Каримолла Ғайсин, ардагер-журналист, Бөкей ордасы ауданы:
-Ел өміріндегі елеулі оқиға – 5 маусымда республикалық референдум өтпек. Бұл науқанның мән-маңызын халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында облысымыз бен аудандарда құрылған арнайы штабтар өз жұмысына кірісіп те кетті. Президент пен ел тұрғындарының көздеген мақсат-мұраты бір екеніне ешқандай күмән жоқ. Әрі бұл тарихи шешімнің қорытындысы егемен еліміздің ертеңіне, сол елдің болашағы – келешек ұрпақ тағдырына тікелей ықпал етері айқын. Сондықтан бұл референдумға үлкен-кішіміз бір кісідей қатысып, өзімізге берілген зор мүмкіндікті ұтымды пайдалана білуіміз керек.
Жасыратыны жоқ, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, соңғы жылдардың еншісіндегі қоғамдағы өзгерістер мен сілкіністер көптің көңілінен шыға бастады. Орынсыз мадақ-марапат, көпірме көпсөзділік, ашық жағымпаздық секілді көңіл құлазытар жайлар біртіндеп азайып келеді. Ал енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеуі көптің көкейіндегісін дөп басқан маңызды мәлімдеме болды. Қалай десек те, алдағы өзгерістер ел тарихындағы маңызды кезең болары анық. Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, тағы басқа жайлар заман талабынан туындап отырған өзекті мәселелер екені айқын. Қазіргі Ата Заңымыз халықтың үн қатуымен 1995 жылы қабылданғаны да көптің есінде, одан бері 27 жыл өтті. Айтпағым, Жаңа Қазақстанды құру үшін жаңа қадамға бару уақыт күттірмейтін міндет деп түсінемін. Осылайша Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізу арқылы алдағы уақытта 20-дан астам заң жаңаша редакцияланбақшы.
Сол арқылы еліміздегі саяси жүйе мен саяси басқарудың қайта құрылуы жүзеге асады. Бұл – сіз бен біз көптен күткен қуанышты жағдай, ағайын!
Қайрат Ермекбаев, Бөрлі аудандық мәслихатының хатшысы:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауқымды саяси реформалар жайында айтқан еді. «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», – деді. Президент ұсынған кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Ата Заңымыз – Конституцияға 33 өзгерту мен толықтырулар енгізіледі. Осы өзгерістерді қабылдау үшін 5 маусымда республикалық референдум өтеді.
Референдумның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Елімізде күні бүгінге дейін пропорционалды сайлау жүйесі ғана жұмыс істеді. Депутаттар партиялық тізім бойынша сайланып келді. Енді аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесі енгізіледі. Ешқандай партияның қатарында жоқ адамдар да сайлауға түсе алады. Азаматтардың өңірлердің тыныс-тіршілігіне ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарасы мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. Мәслихат депутаттарының ықпалы артады. Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы мажоритарлық жүйемен сайланады. Бұл партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады деп санаймын. Ал бәсекелестік бар жерде сапа да, нәтиже де болады. Сенат депутаттары тікелей емес, жанама жүйелер арқылы іріктеледі.
Конституциялық реформалар еліміздегі демократияны нығайтып, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттырады. Жалпыхалықтық референдум мемлекеттің бағдары айқын, нақты өзгерістерге бет бұрғанын көрсетеді. «AMANAT» партиясы конституциялық реформаның маңыздылығын түсіне отырып, референдумды толық қолдайды. Азаматтарды осы саяси оқиғадан тыс қалмай, референдумға қатысуға шақырамыз. Өйткені тарихи таңдау жасайтын тұста ешкім шет қалмауы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілік!
Сергей Быков, «Орыс мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-Мемлекет басшысының Жолдауында жария етілген реформалар пакетін 5 маусымда бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы бекітуді өз басым құптаймын. Сарапшылардың айтуына қарағанда, халықтың таңдауымен қабылданып жатса, еліміз өзінің саяси дамуының жаңа белесіне көтеріледі. Өйткені реформалар партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің қағидаттарын, құқықтық жағдайды жақсы жағына қарай өзгертпек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бастамалары, соның ішінде қарапайым азаматтарды шешім қабылдауға шақырғаны ұнайды. Енді жартылай мажоритарлық сайлау жүйесінде партияға кірмеген азаматтар да Парламентке депутаттыққа сайлана алады. Сонымен қатар сот шешіміне көңілі толмаған жандар ендігі жерде анда-мында шауып, табандарынан таусылмай бірден Конституциялық сотқа тікелей арыздана алады. Конституциялық өзгерістер суперпрезиденттік басқару моделінен алшақтайтынымыздың нақты көрінісі іспетті.
Әрине, референдумның табысты өтуі көптеген факторға, соның ішінде референдумның барлық үрдісін тиімді ұйымдастыруға, оның ашықтығына және талқыға салынатын сұрақтардың сауатты әрі нақты қойылуына, тағы басқасына байланысты болмақ. Алдағы міндеттердің орындалуы қоғамның өзгерістерге дайындығын айқын көрсетпек. Азаматтардың өз құқықтарын қорғау бойынша конституциялық бақылауға мүмкіндік беру, Парламент рөлін күшейтуге бағытталған өзгерістерді енгізу ұсыныстары қоғамдағы құқықтық жүйені дамытып, қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді, ертеңге деген сенімді нығайтады. Ең бастысы, референдум еліміздің әр азаматына ел тағдырын шешуге араласуға мүмкіндік береді.
Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру бағдарымызды айқындауға бірлесе үн қосалық.