Қаратөбе ауданында діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында рухани-танымдық бағыттағы іс-шаралар үнемі жүргізіліп келеді. Осы ретте ахуалы күрделі аудандардың жұмысын жандандыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында ауданымызға БҚО дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары арнайы келіп, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Ең алдымен ауданға келген орталық мамандары М.Мералиев атындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, ауданның тарихымен көне жәдігерлерімен танысты. Аудандық музейде тамыры терең ауылдың тарихымен танысып өткен соң, былтыр күрделі жөңдеуден өткен орталық кітапханада болып, кітап қорымен арнайы жасақталған «Рухани жаңғыру» залы және оқушыларға арналған электронды баспа жүйесіндегі оқырман бөлмесімен танысып өтті.
Аудандық ақпараттық-түсіндірме топ мүшелеріне арналған жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин облыстан келген меймандарды таныстырып, сөз кезегін ұсынды. Күн тәрбінде негізінен үш мәселе қозғалды. Атап айтар болсақ, діни теріс ағымдардың жетегінде кеткен тұлғалармен оңалту бағытындағы жұмыстарды жүргізу, аудандық деңгейде ақпараттық-түсіндірме тобының жұмыстарын ілгерлету және интернет жүйесіндегі кейбір теріс діни материалдарды сүзгіден өткізіп, саралау, жастарды, тұрғындарды теріс ағымды насихаттайтын үгіт материалдардан аулақ болуға шақыру мәселелеріне арналды.
Алғаш болып сөз алған БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығы оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бағдат Қанатұлы қазіргі қоғам үшін маңызды болып отырған теріс діни ағымдарға түскен жастарды оңалту, райынан қайтару мәселелері жөнінде кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда бұл мәселе айрықша назарға алынып отырғандығын атап өтті. Сонымен қатар аудандағы ақпараттық-түсіндірме топ мүшелерінің жұмысы да қазіргі таңда өте өзекті екендігін атап өткен дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы Алиса Кондыкирова бұл салаға айрықша назар аударудың маңызды екендігін тілге тиек етті.
Жиын барысында теріс діни ағымның құрығына көптеп түсетін жастар екендігі айтылды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер парақшаларында теріс діни ағымдарды насихаттайтын топтар көп. Осы ретте әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Еркебұлан Сисенов діни ақпараттарды кез келген ортада насихаттауға болмайтынын, егер насихаттаған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылатындығын атап өтті.
Жиын қорытындысында аудандық ақпараттық-түсіндірме топ мүшелері, аудандық мешіт имамы Әділжан Бекқазиев ауылдық елді мекендерге барған кезде тұрғындарды жинап рухани танымдық бағыттағы шараларды жиі ұйымдастыру қажеттігін сөз етсе, ауыл ақсақалы, АТТ мүшесі Мәулен Қожахметов жастарды теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында мектептерде оқушылармен, студенттермен, жұмыссыз жастармен үздіксіз түсіндіру жұмыстарын қолға алу қажет екенін атап өтті.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шара соңында сұрақтар, пікірлер, ұсыныстар айтылып, орталықтан келген мамандар тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz