Міне, адамзаттың жауыздықты, ақылдың фанатизмді, әділеттіліктің зұлымдықты жеңген Ұлы Жеңістің жетпіс жетінші көктемі келіп жетті. Осы Ұлы Жеңіс үшін миллиондаған кеңес әскері өз өмірлерін қиған болатын. Сұрапыл соғыс іздері біздің Бөкей ордасы ауданында да сайрап жатыр. Бұл - Отан қорғаушылардың жерленген іздері.
Аудан орталығы Сайқын ауылында 196-Қызылтулы Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырластар мәйіті бар.
1942 жылдың 1 қазанында Сайқынға кірер жолдың айрығында Сталинградтан келе жатқан 400-ге жуық жауынгерден құрылған эшелон немістердің бомбылауына ұшырап, шамамен 100 сарбаз бен офицер қаза тапты.
Соғыс аяқталған соң, бұл бейіт ұмытылып, тек 42 жыл өткен соң ғана 1984 жылы табылды, сол жылы қайта жерлеу жүргізілді.
Ал одан 35 жыл өткен соң 2019 жылы Гатчинск дивизиясы сарбаздарының жаппай жерленген бейіті мемориалға айналдырылды, себебі ол жерде қазіргі таңда қатар Тынық мұхиты флотының жаяу тенізшілері мен 93-жеке құрылыс бригадасының әскерлері жерленген болатын.
1942 жылдың күзінде №16734 эшелоны Бөкей ордасы ауданы арқылы өтетін Рязань-Орал (қазіргі Приволжье теміржолы) теміржолымен Ұлы Отан соғысының шешуші қақтығыстарының бірі Сталинград шайқасына қатысу үшін Тынық мұхиты флотының жеке құрамы келе жатты.
24 қазан күні Сайқыннан оңтүстікке қарай 19 шақырымда орналасқан №365 разъезінде эшелон фашист ұшақтарының шабуылы астында қалып, 38 адам мерт болды.
2013 жылдан бастап іздестірушілер қаза тапқандардың сүйектерін іздестіруде, қазіргі кезде тек 22 адамның мүрдесі табылды.
№365 разъезден жеті шақырым жерде №372 разъезд орналасқан. Бұл жерде 1942 жылдың 15 қазанында немістердің бомбылауынан №93 Жеке құрылыс бригадасының 16 әскері және офицері қаза болған.
Шоңай ауылында 1942 жылдың қыркүйегінде қаза болған әскери-теміржолшы, жол бригадирі И.Г.Передераның мәйіті бар. И.Передера бойыншатолық мәлімет әліде іздестіруілуде.
Елді мекеннің шығысындағы қорымда №113 Жеке қалпына келтіру теміржол батальонының бауырластар зираты бар. Бұл жерде 1942 жылғы 4 қарашада бомбылауға ұшыраған төрт қызыл әскер жерленген. Бұл туралы да нақты құжаттарға кездестік. «Қаза тапқан төрт сарбаздың сүйегі Шоңай ауылынан оң жақтағы 400 шақырым жерге жерленді» деп хатталған екен.
Есімдері белгісіз отан қорғаушылардың бейіті Шоңай бастауыш мектебінің қасында да бар.
Ал ауданымыздың оңтүстік шекарасындағы «Молодость» разъезінде әскерлер жерленген орын бар. Менің ойымша, бұл жерде 285-атқыштар дивизиясының 3-полкінің қатардағы жауынгері Зейнеқабден Далмагометов пен сержант Яков Мохно жерленген. Мен мұны «Память народа», «ОБД Мемориал» сайттарынан алған құжаттардан біліп отырмын. Ол құжаттарда бұл екеуінің санитарлық пойызда келе жатып, жау бомбасынан жарақат алып, қаза тауып, сол жерде жерленген деп жазылған.
Бұл мақалада Бөкей ордасы ауданы бойынша белгілі бауырластар мәйіттері туралы жазылған. Бұл бейіттерде кімдер жерленгені, олардың туыстарын іздестіру бағытында зерттеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Бұл - біздің Отан үшін деп кеудесін оққа тосып, жандарын қиған жауынгерлердің рухы алдындағы парызымыз, жасаған тағзымымыз.
Жұбан Ғұмаров,
өлкетанушы