Хан ордасы ауылында ерен еңбегімен облыс жұртшылығына есімі жақсы танылған тарлан тұлғаның бірі, майдангер Мұхтар Әжіғұловты еске алуға арналған іс-шаралар өтті.
Кезінде М.Горький атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген алғашқы озаттардың бірі, мектеп қабырғасында жүріп-ақ мектеп есепшісі қызметін атқарған соғыс және еңбек ардагері Мұхтар Әжіғұловтың өнегелі өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге екені сөзсіз.
Алдымен 1942 жылы Отан қорғауға осы Орда топырағынан аттанған Ұлы Отан соғысының ардагері, «Отан соғысы», «ЕңбекҚызыл Ту», «Құрмет», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Орда және Жымпиты аудандарының, Орал қаласының және Батыс Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болған полковник Мұхтар Әжіғұловтың туғанына 100 жыл толуына орай аудан әкімдігінің бастамасымен өзі қызмет еткен ғимарат жанына мемориалдық тақта ашылды.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов артында айтары бар осындай азаматтардың өмірін насихаттау, оны кейінгі толқынға үлгі тұту парызымыз дей келе, осынау шараға арнайы келген М.Әжіғұловтың ұрпақтарына ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Оралдан арнайы келген Қашура Мұхтарқызы әкесі ұзақ жылдар бойы Жымпиты, Қаратөбе аудандарында абыройлы қызмет еткенмен, ол әр кез осы Орда топырағынан шыққанын ұмытпағанын, кіші отанына деген орасан зор сүйіспеншілігін ұрпағының бойына да сіңіре білген азамат деді. Тақтаның шымылдығын ашу құрметі аудан басшысы мен ардагердің қызы Қашура Әжіғұловаға ұсынылды. Жиналған ауыл жұртшылығыда тақтаға гүл шоғын қойып, құрметтерін көрсетті.
Салтанатта Мұхтар Әжіғұловтың бірқатар орден мен көптеген мадақтарға негіз болған еңбек жолы айтылып, жауынгерлік ерлік жолы да назардан тыс қалмады. Бұл туралы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен тұңғыш қазақ баспаханасы музейінде М.Әжіғұловтың қолданған заттары, жеке кітапханасы, өзге де бұйымдары негізінде жасақталған «Өмірі өнегелі тұлға» атты экпозициясында кеңінен әңгімеленді. Бұл экспозицияға қордың алдыңғы легі атаның көзі тірісінде өзінен алынғандығын, кейінгісі ұрпағының рұқсатымен ауданға жеткізілгендігін мәлімдеген аталмыш музей-қорықтың директоры Ғайса Махимов жаңа экспозияның лентасын қиюды Мұхтар атаның Нұр-Сұлтан қаласынан келген кенже қызы Гүлнар Әжіғұлова мен облыс орталығына жеткен ағайындас туысы Лавр Хайретдиновке салтанатты түрде табыстады. Экспозицияны көріп, көздеріне жас алған қыздары: «Әкеміздің барлық заттары өз орындарын сақтап қалған екен. Тіпті кітап сөрелеріндегі кітаптарының қойылу тәртібі тура көзі тірісіндегідей ғып орналастырылған. Әкенің бөлмесіне кіргендей болдық. Көп рахмет! Бұл бұйымдар бізге өте ыстық. Алайда ұрпағы болып, оларды бес жаққа таратып әкеткеннен гөрі музей директоры Ғайса Темірболатұлының қолқалауымен музейге тапсыруға шешім қабылдадық. Бүгін, міне, оның дүниелерін қызықтап қарап жүрген жерлестерін көріп, бұл ең дұрыс шешім болғанына көзіміз жетіп отыр. Сағынып жатсақ, біз де келіп, мауқымызды басармыз», - деді олар ғасыр тойынан үш жыл бұрын дүние салған атамызды еске алып.
Бұл күні Мұхтар атамен бірге, мүмкін бұрын не кейін Ордадан елді қорғауға аттанған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 97 жас жасаған М.Әжіғұловтың құрдасы болғанмен ғұмыры келте болып, жас шағында, өзге жерде үзілген, есімі күллі жерлестеріне ғана емес елге мәлім батыр апамыз Мәншүк Мәметоваға да құрмет көрсетіліп, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.
Шара енді аудандық мәдениет үйінде жалғасып, ауылдық модельді кітапханашылары әзірлеген «Тамыры туған жерінде» атты көрмеге ұласты. Оған Мұхтар атамыз туралы мерзімдік басылымда жарық көрген мақалалар, кітаптар мен суреттер қойылыпты. Кітапханашылар көрмеге шолу жасап, көрермендердің таным көкжиегін кеңейте түсті. Әке даңқын асқақтатып жүрген Қашура апа «Орал өңірі» және «Жайық үні» басылымдарында жақында ғана жарық көрген әкесі туралы тың мақалаларды паш етіп, сол сандардың бірнеше данасын сыйға тарту етті.
Мұнымен тау тұлғаға арналған шаралар легі толастамай, ол «Өмірі тұнған өнеге» атты еске алу кешімен жалғасты.
Кеш барысында Мұхтар Әжіғұлов туралы бейнеролик тамашаланып, онда атамыздың қоғамдағы белсенділігі, өмірінің соңына дейін атаның емес адамның баласы болуға тырысып, елдік мәселелерді алға тартушы азамат, ақсақал болғандығы баяндалды. Бірнеше мәрте президент алдын көріп, елдің жайын әңгімелеп, жақсылықты жеткізуші, қиындықты да жасырмаушы адам болғандығын бұл күнде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әңгімелесе, Мұхтар атаның ерекше есте сақтау қабілеті туралы ордалық ақсақал Береген Қожағалиев мәлімдеді.
-Әкем қоғамның ортасында жүргенді ұнататын және ешқашан жеткен жетістігін менің жеңісім деп қарамайтын. Үнемі ұжымның, айналамның ортақ күшімен бағындырған белес дейтін. Өзін ешқашан батыр да санаған емес. Батыр деп ол әркез майдан даласында оққа кеуде тосқан солдаттарды, тылда тер төккен үлкен-кішіні айтатын. Оның түсінігінде алдыңғы шепте жүріп, арттағыларды жаудан қалқаламанғанда, тылда жүріп, аузынан жырып, бар қажеттімен қамтитын халық болмағанда жеңіс болмас еді. Өйткені ол кезде әр жауынгердің арманы аман қалу емес, елді жаудан қорғау, жерімізден қуып шығу, елді аман алып қалу болған. Есімде бала кезімде өзгелердің аталары мамыр мерекесі қарсаңында түрлі кездесу кештеріне баратын, радио мен телевиденияларға соғыс ардагері ретінде сұхбат беріп жататын. Сонда әкеме осыны айтсам, «Ой, олар штабисттер ғой» деп қысқа қайыратын. Ол кезде көп нәрсені түсінбеппіз. Штабистер дегені штабта отырып, соғыстың ащы дәмін сезінбей, сырттай сараптағандарды айтқаны екен ғой. Жалпы әкеме соғыс тақырыбын айту қиынға соғатын. Әсіресе, мектептен соғыс туралы шығарма жазуды тапсырғанда әкемді әңгімеге тартуға тырысатынмын. Сонда ешқашан қаза болған қарулас достарын айтпайтын.Ол өзі соғыс кезінде алдымен пулеметші, кейін барлаушы-радист болған жан. Ең алдымен Сталинград майданына түскенде пулеметші болған екен. Пулемет деген танкқа қарсы алып қару. Танкты жарамсыз ету үшін оны мейлінше жақындағанын күту керек екен. Қыстың мезгілінде бірнеше пулеметші қалталарына шағын ғана нан пен май бөлігін салып алып, жасырын ақ плащ, аяғына шаңғы байлап, ауыр пулеметті сүйрелеп, жау танктерін аңдып, істен шығаруға баратын болған. Неше күн жүретін белгісіз мұндай шақта олар қарды пана қылып, қалтадағы нан мен майды талғажу еткен. Сондай қиындық көрсе де жауды талқандау ойынан айныған емес. Кейін ол бір ұрыста қатты жараланып, госпитальға жолданып, содан соң Чкалов, Ленинград қалаларында радиотелеграфист курсынан өтіп, қайыра майдан шебіне қосылады. Өмірбаянында айтқандай әкем Калинин және ІІ Прибалтика майдандарында 6-гвардиялық дивизияда байланысшы болған. Дон, Воронеж, І, ІІ Прибалтика майдандарында да ерлікпен шайқасқан. Мектеп қабырғасында неміс тілін оқығаны оның радиотелеграфист болғанда көп септігін тигізген. Себебі, Мұхтар әкем радиотелеграфист-барлаушы қызметін атқарған. Тіпті Жеңіс туралы жақсы жаңалықты да неміс байланыс сымына жасырын қосылып, бір-біріне жолдаған хабарламалардан естіп-білген екен. Ол жеңіс күнін Каунас қаласында қарсы алған,- деп естеліктерімен бөлісті кенже қызы Гүлнар.
М.Әжіғұлов майданнан 1945 жылдың қарашасында елге оралып, алғашында Ноғайбай, кейін М.Горький атындағы Орда орта мектебінде ұстаз болған. Еңбек ете жүріп, Астрахан, Орал педагогикалық институттарынан математика, физика пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шыққан. 1951 жылы Орда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Кейін 1952 жылы аудан таратылғанда Жымпиты өңіріне көшірілген екен. Содан саналы ғұмырын өзге жерде өткізгенмен, ордалық абыройын жоғары ұстаған.
-Мұхтар ағам өте шыншыл, адамға сенгіш, қарапайым адам болды. Елден зайыбы Қойсын, ұлы Қуандықпен көшіріліп бара жатқанда «Адамда қанағат болуы керек» деп өсиетін айтқан болатын. Ол өсиетін қыздарына да жиі айтқанын біліп отырмыз. Математик болғасын да болар шахмат ойынын, преферанстың да қыр-сырын жетік білетін. Кейде құйтырқысы көп бұл ойыннан ақыл сұрасаң, бізге орбитр бола білетін. Ол шын мәніндегі математик еді. Мұхтар ағам ордалықтардың сөзіне беріктігіне тәнті болатын. Тек ол ғана емес марқұм ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңыл апа да Оңтүстіктегі пысықайларға қарап, «Ордамның адалдығы ерекше еді» дейтұғын. Мектептің оныншы сыныбында есепші болып жүрген шағында бір шамадан ақшаны алып келіп, енді жұмысына кірісейін деп жатса, ол күні оқу ісінің меңгерушісі боп жүрген Темір Масин «Арақ іше білесің бе?» деп сұрамасы бар ма?! Өзі бұрын-соңды оны аузына алып көрмеген еді. Бір жағынан ұстазы, екінші жағынан әріптесі болған Темір Масинге не деп жауап берерін білмей тартынып тұрғанда «Бірер рөмкіден ештеңе етпейді» деп құя салады. Екінші күні тұрса шамаданда ақша жоқ. Мектеп ұжымына жалақы бердім дейін десе, тиісті құжатта ол туралы жазба жоқ. Бар есіндігісі Т.Масинмен бірге отырысы ғана. Ақша жоқ, басы салбырап, айналасына қарайтын беті жоқ, Темір Масинге барады. Ағамның айтқанын тыңдаған Т.Масин: «Сен кеше барлығына жалақы бердің емес пе? Не мас болып қалдың ба? Тым-тәуір отырған едің ғой» деп ұжымға кеше берілген жалақыны жинап беруге тапсырған. Сонда үлкені де кішісі бір тиынына дейін жинап берген екен. Содан ағамыз «Ордалықтардан адал адам жоқ» деп айтатын. Мұхтар атам да адалдығынан айнымады, -деді ағайындас туысы Лавр Рашидұлы.
Мұхтар атаның балалық шағы да аса бір жеңіл болмаған. Қыздарының естелігінен білгеніміз М.Әжіғұлов білім алу үшін күнде үш шақырым жерге баратын болған. Жолда шаршайсың деп анасы оған қарынға айран құйып беретін болған. Ол болса сол айранды жолшыбай құмға көміп кетіп, мектептен қайтар кезде қайтадан қазып алатын болған. Осылай жүріп білім алған ағамыз соғыстан он күндік демалысқа жіберілгенде отбасымен бір сәт қана құшақ алысқан екен. Өйткені, баласының демалысқа келе жатқанын естіген Әжіғұл ата Сайқынға бет алғанда баласы үйге келіп, анасын құшағына қысып, әкесін ең болмағанда бір көріп қалайын деп кері жолға шыққан, оның үстіне қайтар мерзім де таяп қалған. Осылайша Сайқынды шарлап, таба алмай пойызға мінген шақта әкесінің «Мұхтар» деген дауысын естіп, перрон бойында бір мәрте ыстық құшаққа қысып, қайыра майданға аттанып кеткен.
«Жоқтаушысы бар жоғалмайды» деген меймандар, ерім дейтін елдің барына ризашылығын білдіріп, өз алғыстарын жаудырды.
Өз кезегінде ұрпақтары әке рухына арнап Құран бағыштап, ауыл тұрғындарына дастархан жайды.
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz