемін. Қыз болғанда, ендігі зейнетке де шығып кеткен болар. Керім, сабаққа нашар болды. Оның жазған диктанттарын тексерудің өзі ақирет. «Балаларға «күлмеңдер» деп, саусақ кезеп отырып, қатемен жұмысты әзер жүргіземіз» дейтін мұғалім дер. «Сол қыз күндердің күнінде мұғалім болып, бала оқытып жүр екен» деген хабарды естігенде шалқасынан түскендер де, бастарын шайқап, күрсінгендер де, шарасыздықтан мырс етіп күлгендер де болды. Ол аз болса, әлгі «оқымыстының» мақтау-марапаттаудың бәрін алып, дүркіреп жүргенін естіп, одан әрі дал болдық.  Көз бояудың бұдан өткен көрінісі болар ма?! Қанша бүркемелегенмен, иістің ұстатпайтыны сияқты, надандықты қайтіп жасырасың? Бәрінен бұрын бұдан «білім» алған балаларды аяйсың. Жалғау мен шылауды айыра алмайтын, «медЕцина», «инвестЕция» деп қойып, әлеуметтік желіге бұрқыратып пост жазатын «ғұламалар» сондай мұғалімдердің жемісі, әрине.

Тағы бір мұғалімді білемін. Студент кезінде қазақ тілі грамматикасына, соның ішінде талдауға өте нашар болды. Елдолдалап жүріп дипломға әзер қол жеткізді. Мұғалім болды. Арада жиырма жыл өткенде газетке сол мұғалім еңбек етіп жүрген мектепте қазақ грамматикасының қате оқытылып жатқаны анықталып, бес жылға министрліктің бақылауына қойылғаны туралы хабар сопаң ете қалды. Ұрлық жатпайды. Иә, бұл да ұрлық.

Ғасыр ұрлығы, ұрлық болғанда да. Себебі бала кезде қате берілген білімнің кейін қанша түзеймін десе де түзетілмейтіні аян.

Жарайды. Болар іс болып кетті. Енді қайтпек керек? Аттестациямен шешіле ме істің түйіні? Кадр тұрақсыздығы туындамай ма, онсыз да мұғалім таба алмай отырған кезде? Біраз жинап шыққан тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, мұғалім, ең алдымен, өз пәнін толық һәм жақсы меңгерген адам болуы керек. Балаға керегі сол. Қалған қосымшаларын жетілдіру, жан-жақтылығын дамытып, толықтырып отыру әркімнің өз интеллектісіне, деңгейіне байланысты. Қоғамнан, ұжымнан алатын баға, бедел сонымен жиналады.

Меніңше, мұғалім о баста өз пәнінен тест тапсырмай, қызметке алынбауы керек мектепке. Жыл сайын қайталап отырса да артық емес, оқытатын сыныптарының бағдарламалары бойынша. Бұл тәжірибені кеңінен қолданғанның бірі өзім болатынмын. Бір қызық айтайын, сондай тестілеуден жастар, қызыл дипломы бар үздіктер 25 балдың 17-20-сын жинаса, мәз болып, жымыңдап кетеді. Әрине, ондай маман өтпейді жұмысқа. Өзі білмегенді өзгеге қалай үйретпек?

Бірінде, орыс тілі пәнінің мұғалімі керек болып, байқау жарияладым. Таппай қойдым. Оқу жылы таяп қалды. Қысылыс кірген. Дағдарып отырғанда, жасы елулерді алқымдап қалған әйел адам келді. Бір мектептен табан аудармай, көп жыл ұстаздық қылыпты. «Именно с одаренными детьми хочу поработать!» дейді әңгімелесіп қарасам. Үш тест кітапшасын алдына тастадым.  Жауаптары қолымда. Қарап отырмын, шемішкіше шағып тастады. Тексердім, 25-тің 23-ін жинап алды, екінші нұсқадан 24. Үшіншісі түгел. Қуанып, қабылдайтынымды айтсам, ол қуанатын емес. Тағы да тест брошюрасын сұрайды.  Отыра қалып, тағы толтырды. 25 ұпайы түгел! Енді алдыңғы тестілерден ала алмаған сұрақтарды қайта көрсетуді өтінді (апелляция). Оның жауабы дұрыс, керісінше, «ключте» қате бар екен. Екі ортада оны да түзеп қойдық. Керемет мұғалім, жанып жүріп еңбек етті. Қаншама баланың жұлдызын жақты! Әне, нағыз мұғалім сондай болады. Мектепте ұстаздар мен шәкірттердің бірлігін нығайту үшін сырласу кештері өтетін. Балалар өздеріне қызықты сұрақты сондайда қойып алады мұғалімдеріне. Сонда математика пәнінің мұғалімі Нағима Саматоваға «Бос уақытыңызда не істейсіз?» деп сұраса, «Есептер шығарамын» деп жауап бергені ғой. Балалар аң-таң. «Иә, кәдімгі есеп шығарып отырамын, сөзжұмбақ шешкендей. Ең қиын есептерді жинап қоямын  бос кезде қарауға»  деді ұстаз олардың таң­ғалғанына таңғалып.

Сауаттылық – қоғамның  көркі болса,  сауатсыздық – дерті. Ал  сауатсыз мұғалім – мектептің  соры. Ұстаздық беделінің басты жауы.  Онымен күрес, әңгімеміздің басында айтқандай, әріден басталуы керек, әріден. Әйтпесе,  мына бір жыпырлаған аттестаттау мен тестілеу –  «Қойын  алдырып, қорасын бекіткендей» болымсыз дүние.

Сөзіме  дәлел  болу  үшін  мұғалімнің  мына бір  пікірін  келтірейін:

«Мұғалімдер аттестациясы туралы өз ойымды білдіргім кеп тұр.

  1. Өз пәні және педагогика, психология бойынша тест тапсыру керек!

Қолдаймын!

  1. Осыншалық мұғалімдердің пікірсайысының себебі екі есе көп төленетін «үстеме ақша» болып  тұр.

Санат алу үшін портфолия керек.

Сертификат – бұл курсты оқыды деген куәлік, мақала, авторлық бағдарлама – шығармашылық  жұмыс, Жарыстардан алған орын, марапаттар – бұл жетістік Пән олимпиадалары – бұл жарыс.

  1. Сұрақ.

Осы аталғандардың қайсысының 45-минуттық сабақта Мұғалім – оқушы  арасындағы оқу процесі тиімділігіне тікелей немесе жанама ықпал етеді? Білім алу процесіне оң әсерін тигізіп жатыр ма? Сол жоғары жалақы алатын мұғалімдер сабақ беретін сыныптардағы оқу үлгерім жоғарылады ма? Нәтижелерді тексеру мен қадағалау механизмі бар ма? Осы жері шикі болып тұрған сияқты!.. Енді талдау жасап көрелік. Сол екі есе жоғары жалақы алған мұғалім 8-а, ал жай мұғалім 8-б сыныбына сабақ берді делік, жыл соңында нәтиже біз ойлағандай жоғары ма?

  1. Оны тексеру бақылау критерийлері қандай? Әлде бұл мемлекет тегін беретін «субсидия» ма? Бұл жаңа бағдарламаның басты мақсаты оқушы білімінің сапасын арттыру емес пе? Алмақтың да – салмағы бар? Жоғары жалақы бергеннен соң оны қадағалау керек.

Автор: Sabit Mintanov.» (Әлеуметтік желіден. Автордың грамматикасы қаз қалпында  сақталды);  немесе «38 жыл бойы 5 жыл сайын үнемі бірдеңелерді дәлелдеп... бірдеңелерді қорғап келем... Енді өзімді қорғағым келеді.

4 жыл. 2 жыл демей, 30-35 жыл мектепте жасағандарды босатсын аттестация деген сүргіннен» А.Боханова; тағы: «Әдістемелік десанттардан» сабаққа кіріп болғаннан кейін өздері қалай беретіндерін көрсетсін деп, талап ету керек!

Бұрын солай болған! Сонда әділ болады!» А. Төрешқызы.

(өз грамматикасы). Міне, осындай-осындай қайшылықтарға тап болған бүгінгі білім саласы қайткенде ретке келер екен?  Ертеңінің түзеліп кетуіне қам жасай алармыз ба ең болмағанда?..

  1. S. Осы мақала жазылып бола келгенде тағы бір ата-анадан қоңырау түсті. Тағы да сол. Білімсіздің білім үйреткен болып мектепте сабақ беріп жүргеніне ашынады. Кімнің қайдан, қалай жұмысқа кіріп отырғанын да бес саусағындай сайратулы. Бәрінен бұрын, сұрақ қойған ынталы, сабағына алғыр балаға байланып, ақылы оқу орталығынан қосымша сабақ алуға итермелеу, төмен баға қою арқылы жазалау сияқты өрескелдік жасөспірімді суицидке апара ма деп алаңдайды шыр-пыр  болған  ана.

Қазір ҰБТ-ның нәтижесі мектеп рейтингіне әсер етпей ді, баланың оқуға түскен-түспегені де мұғалімге соқпайды. Ендеше, шәкіртті бұлайша мүйіздеуге не себеп?

Меніңше, себеп біреу – ол бала білімі тайыз мұғалімнің қателерін біліп, сұрақ қойып тұр. Ал мұндай баланы ондай мұғалім ұнатпайды да, бірдеңе етіп құтылуға тырысады.

Шындық – осы.

Дариға Мұштанова, 

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале