5.05.2022, 12:00
Оқылды: 66

Майдангер ақсақал

Еңселі денесі еңкіш тартқанымен, жасы сексеннің сеңгірінен асса да көңілі сергек, сөзі түзу Лев Иванович Дорофеев – Ақжайық селосындағы құрметті ақсақалдардың бірі. Әлдебір бейтаныстар болмаса, мұндағы жұрт Лев атайға «Ассалаумағалейкүм», ал оның зайбы Анна Яковлевнаға  «Сәлем бердік» деп амандасады. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір бұл кісілер қазақшаға келгенде қайсыбір мәңгүрттерден артық. Үй іші, мал-жаныңа дейін аман-саулығын түгендеп жатқаны.

IMG-20220504-WA0002

Лев Инвановичтің өзі қазақ ауылы Жымпитының тумасы. Әкесі марқұм Иван Евдокимович 1923 жылы Орал қаласынан осы жаққа қоныс аударады. Сонда почта бастығы болған. Анасы Лилия Феоктистовна (негізі мұғалім) сол кезде бухгалтер міндетін атқарған. Екеуара жалғыз қызы Натальяның соңынан 1923 жылдың 1 тамызында осы ұлы дүниеге келген.

Мектеп табалдырығын Бұлдыртыда аттаған Лев, соғыс басталғанда Жымпиты мектебінің 5-класын бітірген. Оралда тіс мамандығын алған апасы Наталья ел басына күн туғанда Қостанайда жүріп, майданға алынды. 1943 жылы жетінші бітірген Лев он жетіде бола тұра әскерге алынды.

Жас жауынгерлер әуелі Башқұртстанның Беловой қаласында бір жыл әскери дайындықтан өткен еді. Әрі сонда байланысшы мамандығын алған бұлар артиллерия полкіне жіберілді.

Жыл ішінде едәуір ысылған жауынгер жігіт 1944-тің шілде айының аяғында қан майданнан бір шықты. Белоруссия жерінде кескілескен соғыс өрті шілде аптабын еселей түскендей. Екі жақтан да қарама-қарсы ысқырынған оқ, аузынан от шашқан зеңбіректер дауысы құлақ тұндырарлық. Отан үшін жан беріп, жан алысқан кеңестік жаяу әскерлер сәт сайын жау шебін талқан етіп, алға жылжуда.

IMG-20220504-WA0004

Байланысшы жауынгер Л.Дорофеев өз міндеті мен командир бұйырығын қалтқысыз орындауда. Ең қиыны – байланыстың үзілуі. Мұндайда желінің үзілген жерін іздеп, қайта жалғауға ұмтылған жауынгер қарша бораған жау оғы мен ысқырып келіп, қара жерді қақыратардай гүрс-гүрс жарылған снарядтардан да қаймықпас.

Литва жері. Прибалтика майданының қызған кезі. Неміс-фашист басқыншыларын артиллерия соғысына алып өкшелеген Кеңес әскері қарашаның қарасуығын елер емес.

Жау жендеттерін жайрата, тықсыра түскен бұлар Шауляй қаласына жеткен. Жандары мұрындарының ұшына тығылған фашистер де жанталасып бағуда. Автоматтарын «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дамылсыз сақылдатып, үсті-үстіне атқылайды. Қапылыста қара санынан қадалған жау оғынан Лев Иванович дәл осы сәтте жараланды. Бұл қарашаның 22-сі болатын.

1945 жылы наурыздың аяғында госпитальдан шыққан Лев Иванович ІІІ Белорусь майданына түскен еді. Ұлы Жеңісті Балтық теңізі жағалауында, Кенигсбергке жетпей қарсылады. Бұлар құрамында болған дивизия Жеңіс шеруін немістің Фишхаузен қаласында өткізді.

Кеңестер Одағына тұтқиылдан баса-көктеген тегеурінді гитлершілдер осылайша жеңіліс тапты. Арсыз жаумен төрт жыл бойы табан тірескен байтақ елдегі сан ұлттың өкілдері достық пен ынтымақтастық арқасында азаттыққа қол жеткізді.

Алайда қызыл әскер Лев Дорофеев сынды мыңдаған жауынгерлер үшін майдан жолы бітпеген еді.

Сол жылы маусым айында ол күншығыс майданға аттандырылған әскер құрамында Моңғолиядан бір түсті. Бұл шығыста жапон самурайларының сумаңдап тұрған шағы. Мұнда тамыз басталғанға дейін тыныштық күндері өтіп жатты. Лев секілді жауынгерлер бейбіт өмірдегідей, қару орнына қолдарына орақ-шалғы ұстап, әскери қызмет жылқыларына шөп шапты. Солай бола тұрса да, қырағы жауынгерлер Қытай жеріне басып кірген жапон милитаристері өзге мемлекеттер үшін де қауіпті екенін іштей сезінетін-ді.

IMG-20220504-WA0005

Тамыз айының 9-ы күні Кеңестер Одағының сыртқы істер министрі Молотов Черчилль, Рузвельт, Сталин үшеуінің келісімімен Қызыл Армия жапон басқыншыларына қарсы соғыс ашқанын хабарлады. Ол кезде Маньчжур-Чжалайнұр және Холун-Аршан аудандарында мықтап бекінген жапон әскерлері осал жау емес еді. Үлкен Хинган тау жоталарынан асып, Моңғолияның шетсіз-шексіз шөл даласын небір қиындықтарды жеңе отырып, қысқа мерзімде жау тылына жеткен кеңес жауынгерлері жапондар бекінісін бұзып-жарып, самурайларды сыпыра қуды. Маньчжурия жапондықтардан осылайша азат етілді. Қиыр Шығыста болған осы ұрысқа қатысқандар арасында 1138 атқыштар бөлімінің командирі, Кутузов орденді полк подполковнигі Мелешко бастаған барлық құрамаға, соның ішінде қызыл әскер Лев Иванович Дорофеев атына Жоғары Бас қолбасшы, Кеңес Одағының генералиссимусы И.В.Сталиннің 23 тамыз 1945 жылғы №372 бұйрығымен алғыс жарияланды. Бұл жөнінде 13 қыркүйек 1945 жылы жазылған №336 анықтаманы Лев Ивановичке командирі табыс етті.

-Мұнан кейін, - деп еске алады Лев атай, - Модников басқарған біздің 39-шы Армия Қытайда, Порт Артурда бес жыл тұрды. Майдан қолбасшысы Василевский деген болды.

Содан елге оралған майдангер 1950 жылы қарашада Ульянов облысының Суров ауданына келіп, алты айлық механизация мектебін оқып бітірген. Сонда бес жылдай механизатор-комбайншы болып еңбек еткен. 1955 жылы кіндік қаны тамған Жымпитысына келген оны жерлестері құшақ жая қарсы алды.

Кейінірек болашақ жары Алла Яковлевнамен танысқан. Пединститут бітірген жас қызды 1958 жылы Жымпиты орта мектебінің сол кездегі директоры Әжіғұлов биология пәнінен сабақ беруге бірден қабылдады.

Өкініштісі, 1960 жылы анасы дүниеден озды. Орда бұзған отыздың белортасына келіп қалған, жасынан жау қайырған жігіт болғанымен, бұл Лев Иванович үшін оңай болмады. Бірақ, сол жылы қалыңдығы Алламен бас қосты. Сол жылдан бастап Лев Иванович №166 ауылшаруашылық механизация училищесінде өндірістік оқыту шебері болды. Екеуінің бұдан арғы еңбек жолы, қол жеткен табыстары өз алдына бір төбе. Бұлардың 15 жылдай Фурманов (Жалпақтал) ауданының Красный партизан кеңшарында тұрғаны бар. Сондағы орта мектепте мұғалім болған зайыбы Алла Яковлевна үздік еңбегі үшін кейіннен «Халық ағарту ісінің үздігі» медалімен марапатталды. Ал Лев Иванович болса, 1966 жылы «Үздік механизатор» белгісін омырауына тақты. 1972 жылдан бастап слескарь-газовик болып та істеді.

Иә, енді өткенге көз жүгіртсек, бұлардың Ақжайық селосына қоныс аударғанына да 27 жыл болған екен. Мұнда Алла Яковлевна интернатта істесе, Лев Иванович тұрмыстық қамту комбинатында техник-слесарь болып, жастары жеткен соң құрметті демалысқа шықты.

Бұл күнде қос қария кіндіктен тараған үш баланың үлкені Юра мен келіні Ларисадан 6 немере, кіші ұлы Сергей мен Наташа келінінен бір немере сүйіп отыр. Ортаншысы қыз – Елена Мәскеуде тұрады. Жиені Саша медтехникумда фельдшерлік оқуда.

Жасы сексеннен асса да сүйегі шымыр Лев атай ол жаққа да барып тұрады. Мәскеудегі өз апасы өткен жылы дүние салғанда да барып келген.

Қос ардагердің бойына біткен бір қасиет – осынша жасқа келсе де ерте тұрып, шаруаларын күйттеп жүретіндігі. Алла Яковлевна бірер қарасын сауып, өріске айдаса, Лев атай аула-шарбағын жөндеп, бау-бақшасын күтіп жүргені.

Міне, Ұлы Жеңістің 62-ші арайлы таңы атар да кез келді. Ел азаттығы мен кейінгі ұрпақтың бақыты үшін, бейбіт өмір үшін қан кешкен майдангер Л.И.Дорофеев омырауындағы «Ерлігі үшін» медалі, «Отан соғысы» орденіне қоса әр жылдарда алған юбилейлік наградалары, оған қоса бейбіт өмірдегі ерен еңбегінің куәсінде «Еңбек ардагері», «Тың игергені үшін» медальдары жарқырай  ұлы мейрамды қарсы алуда.

 Мұхамбет Жұбандықов,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

8 мамыр, 2007 жыл

«Зұлмат жылдар жадымызда» жинақ кітабынан алынды

 

Сөз соңында: Майдангер Лев Иванович Дорофеев бүгінде ортамызда. Соғыс ардагері ретінде қаладан жайлы үй берілді. Дегенмен, Лев Иванович өзінің құтты мекені – Ақжайық ауылында жиі болады. Аудан басшылығы, жергілікті ауыл әкімі Болат Қадыралиев мереке сайын арнайы барып құттықтап, хал-жайын біліп тұрады.

Жетпіс жетінші  Жеңіс күніне аман-есен жеткен майдангерге біз мықты денсаулық тілейміз.

Аман бол, ардагерім!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале