Бүгін Ақоба ауылында Жәнібек ауданының 100 жылдық мерейтойы мен Балалар жылына орай «Жасқанат» және Ақоба ауылының шаруа қожалықтары бірігіп, аудан, ауыл әкімдіктері қолдап, «Жайлау той» дала қызықтарын ұйымдастырды.
Аламан бәйге, тай жарыс, өгіз палуан, арқан тартыс, садақ ату, жүгіру сынды жарыстарды тамашалауға аудан тұрғындары мен қонақтары келді.
Дала төсінде орнатылған сахнада аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев сөз сөйлеп, барша жиналғандарды атаулы даталармен құттықтап, дала қызықтарын ұйымдастырған ақобалықтардың ұйымшылдығын атап өтті. Сонымен қатар ауылдың көркемөнерпаздары Мейрам Бисенғалиев, Ақынбек Мұратов ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сайыстарға Казталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарынан спортшылар келіп бақтарын сынады.
Жүгіру сайысына бастауыш сыныпта оқитын балдырғандар қатысып, нәтижесінде І орынды Нұртас Қайрат (Ақоба), ІІ орынды Әкежан Самат (Ақоба), ІІІ орынды Жанәлі Мұратұлы (Жәнібек) алды.
Тай жарысына 15 тай қатысып, мәреге алғаш болып Аслан Құзайырдың «Маймаң» тайы (шабандозы Әділбек Серік, Борсы) келді. Екінші орын бисендік Бейбіт Айтасовтың «Жайторы» тайына (шабандозы Айбек Насыров), үшінші орын ұзынкөлдік Жанұзақ Хамзиннің «Жезкиік» тайына (шабандозы Төренияз Тілекқабыл) бұйырды.
Жиырма бір шақырымға созылған аламан бәйгеде бірінші болып Бөкей ордасы, Бисен ауылынан келген Бейбіт Айтасовтың «Қарқын» атты жылқысы келді. Екінші орынға казталовтық Талғат Есполовтың «Фердаус» атты жылқысы тұрақтаса, үшінші орынды жәнібектік Мирболат Теміровтың «Ботакөз» атты жылқысы алды.
Әрмен қарай қазақ күресінен 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде ақобалық Нұрәділ Мұстақ «өгіз» палуан атанды. Тайғаралық Дарын Мұсаев ІІ орыннан көрінді.
ІІІ орынды Айбол Қаратаев (Жәнібек) қанжығасына байлады.
Сондай-ақ садақ атудан 1, 2, 3-орындарды сәйкесінше Мирас Берікбаев (Жәнібек), Марлен Бисеков (Жәнібек), Жасталап Хасинов (Ақоба) алды. Арқан тартыстан «Бисенғалиевтер» командасы (Ақоба) 1 орынға ие болса, 2-орынды «Нұр» командасы (Ақоба), 3-орынды «Тау» (Тау ауылы) командасы иеленді.
Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың атынан қаржылай сыйлыққа ие болды.
Шара соңында дала қызықтарын ұйымдастыруға мұрындық болған «Жасқанат» шаруа қожалығының жетекшісі Абай Жұмақұлов барша қатысушылар мен спортшыларға алғысын білдірді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы,
zhaikpress.kz