12.05.2022, 8:59
Оқылды: 36

Жас жұлдыздар жарқырайды

Мамырдың 5-і күні Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің «Жұлдызы жарық жас өркен» атты есеп беру концерті өтті.
0472F972-87EE-4700-B3B3-14E55B481ED7

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында бүлдіршіндер дәстүрлі ән айтып, күй орындап, би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ата-аналар ұл-қыздарының сахнаға шығып, өнер көрсеткеніне риза болып отырды. Олар бірінен соң бірі оқушыларға естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті. Оркестр түрлі аспаптардың әсерлі үнімен көңілді шалқытса, қобызшылар қазақ әндерінен попурри орындады. Халық әндері де шырқалды. «Балалар» хор ұжымына деген көрермендердің құрмет-қошеметі ерекше болды.

– Мамыр айындағы мереке-мейрамдар қарсаңында қала тұрғындарына қуаныш сыйлаған бүгінгі концерт – бүлдіршіндердің еңбегінің нәтижесі. 90 жылға жуық тарихы бар мектеп талай оқушыны өнер аспанында самғатты. Аталмыш мектептегі шәкірттер облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Олардың ұстаздарына шығармашылық табыс тілеймін! Талантты перзенттеріне әр кез қолдау білдіретін ата-аналарға алғысымыз шексіз, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов.

Жалпы, бұл мектеп 1934 жылы дарынды балаларға арналған интернат ретінде құрылған. Халық композиторы, күйші Дина Нұрпейісованың есімі 1955 жылы берілген. Негізгі қызметі – балалар мен жасөспірімдерге музыка өне-рінің әр түрін оқыту. Ғимаратында заманауи кітапхана, концерттік және хореографиялық залдар, музей, топтық және жеке сабақтарға арналған аудиториялар бар. Мектепте бүгінде фортепиано, хор және теория, хореография, театр, ішекті және үрмелі аспаптар, орыс халық аспаптары бөлімдері жұмыс істейді. Шетелдегі түрлі өнер академияларымен, институттармен үнемі байланыс орнатып отырады. 2021 жылы мектеп музейі жасақталған.

– Мектебімізге ата-аналар ұл-қыздарын 7-8 жасынан бастап бергені дұрыс. Себебі жасы одан кіші балалардың аспаптарды еркін ойнауға қолы жетпей, қиналуы мүмкін. Біз классикалық-академиялық бағытта жұмыс істейміз. Балалар жылы аясында біраз іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Орал қаласында төрт музыкалық мектеп болған. 2019 жылы бәрінің басы бірігіп, бір мектепке айналды. Қазіргі таңда мектебімізде 1800-ге жуық бала оқиды. 200-ден астам педагог қызмет атқарады. Олардың бәрі – өңірімізге, қала берді, республикаға белгілі мамандар. Олар – республикалық, халықаралық ірі конкурстардың лауреаты. Оқушыларымыз сахнаға шыққанда, өзіміз сахнада тұрғандай қобалжимыз. Шәкірттеріміз сәтті өнер көрсетсе, қуанышымызда шек болмайды. Қазіргі таңда оқу үдерісі өзгерді. Кейбір сыныптар бойынша жаңа бағытта ауторлық оқу бағдарламалары жасалды. Әдістемелік кабинет көптеген тақырыптық ғылыми жинақтар шығарды. Түлектеріміз Қазақстандағы және шетелдегі бірқатар жоғары оқу орындарында білім алуда. Музыкалық мектеп – орындаушылық дәстүрді дамытып, кәсіби музыканттарды дайындайтын оқу орны. Мектеп ұжымы білікті маман дайындау жолында аянбай еңбек ететін болады, – дейді Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің директоры Қуандық Мәдір.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған концерт көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

 Марлен Ғилымхан,

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале