6.05.2022, 11:15
Оқылды: 54

Түтін

Ауылы мен ауылын түтін қосқан қазақтың даласы едік. Жол мен жол қосыла береді ғой, ал түтінге түтін қосылмаса – қайғы, түтін сөнсе  – қасірет. Түтін – от, от – ошақ, ошақ – жұрт, жұрт – ел емес пе? 

dav

Алатау – Елтай ауылдық округінің аумағына кіретін ауыл. Жымпиты-Ақсай жолымен келіп, Тасқұдықтың тұсынан оңға бұрылып, 8 шақырымдай жүрсеңіз борлы таудың қарсы бетіндегі жүректей жұмыр жұртқа тап боласыз. Ауылға кіру үшін өткелден өтесіз. Сылдыраған бұлақ сізді оңай жібере қояр ма екен? Міндетті түрде аялдайсыз, ақ суды алақанға алып, жүзіңізге басасыз.

Бұл – Шідертінің бастаулары. Ақала тау мен етегіндегі өзен ауылға сұлу сурет береді. Асты саз емес, бор болғандықтан су көкпеңбек болып көрінеді. Құдды, сұлтандардың сақинасының көзі сынды.

Түтін туралы текке тебіреніп отырғанымыз жоқ. Осыдан 5-6 жыл бұрын Алатаудан да түтін шықпай қала ма деп алаң қылдық. Халыққа таудың етегіндегі туған мекенді қиып кету оңай болған жоқ. Қар мен балшықтан көз ашпайтын жол қатынасы амалсыздан бір шешім қабылдауға мәжбүр етті. Соңғы шешім – көшу еді.

Халық қозғалды. Үйлер бұзылды. Кешегі ұзын көшеден көшкен жұрттың орыны ғана қалды. Тек бір ғана үйден түтін шығып тұрды. Ол – Мәлік Саркеевтің үйі еді.

oznor

Жолдың жанындағы, үйдің іргесіндегі қожалықтарды көріп жүрміз. Шалғайдағы шаруалардың хәлі қалай екен? Соны білмекке, Тасқұдық айналып, Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байров мырзаны алға салып, Алатауға аттандық. Көктемгі қар суы жолды жырып кетіпті. «Ойлы-қырлы жерлермен, Ытқып-ытқып жүгірген» ақ қояндай ақ «Нивамен» борлы таудың баурайына да жеттік.

Мәлік ағамыздың мал түгендеп келіп, жиренін шідерлеп, отқа жіберіп жатқан беті екен.

-Әкем Ғабдыраш – Ұлы Отан соғысының ардагері. Тінәліде, осы Алатауда шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етті. Баяғыдан бері мал бағамыз. Мал – біздің әулеттің атакәсібі. – деп бастады әңгімесін Мәкең.

Ағамыз 2015 жылы жеке шаруашылық құрып, соның жұмысын қолға алыпты. Жанында ұлы Исламбек бар. Қазір қожалықта 100 бас ірі қарасы саналады. Түрлендіруге ден қойып, герефорд тұқымды сиырларды көбейтуге ниеттенуде.Былтыр толық жинағымен бір трактор алыпты. Жасыл науқанда 700 бума шөп дайындаған. Қыстақ қалыпты өтіпті. Сиырдан 70% төл алынған. Сақман жалғасуда.

-Алатау – күніндегі Тасқұдық ұжымшарының ІІ бөлімшесі ғой. Мал бағып, егін салды. 70 шамалы үй болды. 8 жылдық мектеп, клуб жұмыс жасады. Біздің мал әуелден Алатаудың қырында жайылады. Қыстақ та осында. Бұл жақтың қысы қатты, қарлы-боранды. Мал бес-алты ай қорада тұрады. Бірақ, шөп шүйгін.

Иә, елдің үдере көшіп кеткен дәуренін көзіммен көрдім. 2014 жылы мұнда 14 үй болған. 2016-да ауылдан соңғы көш қозғалды. Бір ауылдың орынында жалғыз өзім қалдым. Екі-үш жыл жападан-жалғыз үй болып тұрдым. Қар көміп, балшық аяқты байлап тастаған уақытта да, айлап жарық болмаған кездерде де отырдық. Қазір жалғыз емеспін. Алатауға 5 бірдей шаруашылық ірге салды. Төрт түлік үшін қолайлы өңір ғой. Ел көбейеді деп ойлаймын, – дейді «Стан» қожалығының иесі Мәлік Саркеев.

IMG_7665

Мәлік ағамыз байқаған бір дүние бар. Сенбі мен жексенбі болса, Алатауға көліктер ағылады. Бейіт басына аялдайды. Кейін ескі көшені аралап, үйлерінің орындарына тоқтайды.

– Мынау біздің үй тұрған жер. Мынау ошағымыздың орыны! – деп аралап, сынған іргетасына отырып, ұзақ уақыт әңгіме айтады екен. Алатаудан көшкен жанұялар екені бірден белгілі.

-Оларды бұл жерге не алып келді деп ойлайсыз?

– Сағыныш! – деп жауап берді Мәлік аға.

Арғы жақтағы қыратта төте жазумен нақышталған көне құлпытастар қараяды. Қарсы бетте борлы тау тұр. Етегінде сылдырап бұлақ ағып жатыр. Біз сылдырады дейміз, бәлкім ол сағыныштың әнін айтып жатқан шығар...

Р.S. «Стан» шаруа қожалығының жетекшісі Мәлік Саркеев аудандық басылымды қолдап, 10 оқырманды газетке жаздыруға уәде берді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале