9.05.2022, 12:54
Оқылды: 282

«Орнында бар оңалар»

Кеше Теректі ауданы Аңқаты ауылында ел ықыласына бөленген құрметті азамат Кенжеғали Ержановтың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай «Ардақты әке» атты еске алу кеші өтті.

8D33E333-4EBC-4D9B-9A60-0734D49E26E2

Бір әулеттің ғана емес, барлық аңқатылықтың тірегі болған, бірнеше жыл басшылық лауазымдарда қызмет атқарған Кенжеғали Ержанұлын еске алуға келгендердің қарасы қалың болды. Бұл іс-шарада Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмаков та төбе көрсетіп, фәниден озған жақсы азаматтың өнегелі өмір жолын жас буынға насихаттауды көздеген ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

FF3AE59D-B868-4BF1-938E-30581A309F6C

- Адам ұрпағымен мың жасайды. Іргелес Талпын ауылында дүниеге келген Кенжеғали Ержанұлы қарапайым қызметтен бастап, зоотехник, экономист, Аңқаты ауылдық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы сынды жауапты қызметтерді атқарды. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнаған ағамыздың артында қалған бала-шағасы да осы ауылдың гүлденуі мен аудан әлеуетін арттыруға атсалысып жүр. Өздеріңізге белгілі, Аңқаты асылтұқымды мал зауытының ақбас сиырдың отанына айналып, күллі Кеңес елдеріне танымал болуы да ағаларымыз секілді еңбекқор, талапшыл азаматтардың арқасы. Аталмыш зауытты басқарған «Социалистік Еңбек Ері» Алексей Черакаев, Мағауия Зайнуллин ағаларымыз да өңір тарихында қалған адамдар. Олардың бүгінгі ізбасарларының осал болуға қақысы жоқ, - деді Ержан Нұржанұлы.

69F8FDE3-BC6D-4B16-9916-FDBB26A2D82F

Ауыл шаруашылығының ел экономикасының драйвері екенін атап өткен Ержан Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер  мен толықтырулар енгізу бойынша референдум жариялау туралы Жарлыққа қол қойған сәтіне тоқталып, бұл тарихи бастаманы теректіліктердің қолдайтынына сенім білдірді.

Әке құрметіне ұйымдастырылған алқалы жиында ат баптап, тай жарыстарғанды жаны сүйетін халық назарына «Тай жарыс» (3 км), «Топ бәйге» (12 км) және қой көтеруден сайыс ұсынылды.

C81A8B13-F016-4379-9639-1A289B56CC15

«Тай жарыстан» Рыбцех ауылынан келген Ринат Қуаныштың айы оңынан туып, жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Аңқатылық Еркебұлан Зейнуллин ІІ орын, Сарыөмір ауылының тумасы Талғат Батырғалиев ІІІ орынды  қанағат тұтты. «Топ бәйгеде» шашасына шаң жұқтырмай, өзгелерден оқ бойы оза шапқан Бауыржан Бекенов І орын алса, «Тай жарыста» өзгеге дес бермеген Ринат Қуаныш ІІ орын тұғырынан көрінді. Шалқар ауылының намысын қорғаған Әлішер Хабибуллин ІІІ орынды иеленді. Қызу әрі тартысты өткен бәйгеден кейін жұртшылықты қойды 201 рет көтерген аңқатылық Мақсот Гумаров таңқалдырды. Бұл спорт түрінен Бозай ауылынан ат терлетіп келген Алмас Қадырбек ІІ орын, шалқарлық Ақат Қапашев ІІІ орынға ие болды.  

Дала қызықтары аяқталған соң, Кенжеғали Ержанұлының өз шаңырағында Құран оқылып, ас берілді. Мәдениет үйінде облыс орталығынан арнайы келген өнерпаздардың қатысуымен керемет концерт өтті. Кенжеғали Ержанұлының үзеңгілес қызмет етіп, сыйласқан әріптестері естеліктерін айтып, өнегелі өмірінен сыр шертті.

«Орнында бар оңалар» дегендей, еске алуға жиналғандар ел азаматы, өнегелі әке рухын ұлықтаған ұрпағына риза болып тарқасты.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале