Мемлекеттілігімізді айшықтайтын ұлттық қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекарамыздың мызғымастығы үшін бүгінде айтулы қадамдар бар. Онсыз, әрине, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамыту жайында әңгіме құрғақ сөз болып қалады. Дүние жүзіндегі небір күрделі жай-күй ұтқыр да кәсіби даярланған армиямызды сөзсіз талап етеді.
inform.kz
Осыған байланысты тәуелсіздігіміздің қаз басқан алғашқы орасан күрделі кезеңінде Қарулы Күштеріміз қалай қалыптасқанын білуге тиіспіз. Азаттығымыздың берік қорғанысын қамтамасыз етуге ұмтылыстардың әр сәті ұлттық қауіпсіздігіміздің баға жетпес құндылық екенін әбден айғақтайды.
Тәуелсіздік шежіресіне қарап отырсақ, о баста үш мәселе назарда ұсталған: Қарулы Күштер құрылысының құқықтық арқауын жасақтау: кадр жетіспеушілігін шешу; армиядағы реформаларды ғылыми негіздеу. Аталған осы мәселелер төңірегінде кейде қым-қиғаш пікірлер туындағанын сол кезде баспасөзден біліп жүрдік. Тұңғыш Қорғаныс министріміз, қазақтың қаһарман перзенттерінің бірі Сағадат Нұрмағамбетов, басқа да білгір азаматтарымыз бұқаралық ақпарат құралдарында дүркін-дүркін сөз алды. Кеңес Одағының құрамында болған заманда ұлттық әскери кадр даярлауға ешқандай көңіл бөлінбегені, мұның зардабынан құтылу қиыншылыққа кезіктірері туралы ашық айтылды. Әскери білім саласы жүйесінде кадр әзірлеудің өзі түк кешіктірмей шешілуге тиісті ең бір көкейкесті мәселе еді.
1992 жылғы 19-25 желтоқсан аралығында еліміздің сол шақтағы Жоғарғы Кеңесі алғашқы Әскери доктринаны және бірқатар әскери заңдарды талқылауды күн тәртібіне қойды. Өтпелі кезеңдегі талай қиындық, күрмеулер бастан асып тұрғанда, заң жобаларын қабылдау бірден қайдан оңайға түссін. Қаржыландыру жөнінде қызу пікірталас, дау бітпейтіндей көрінді. Елде түрлі-түрлі ауыртпалықтар алқымнан алған уақытта бұған таңғалуға да болмайтын. «Өз армиямызға қажетті қаржы бөлмесек, бөтеннің армиясын асыраймыз түбі» деген қатаң әңгіме де айтылды. Мысалы, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғалуы туралы» заң жобасының қабылдануы үшін дәлелді түйіндерін де, беделін де салып, Отан қауіпсіздігіне шынайы жанашырлық танытқаны неге естен шықсын.
Ол уақытта Қазақстанда Құрлық әскерлері офицерлерін дайындайтын бір ғана оқу орны – И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училище болған-ды. Кейін республикамыздың мүддесі үшін тек мотоатқыш офицерлері емес, қазақстандық жастардан, оның ішінде ұлты қазақтардан танкші, артиллерияшы, байланысшы, т.б. оқытып, шыңдау қолға алынды. 1997 жылы училище академия болып қайта құрылды.
Рота командирінен Қорғаныс министріне дейін тәрбие жұмысы жөніндегі командир орынбасарларының институты да ашылды. Қорғаныс министрлігі прапорщиктер мен сержанттар қатарынан кіші лейтенанттарды даярлау жөніндегі курстарды, сонымен қатар экстернат жүйесін құрды.
Міне, бұл таңдағы қызмет етіп жатқан оннан астам әскери (арнайы) оқу орындарымызға қол жеткізу солай, небір қиыншылықпен жағаласу барысында, біртіндеп-біртіндеп қалыптасқан-ды.
Сол 90-шы жылдарда, әскери ғалымдар өз саласындағы ғылымның іргетасын қалау жолында аса қажырлы еңбек етті. Олар әскери қызметшілермен қоян-қолтық жүріп, әскери оқу орындарында адъюнктуралар мен диссертациялық кеңестердің ашылуына да ықпал жасады. Жылдар өте келе, көптеген жоғары дәрежелі әскери-ғылыми кадрларымыз шықты.
Қазақстан өз тарихында 5 рет Әскери доктрина қабылдады. Қарулы Күштердің жасақталуы өрістеген сайын доктрина мазмұнының өзгергені де заңды. 1993 жылғы доктринадан кейінгі құжаттың барлығы тек өз-өзін қорғайтын бағыттарды қамтыды. Түрлі сын-қатерге байланысты 2017 жылғы доктринада «кибер және ақпараттық қауіпсіздік», «гибридті күрес тәсілдері» деген заманауи ұғымдар бар. Бір нәрсе айқын. Біздің еліміз ешкімнің жеріне, аумақтық тұтастығына көз алартпайды. Тиісті заңдардың мазмұны да осы.
Ұлттық қауіпсіздік стратегияларымыз да араға тиісті жылдарды салып, жаңадан қабылданып келе жатқаны көзі қарақты жандарға жақсы мәлім. Соңғы кезде мұндай құжатта коронавирус пандемиясы тәрізді індеттің зардабынан, биологиялық, азық-түлік, көлік-логистикалық, тұтас экономикалық, әскери, ақпараттық қауіпсіздік, зияткерлік әлеуетімізді сақтау, т.б. егжей-тегжейлі қамтылды.
1992 жыл Қазақ елінің сыртқы саясатын қалыптастырып, айқындауда, ұлттық бірлігімізді бекіте түсуде, Ресеймен енші бөлісіп, меншік иелерін ажыратуға талпыныстар жасалуымен қоса, Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранымызға таңдау өткізіліп, қабылдануымен, сонымен қатар Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, Шекара әскерлері құрылуымен, аумағымыздағы бұрыннан бергі әскери құрамалар, бөлімшелер, бөлімдер, мекемелер, арсеналдар, жылжымалы және жылжымайтын соғыс мүлкі Республикамыздың қарауына өтіп, Қарулы Күштеріміз құрамына енгізілуімен дара белестің бірі.
Қарулы Күштеріміздің 30 жылдығы – өткенімізге ой жіберіп, келер күнді пайымдайтын мезет. Жұртымыздың қайсарлығы мен ерен ерлігін әлемге әйгілеген Ұлы Жеңістің кезекті белесін де қарсылаудамыз. Осындайда, батыр ата-бабаларымыздың, Ұлы Жеңіс сарбаздарының қаһармандығы елі үшін ештеңеден аянбауға тиісті ұрпаққа әрдайым өнеге болуы тиіс деген ой баурайды. Батырлық пен қарапайымдылықты қатар алып жүрген аға ұрпақтың отансүйгіштігі, білімге құштарлығы, еңбексүйгіштігі барлық ұл-қызымызға жұғысты болса, шіркін. Бүгінде Отан алдындағы перзенттік парызын адал атқарып, армияда жауынгерлік қабілет көрсеткен өз ауданымыз жігіттері жайында да естігенде, төбеміз көкке жеткендей боламыз. Лайым, әманда осындай жақсылықты естиік. Халқымыздың есімдері аңызға айналған батыр-баһадүрлері, сондай-ақ бейбіт күнде де ерлік көрсеткен қазақстандықтар адам өміріне араша түсіп, жанын шүберекке түйген өршілдеріміз – бәрін-бәрін бүгінгі өрендер, бозбала-бойжеткендер жақсы білгей. Елі үшін атқа қонуға әзір, бес қаруы сай ізбасарларымыздың қатары әрдайым қалың болуы – тыныштығымыздың, амандығымыздың кепілі деген сөз. Дәуірдің талабы мен ерекшелігіне қарай құрыш қалқанымыз – армиямызды нығайтатын да солар. Әр елжанды, патриот азамат – жаңа Қазақстанның бір-бір мықты кірпіші. Құндылық деген осы.
Бекем Бекұлы,
журналистика ардагері
Ақжайық ауданы