Биғайша Асылбекқызы, Ақжайық ауданы:
– Өңірдегі жұмыссыздық деңгейін қанша пайызға түсіруге болады? Нақты мысалдармен айтсаңыз. Білім және ғылым министрлігінің білім саласына енгізген өзгерістеріне сәйкес, 1 ставкадағы мұғалімнің сағаты 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеді. Әр мұғалімнен 2 сағат артылды. Осы босаған не артылған сағаттарға пәленбай мұғалімді жұмысқа қабылдауға болады емес пе? Қабылданған адам саны есебінен жұмыссыздық саны азайып, көрсеткішке оң әсер бермей ме?
Фотосурет: solidarnost.org
Нұрия Гайтпаева, БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Өткен жылдың ІV тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрады. Жұмыспен қамтылғандар 338,5 мың адамды, жұмыссыз халықтың саны 16,8 мың адамды құрады. Биылғы жылдың 1 ақпанына жұмыспен қамту қызметінде 10511 адам есепте тұр, тіркелген жұмыссыздардың негізгі бөлігі жұмысшы кадрлар екенін атап өткім келеді. Ағымдағы жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 20821 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланды. Соның ішінде жұмыс берушілердің сұранысымен 300 жұмыссыз оқытылады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 1250 адам тартылады. 1258 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру көзделген.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту мақсатында әлжуаз топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындарына 775 жұмыссыз, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 2555 адам жолданады. Зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасына 164 адамды тарту, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Түлектер үшін жастар практикасымен» 1367 жасты қамту жоспары бар. Алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 134 жас жұмыс орындарына жолданбақ. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 18 адамды жолдап, жұмыс берушілер мәлімдеген бос жұмыс орындарына 13 мың адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Биылғы есепті кезеңге аталмыш жоба аясында 3238 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Соның ішінде 1188 азамат тұрақты жұмысқа тұрды. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңына сәйкес 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогтердің апталық жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа түсті. Мұндай өзгеріс өз кезегінде ставка санының 1970-ке артуына алып келді. Сол себепті артылған оқу жүктемесі, яғни босаған сағаттар тым төмен сабақ жүктемесімен қызмет етіп жүрген мұғалімдерге бөлінді.
Сұрақ-жауапты дайындаған Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz