11.05.2022, 8:59
Оқылды: 160

Сарғайған солдат хаттары

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жазылған хаттар – зерделеп қараған жанға есен-амандық қана емес, өмір шындығын бүкпесіз көрсететін құжат. Тарихымызды тануда нақты деректерге сүйенеріміз анық. Ал  сол деректерден тұратын тарих беттері жауынгер хаттарында жатқандығын көбіміз байқай бермейміз. Осы бағытта ел ішінен жауынгер хаттарын жинау, зерттеу жұмыстарының нәтижесі жақын күндері баспадан шығатын «Сарғайған солдат хаттары» атты кітап. Осы мақалада жымпитылық Төлепберген Ағзамұлы есімді майдангердің елге өлеңмен жазылған хаттарын сөз етуді жөн көрдік.  

IMG-20220510-WA0017

Жауынгер Төлепберген Ағзамұлының өлең хаттарының ерекшелігі, Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғаны туралы суық хабарды елдің естуі, ерлердің әскерге шақырылуы, майдан даласына аттануы, ұрыс қимылының суреттелуі, кісі есімі, елді мекен атаулары, уақыт мерзімі дәл көрсетілуі, өмір мен өлім арпалысқан 1277 күн солдаттың қолымен хатқа түсірілуімен құнды.

Өлең хат үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім беташарында: «1941 жылы 22 июньде тиіспеу туралы шартты опасыздықпен бұзып Гитлерлік Германияның СССР-ға соғыс ашумен байланысты СССР қарулы күштері қатарына алынуым 20/VІІІ-1942» деп жазылып, 104 жол өлеңмен берілген. Екінші бөлім басында: «Ұлы Отан соғысының 1943 жылғы барысында Ржев, Смоленск бағытында болуым, Орел – Белград қалалары үшін кескілескен ұрыс қимылдары бірінші рет сол аяғымнан жараланып, Отанымыздың жүрегі Москвада госпитальда жатуым. 10/ VIII 1943-15/II 1944» деген түсіндірме бар. Өлең хаттағы көлемі жағынан ауқымдысы да осы екінші бөлім 252 жолдан тұрады. Үшінші бөлімде хат иесі: «5/ІХ-1943. Бірінші жарадан жазылып майданға қайта оралдым. Көптің бірі болып күн сәулелі Қырымды азаттауға қатысқаннан кейін Польша еліне келуім. Висла өзенінің бойында қорғаныста болуым.

Бірінші Белорус майданының құрамында 27/І-1945 жылы шабуылға шығу, Германияның жеріне ұрыспен кіруім және майданда екінші рет басымнан қатты жараландым. 27/І-1945» деген ақпарат береді. Бөлімде 224 жол өлең бар. Барлығы 580 жол өлең. Өлеңнің бірінші, екінші бөлімі 11 буынды, үшінші бөлімі 7-8 буынды.

Жауынгер Төлепберген Сархитовтың жырмен жолдаған елге сәлемін оқыған оқырман дәстүрлі сөз бастау мен эпистолиярлық стиль ерекшелігін бірінші бөлімнің алғашқы шумағындағы:

«Әлеумет, жәрдем берсе ұлы қожа,
Жүргенде елден жырақ алыс жолда,
Жолдаймын көңіл дәтім ел сағынған.
Кейінгі елде қалған баршаңызға» деген жолдардан таниды деген ойдамыз. Осындағы халыққа қарата «Әлеумет» деп сөйлеу мен айтпақ ойыма Жаратушы қолдау танытса деген «жәрдем берсе ұлы қожа» сөз саптауы жыраулық поэзиядағы шаршы топ алдында өзін-өзі күйттеу дәстүрімен сабақтасып жатыр. Ал шумақтың қалған үш жолы түгелдей эпистолиярлық стиль ерекшелігін танытатын сөз қолданысқа толы.

Соғыс сөзінің суықтығы мен ел күйзелісі өлеңде «Қан майдан, суық хабар халық естіп, Бастады халық ішін қайғы тесіп» жолдарынан көрінсе, ерін шығарып салып жатқан ел тілегі мен тірлігі де дәл берілгендігін:

«Көзі таныс жақын-жара жұрағатын,
Біреу ұл, біреу жақын тумаларын.
«Жеңіс пен елге тез қайт, шырағым» деп,
Елінен аттандырды шын ұлдарын»  жолдарынан оқи аламыз.

Өлең хатта майданға жүргелі жатқан ел адамдарының жұртымен қоштасуы, дүниетанымы жинақы жұп-жұмыр берілгендігін:
«Қолына повестка алып  ер-азамат,
Ат мініп, амандасып ел қыдырат.
Дәм татып,  әр үйге де айтатыны,
«Қош боп тұр, біз келгенше әй, жамағат» – деп келетін төрт жол өлең лебізінен анық аңғарасың. Осындағы ер-азаматтың ат мініп, ел қыдыруы мамыражай тірліктегі қыдырыс емес, дидарласып қалу. Дәм татуы қазақы дүниетаным бойынша дәм жазып қайта жүздесейік деген тілектен туындаған жақсы ырым. Осы өлеңдегі көрінетін түрлік ерекшеліктің бірі мына бір шумақта деп танимыз:

«Елінен шығарында ер-азамат,
Халқым-ай, жыламаңыз әй, жамағат.
Өзіне қайрат беріп, ата-анасын,
Қайтейін, тек мен емес, деп жұбатат».

Бұл шумақтың жолдары мазмұндық жағынан қимас адамдардың сапарға шығудағы бір-біріне дем беруін көрсетуімен қатар, поэзиядағы жұбату жыр түрлік ерекшелігін таныта алуымен де бағалы.

Өлеңде мұнар күн көңіл күйі мен тарихи жырға тән деректілік шумақ шеңберіне сыйып кеткендігін:
«Мен кеттім елді тастап, жерді тастап,
Қия алмай ата-ананы көзге жас ап.
Жиырмасы сүмбіленің  күз айында,
Қаласын Жымпитының артта тастап» – жолдарындағы бірінші жақтан «Мен кеттім...» деп баяндалатын хат иесінің мұңлық көңілі мен мезгіл, мекен дерек көзіне айналып тұрған үшінші, төртінші жолдардан оқуымызға болады.

Бірінші бөлімде әскерге шақырылған ел адамдарының қам-қарекет тірлігі, даярлығы кең ауқымда өз қалпында суреттеліп келіп, оқырманға өмірдің келер белесі мен өлеңнің келер бөлімі барын аңғартқандай. Мұны:
«Жұлдыздың  12-сі мизам айы,
Шақырып казармаға есепке алды.
Солдаттық жаттығулар осы күннен,
Басталды армияның ойын то­йы» шумақ мазмұнындағы жалғасы бар деген ойды ұқтырып тұрған жолдар хабарламасынан түйсінеміз.

Екінші дүниежүзілік соғыс сапарын көңіліне хаттап, қағазға түсірген Төлепберген Ағзамұлының өлеңдерін оқу барысында нақты көрсетілген деректер арқылы соғыс өмірінің шындығын түйсікпен тануға мүмкіндік аласыз. Мысалы, бірінші бөлімде «Жұлдыздың 12-сі мизам айы, Шақырып казармаға есепке алды. Солдаттық жаттығулар осы күннен...» десе, екінші бөлім басында:

«Айында саратанның аяқ басып,
Соғысқа қатысуға бағыт ашып.
Қашық жер Ржев пенен Вязьма арасы,
Келеміз арқаланып арып талып»  деп нақты мәлімет беру арқылы, оқырманын он екінші мизамнан (қыркүйек) келер жылдың саратанына (сәуір) дейін соғысқа дайындықта болғанын болжауға мүмкіндік береді. Әрі Ржев пенен Вязьма арасын бөліп жатқан 120 шақырымдай қашық жерді қару-жарақпен жаяу жүріп өткенін аңғартады.

Сарғайған өлең дәптердегі жырдың екінші бөлімі алғы шепке жақындай түскен жауынгердің басынан кешкендерін қаз қалпында баяндау ғана емес, соғыс шындығын тануға көзіңді жеткізетін кейіпкер күнделігі десек болғандай. Мұны автордың:

«Түн жүріп, күндіз аздап дем  аламыз,
35-40 шақырым жер аламыз.
Күндізде тыныштық жоқ   дем  аларға,
Жиылып жеткен жерде  жер қазамыз...
Осылай жол жүрумен жетінші күн,
Орманға тағы кірдік қараңғы түн.
Күн жауын, жері батпақ аялдауға,
Жай таппай шуласамыз ұзақты түн...
Орманда түс ауғанша аялдадық,
Завтрак, обед ішіп  тамақтандық.
Соғысқа бағыт түзеп ескі жолмен,
Тағы да жиырма шақырым жаяуладық» деген мысалға алынған шумақ жолдарынан оқи аламыз. Осындағы «Осылай жол жүрумен жетінші күн» жолы біз жоғарыда көрсеткен соғыс ауыртпалығын тануға көзіңді жеткізетін кейіпкер күнделігі жазбасының шындығы. Жол үстіндегі мехнатқа толы апта күндері «Осылай жол жүрумен 4-ші күн..., Бесінші күн Вязьманыда артқа тастап» болып жауынгер жолының сызбасындай жалғаса береді.

Жауынгердің өз қолымен жазған хаттарын жинаудағы мақсат соғыс жылдарындағы өмір шындығы майдан даласының кейіпкерлері жазбасында қалай көрінді мәселесін анықтау болатын. Төлепберген Ағзамұлының өлеңдері де осы мәселені айқындауда өз септігін тигізді деп білеміз. Өлең дәптердегі:

«Мал бағып жәйін өскен момын қазақ,
Осындай тар өткелде болды мазақ.
Көзі ашық пысықсынған  кейбіреулер,
Сөйлейді бізге қарап тілін қадап» деген жолдар Отан қорғау жолында жүргендер ішінде шетқақпайлаулардың болғанын көрсетеді. Ерлікте күші кем болмағанымен, ел қазағына құрметтің тең болмағанын айғақтайтын шумақтың бірі, міне, осы.

Қазақ поэзиясында Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына жазылған шығарма жетерлік, көлемі мен көркемдігі түрлі-түрлі, әрине, бұл басқа әңгіме. Бірақ сол көп жырдың ішінде соғыс жағдайы егжей-тегжейлі суреттелген шығарма некен-саяқ. Біз зерттеуімізге нысан етіп алып отырған, Төлепберген Ағзамұлының үш бөлімнен тұратын көпшілікке беймәлім шағын жыры, бірінші бетінен соңына дейін басынан өткенін өлеңге айалдырып хаттай бергенімен құнды. Кәсіби ақын болмағанымен, көркемдігі де тым тәуір шығарма – шынайылығымен  сұрапыл жылдар шындығын тануға септігін тигізер дүние. Қазақ әдебиетіне үлкен олжа болып қосылатын жырдың әр жолы дәуір суретінің хроникасындай хатталғандығын мына жолдардан оқи аламыз:

«Тоғызы сүмбіленің жаңылмасам,
Сағат бес, түс ауған кез кешке таман.
Орналастық қазылған ор траншейге,
Сеп құрып қатарласып ретпенен.
Жауменен екі арада қалың орман,
Өртеніп бұл орманнан дым қалмаған.
Талайлар өліп жатыр осы орманда,
Топырақ өз жерінен бұйырмаған.
Орманнан әрі өскен қара бидай,
Сақтай гөр шыбын жанды жалғыз құдай.
Жүгіріп қалың өскен осы нуға,
Орналастық окоп қазып загон қулай».

Өлеңді өлең үшін емес, көңілге түйгенді қағазға түсіру үшін жазған автор ақын болып халыққа танылмағанымен, сөз танитын кісіге сол дәуір шындығын ақ сөйлеп жеткізіп беруімен-ақ кейінгіге мәшһүр болады ғой деген ойдамыз. Өлеңді танымалдыққа емес, өзі таныған шындықты жеткізу құралы ретінде пайдаланғандықтан мына сөзім қалай болып қалар екен деген жалтақ ойдан ада болған. Оны оқырман өз кезегінде өлең мінезінен таниды. Жырдағы сондай шумақтардың бірі:
«500 ден қалғанымыз 30 адам,
Амал жоқ, танкі артынан бастық қадам...
Бұл жолы жақындадық   жауға таман,
Жау менен екі арамыз  үш жүз қадам.
Көтерсең, қара басың жоқ етеді,
Фашистің снайпері аңдып жатқан.
Жігіттер көремісің мынау түрді,
Сұм жалған айналғанда артын берді.
Осыдан жазым болып  сапар шексек,
Тіріміз хабарлалық кейінгі елді.
Осы шақ жанға   қатер төнген кезі,
Әркімнің қарауытып жарқын жүзі.
Ілінді талай жандар сағағынан,
Жұмылды шамшырақтай екі көзі».

Жыр үзіндісіндегі бір анық есепке шаққанда әскердің тоқсан төрт пайызы мерт болып, алты пайызы ғана қалғаны. Күйрей жеңілу деген, міне, осы. Сол алты пайыз кешігіп жеткен қосымша күш танк артынан еріп, қайта шабуылға шығып барады. Соның бірі – осы  қырғынды жеткізуші қазақ баласы. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз тірі қалар» деген тегін айтылмаса керек. Боздақтардың «Тіріміз хабарлалық кейінгі елді» деген аманатын арқалап жеткен бұл жырдың бәсі, міне, осынысымен де басым.

Көркем шығарма өмір шындығы болса, сол шындықтың көркем шығармаға айналуы үшін бір ғана жазушылық шеберлік жетіспейтінін бұл тақырыпқа жазылған белгілі ақын-жазушылардың шығармалар легі анықтап берді. Бұларға тән ортақ қателік осылай болар деген долбармен жалпыға ортақ мәліметтерді жазушылық машықпен қиыстырудан туған схематизм еді. Сыз топырақ, порх исін, ажал сұлбасын көзбен көрмей, окоп шындығын жеткізетін шығарма тумасы растығын уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Көркем дүниенің кейіпкері оқиғаның тікелей қатысушысы әрі жазушысы болса, онда тарихи шындық көркемдік шындыққа ұласатынын осы жырдан аңғаруымызға болады. Мұндай шығармада шамырқанған шындық басымдық алатынын мына жолдардан көре аламыз:
«Қайсыбір жаурап жатыр көзі жайнап,
Айырылып екі аяқтан  тілі сайрап.
Тап болған бейнет жүгін көтере алмай,
«Атып кет», әй, жолдас деп бір оқ сұрап.
Үш орыс меніменен төртеу болып,
Айырылмай бір-бірімізді сүйеу көріп.
Сеп құрып, қатарласып жатқан шақта,
Жарылды ортамызға снаряд келіп...
Оққа ұшқан сын сағатта бұл жолдасым,
Қаны бір қазақ ұлы қарындасым.
Уфада жаттығуда бірге болған,
Білемін  Жексембаев Бейсен атын».

Бас-аяғы үш шумақ өлеңде қаншама айтылмаған шындық жатыр. Сарғайған дәптердің әр беті ашылған сайын, соғыс қасіретінің кермек дәмін татқандайсың. Авторымен бетпе-бет отырып, әңгімесін тындағандайсың, бірге күрсінгендейсің. Шындыққа суарылған көркем шығарманың қуаты да осы болса керек.

Өлең хаттың бұл тақырыпқа жазылған жырлардан артықшылығы, хат иесінің басынан өткен жағдайды түгел баяндауының арқасында соғыс аймағының ахуалы кейіпкерлерімен нақты көрсетілген. Мұны жырдан ықшамдап алған мына жолдардан оқуымызға болады:

«Келеміз ет қызуы ойда дым жоқ,
Денеден қан ағады жып-жылы боп.
Күн батты, қалың орман келдік жолға,
Білетін біздің халді тірі жан жоқ.
...Құдіреттің жәрдемінің арқасында,
Санбатқа жеттік күшпен ақсалаңдай.
Менімен бір башқұртты салды арбаға,
Жолдады ат-арбамен госпитальға...
...Башқұртым қасымдағы  өліп қапты,
Арбада меніменен бірге келген.
Бұл жігіт Тоймаза атты  районнан,
Уфада жаттығуда бірге болған.
Танимын Ахмадуллин аты Садық,
Майданда менен бұрын жараланған».

Ұрыс даласынан қансыраған қаншама жас тұз-дәмі таусылмай, ажал аузынан аман қалды, қаншама жас жығасы жығылып мерт болды. Міне, екі айрықтағы тағдыр сарғайған солдат хатында өмірдің өзінен тіл қатып тұр.

Сарғайған дәптердегі жырдың екінші бөлімінің соңы соғыс жылдарындағы өмірдің тағы бір бетін ашқандай. Оқисың да келісесің. Солай болғанына кәміл сенесің. Ішкі түйсігін көз алдыңнан бар жайтты жүгіртіп өткендей. Құлағыңа жарасы жанына батқан жауынгердің қиналысы естілгендей ме, қалай? Бұл, сірә, жауынгер жырының оқығанда кеңістікке жайылған бір құдірет үні шығар. Жырды оқып көрелік:
«Ұйқы жоқ, жара ауыр жанға батты,
Осылай қиналумен  балаң жатты.
Кезек жоқ доғдырға қаралуға,
Толассыз жаралылар келіп жатты...
Қолында доғдырлар қайшы, пышақ,
Жағалай көлге қонған аққудай ақ.
Мал сойған бойнидағы  қасапшыдай,
Тәніңе қадалады кенедей-ақ.
Пышақтап сан етімді қинады ғой,
Обал деп рақымшылық  қылмады ғой.
Сөзімнің бәрі рас жасырын жоқ,
Шырқырап жас баладай  жыладым ғой.
Қасымда әкем де жоқ, шешем де жоқ,
Жаны ашып  маңдайымнан сипайтын кеп.
Жалыны соғыс өрттің   жанды шарпып,
Жатырмын госпитальда жаралы боп».

Осы он алты жол өлеңді оқып шыққаннан кейін «Сөзімнің бәрі рас жасырын жоқ» жолы автордың ақ адал сөзі екендігіне иландырады, ажалдың тырнағы тәнін жаралап, жанын жылатқанда бөтен сөзге орын жоқ екені белгілі.

Төлепберген Ағзамұлының соғыс жылдары жазылған жырының үшінші бөлімі жарақатынан жазылып қайта ұрыс даласына оралған жауынгердің өзі де, ұрыс-қимылдары да күш алып, шапа-шапқа әбден төселгендігін көрсететін рухты сөз. Мұны мына жолдарда баяндалатын ұрыс-қимылының барысынан байқауымызға болады:

«Қырық бесінші жылында,
Дәлу айы қысында.
Көппен бірге дабылда,
Түстік жаудың соңына.
...Күшке біздің шыдамай,
Дастарқанын жиялмай.
Сай-саланы паналап,
Неміс қашты бытырай.
Осылай жауды қуалап,
Пленге алып олжалап.
Кірдік неміс жеріне,
Он бес күндей жаяулап».

Үшінші бөлімнің басында хат иесі елге жеңістің жақын қалғанын аңғартып, жауды ығыстырып бара жатқанын айтып, хат жазғанда осы жайды жырмен түгел баяндайды. Біздің тоқталып отырғанымыз үш шумағы ғана. Мұны өлең хаттағы «Шетте жүрген жекемін, Хатпен сәлем етемін» жолдары көрсетіп тұр. Сол сәлем хаттар есендік білдіру ғана емес, зерделей қарасаң кешегі күннің күркірі, тарихи оқиғалардың деректері екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Өлең хаттағы «Дәлу айы қысында» деп келетін жолдар  жырдағы бір деталь ғана (дәлу айы – күнтізбесімен есептегенде он бірінші ай).

Кеңес әскері соғыстың соңғы жылдары фашистік Германия жасағын өкшелей қуып, жеңімпаздық рухын мұқалтқанымен, алдын ала дайындалған қорғаныс нүктелеріне бекініп, үлкен қарсылық танытқан неміс әскерінің әрекеті жырдың үшінші бөлімінде шынайы суреттелген. Шынайылығы жырда айтылатын ұрыс даласы, адам шығыны т. б. осы қанды асуды арнайы зерттеген ғалымдардың еңбектерінде айтылатын тарихи мәліметтермен сәйкес келуі. Міне, осы айтылғандардың бәрі жинақтала келіп, өлең хатқа тарихи реңк беріп тұр.

«Теміржолдың бойы екен,
Одер деген суы екен.
Соғысуға ыңғайлы,
Жерінің жақсы сойы екен.
Бекінді жау тағы да,
Осы судың бойында.
Ілгері бізді бастырмай,
Тісін қайрап қатты да.
Байланып жіпсіз күрмелдік,
Амалсыздан бөгелдік.
Ай жарымдай алысып,
Қара жерге төселдік».

Өлең хат тарихи құжат емес десек те, жыр жолдарындағы «Теміржолдың бойы, Одер деген суы, Ай жарымдай алысып, Қара жерге төселдік» мәліметтері «Одер суы» маңындағы ұрыс туралы тарихи жазбалардан алшақ кетпейді. Бір жай желдіртіп оқып шыққанда сырын аша қоймайтын «Қара жерге төселдік» жолы әрбір шабуылы мен қорғанысы есепсіз адам шығынына ұшыраған кеңестік әскердің ұрыс қимылынан да хабар беріп тұр.

Осы ұрыста екінші қайтара ауыр жараланғаны суреттелетін тұс құр баяндау емес, жанған от жолындағыны жоқ етеді, жақын тұрғанды жалынымен шарпиды деген пәлсапалық ой ұқтырады. Пендеге медет Алладан екендігіне көзіңді жеткізеді.
«...Қанды талас ұрыста,
Су бойында қамыста.
Снаряд түсіп қасыма,
Тиді  осколка  басыма.
...Басымды тесіп пышақпен,
Алды осколка басымнан.
Ауырса да амал не,
Өлмейді адам қиыннан.
...Нәпсім  шаппай тамаққа,
Қара  судан басқаға.
Зардабынан жараның,
Он күн төздім аштыққа.
...Жарам менің қауіпті,
Жарылқа өзің ғаріпті.
Жаратқан Алла пана боп,
Ұзақ ет маған жарықты».

Бұл шумақтағы жолдарды кеңестік идеология талаптарымен әбден екшелген әдебиеттегі әлдебір «әйдік» жырлармен салыстыруға, шатыстыруға болмайды. Әсте, бөлек әлем. Бүлінбеген, бүгежектемеген еркін ойдың жемісі.

Өлең хаттың әр жолы соғыс деген сөздің қасіретін, қорқынышын ұғынуға септігін тигізетін сияқты. Адамзат баласы нәпсінің құлы болып, біріне-бірі қару кезенсе салдары қандай болатынын ұғындыратын тәрізді. Оқырманына оймақтай ой салса, шығарманың жетістігі сол емес пе? Сағыныш та, шүкіршілік те осы жырдың тұла бойында тұнып тұрғанын сарғайған солдат хатынан алынған келесі жыр жолдарынан оқуымызға болады.

«Мен шыққалы елімнен,
Қоштасқалы теңіммен.
Үш жыл өтті арада,
Уайым ойлап қам жеумен.
...Жара бітер жазылып,
Өң терісін жамылып.
Жақсылығы жақын боп,
Уайым бітер арылып.
...Бұл сәлемді жазушы,
Сәлем айтып қалушы.
Балаң Төлеш алыста,
Сәлем айтып қажушы».

Үшінші бөлімнің соңында «үйден кеткеніммен үйге келгенім арасы 1277 күн екен» деген жазу бар. Иә, өскен ортаны сағындыратындай уақыт. «Мен шыққалы елімнен» деуі де содан. Үш жыл бойы не көрмеді, екі рет өлім аузынан аман қалды. Бірақ, шүкіршілігі басым «Жара бітер жазылып, Уайым бітер арылып» жолдары сол шүкір көңілдің көрінісі.

Екінші дүниежүзілік соғыстың хабарсыз кеткен солдаттай беймәлім тұстары қаншама? Біз тарихи шындықты түгел танып болдық па? Сірә, жоқ. Бір ғана Төлепберген Ағзамұлының өлең хаты көп жайдың бетін ашып бергендей. Хаттар әдебиетімізді байытып, тарихымызды ақтандақтардан  арылта  түсетіндей.

Азамат Мамыров,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале