16.05.2022, 9:15
Оқылды: 61

Сол бір сәулелі шақтар-ай!

Болашақ ҚазМУ қалашығының құрылысы қызып жатқан күндердің бірінде «Құрылысты көруге Димаш Ахметұлы келеді екен» деген хабар дүңк ете қалды. Сол сол-ақ екен, өзі әуелден республикалық комсомолдық екпінді құрылыс атанып, атағы жер жарып тұрған алып нысанның жұмысы бұрынғыдан да қайнап кетті. Әсіресе республиканың бірінші басшысы арнайы ат басын тірейді деген биология корпусының айналасында қимыл үдеді. 

КазГУград (2)

Мен құрамында еңбек ететін Валентин Тё басқаратын бригада дәл сол биофак корпусында жұмыс істеп жатқан еді. Жұмыс корпустың ішінде ғана емес, сыртында да, яғни оның төңірегінде де қызды. Жолдар түзетіліп, тегістеліп, айналада бей-берекет жатқан құрылыс қалдықтары аулаққа жиналып, биофактың төңірегі тәртіпке келтіріліп жатқаны әлсін-әлсін тексеріледі. Кейбір қызуқандылау комсомолдарымыз: «Немене сонша көзбояушылыққа барамыз, құрылыс жүріп жатқан жерде бардак болмауы мүмкін емес!» деп ренжіп жатса, екіншілері: «Әй, үйіңе құрметті қонақ келерде әке-шешең көрпе, киіздерін қағып-сілкіп, айналаны сыпырып, тіпті бөлмелерге дейін ақтап, тәртіпке келтірмеуші ме еді? Бұл кісі дегенің - бүкіл Қазақстанның басшысы ғой. Сенің анау торғайдың басындай басыңда ми бар ма өзі, ойласайшы...»  дейді әбден мықшитып, аузына құм құйып.

Айына бір-екі рет жұмысты аралап, бәріміздің хал-жағдайымызды сұрастырып тұратын Манарбек Фазылұлы Дайыров та біздің биофакқа жиі келетін болды. Ол ағамыз сол кезде «Университетстрой» құрылыс-монтаж басқармасының бастығы еді. Орта бойлыдан сәл жоғары, шағын денелі, ақсары келген жігіт ағасы. Асып-таспайтын, соған сай салмақты, біреуге дауыс көтеріп, ұрысқан сәтін көрген жоқпыз.

Ал енді СМУ басшыларынан бәрімізге өте жақын жүретін және өзіміз де оны жақсы көретін, сыйлайтын Рысқан Бақтығызов  болса, биофакта қонып, содан өріп жүрді десек, артық болмас (біз ол кісіні көбіне екінші атымен «Роман ағай» дейтінбіз, бізден 4-5 жас үлкендігі бар).

Рысқан ағамыз – республикалық комсомолдық екпінді құрылыс штабының бастығы әрі комсомол хатшымыз еді. Өте бір тамаша жан болатын (Таяуда алыстан жеткен хабардан марқұм болды деп естідім. Біздерді інісіндей қамқорлап жүрді. Сол заманның сөзімен айтқанда, нағыз комсомольский вожак болатын. Марқұмның жаны жәннатта болып, пейіште нұры шалқысын). Мінезі жайлы, адаммен сөйлескенде бірден өзіне тартып, бейімдеп алатын. Осы бір тамаша жан талайымызға ҚазМУ-ға комсомолдық мінездеме мен жолдама беріп еді.

Дінмұхамед Ахметұлы келер қарсаңда биофактың бас корпусының ішкі жұмыстары бітіп қалған, едендеріне дейін төсеніш төселіп, есік-терезелері жарқырап тұрды. Ал алты қабатты (техэтажын қосқанда) бас корпустың қос қанатындай екі жағынан жайылған, әрқайсысы екі қатарлы биологиялық корпус пен зоологиялық корпустардың ол кезде ішкі жұмыстары біте қоймаған.

*   *   *

Техникалық қабатта төбеге ерітінді құйып жатқанбыз. «Қыстаубаев, сені шұғыл штабқа шақырып жатыр!» деген хабар жетті. Штаб деп отырғаны – біздің бүкіл КазГУ град комсомол ұйымының хатшысы Рысқан ағай отыратын орталық. «Көсеміміз» жай шақырмайды, маңызды жұмыспен шақыратынын білетінбіз. Үстімді қағып-сілкіп, алтыншы қабаттан баспалдақтан жүгіре төмен түсіп келе жатырмын. Баспалдақтардың жанындағы жалт-жұлт еткен тіреуіш темірлерді дәнекерлеп жатқан Жанболат Сүйіншалиев маскасын бетінен көтеріп жіберіп: «Әй, жігітім, жайлап түс, мыналарды майыстырасың!» деп айқайлағанын жүре тыңдап, сол жүгіргеннен бірінші қабатқа бір-ақ түстім.

IMG-20220516-WA0000

Жанболат Сүйіншалиев қызылордалық болатын. Студенттердің болашақ қалашығының құрылысына сонау Қызылордасынан комсомолдық жолдамамен келген. Озат комсомол-құрылысшыларымыздың бірі. Бізден 5-6 жас үлкендігі бар, көп сөзге жоқ, бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізбей тынбайтын, өте еңбекқор комсомолец.

Штабқа келсем, Рысқан ағай жалғыз емес екен. Ол кісі отыратын бөлме шағындау болатын. Бұрышта, алдына шағын үстел қойылған орындықта біреу отыр. Әлгіні байқап қалып, есікті жаба беріп едім, Рысқан ағай: «Кел-кел, Есенжол, қысылма» деді. Кірген бойда қолдасып, амандасып шықтым отырғандармен. Анау ағай сықиып киініп алған. Сымбатты келген, бойлы-сойлы. Адамға біртүрлі шүйіле, тесіле қарайды. Қыры сынбаған костюм-шалбарына, көз қарықтырар ақ көйлегіне, қаңылтырдан қиғандай галстугіне қарап, «Қалалық, облыстық, бәлки, комсомолдың орталық комитетінен келген жігіттердің біреуі болар» дедім іштей (Республикалық комсомолдық екпінді құрылыс аталғандықтан, бізге жоғары тұрған ұйымдардан кісілер жиі келетін).

Рысқан ағай баяғы өзінің сабырлы қалпымен хал-жағдай сұрасты. «Бригада қазір не істеп жатыр, техэтаждың жұмысы қашан бітеді, жігіттердің көңіл күйлері қалай, сессияң қашан басталады (мен ол кезде журфактың екінші курсында сырттай оқып жатқанмын), оған әзірлігің қалай?» деген сықылды жалпылама сұрақтарды қойып жатыр. «Комсомолдық прожектордың» келесі саны қашан шығады?» деп сұрауды да ұмытпады. Тіпті әке-шешемнің хал-жағдайын да сұрады. Қойылған сұрақтардың бәріне жауап қайтардым. Ал анау азамат болса, өзімен-өзі отыра берді. Бірақ әңгімемізді тыңдап отырғаны кәміл.

Бірқауым уақыт әңгімелестік. Рысқан ағай сұрақ қояды, мен жауап қайтарамын. Жарты сағат болмаса да, біраз сөйлескеннен кейін Рысқан ағай: «Жарайды, Есенжол, тек жағдайларыңызды білейін деп шақырғанмын. Үлкен кісі келейін деп жатыр ғой, бір жағынан соған әзірлікті де білмекші едім» деді де, «Жақсы, жұмысыңа бара ғой» деп менімен жылы қоштасты. Аң-таң болып мен кеттім. «Жағдайларыңызды білейін деп едім» дейді... Өзі күніне 3-4 рет келіп, көзімен көріп жүр ғой... Қызық екен... Ойлап-ойлап, ештеңенің ұшығына жете алмай, таңғалдым.

Арада бір аптадай уақыт өткенде тағы шақырылдым. Бұл жолы штабқа емес, биофактың төртінші қабатында радиоторабы (радиоузель) дейтін бөлме бар-тұғын. Соған шақырылдым. Бұл бөлме қабырғалары әйнек мақтамен (стекловата) қосымша қапталған, сырттан ішке, іштен сыртқа дыбыс жібермейтін бөлме болатын. Әлгі бөлмеге кірсем, осыдан бір апта бұрын штабта көрген ағай отыр. Жылы шырайлы, ескі танысындай амандасып, қасындағы орындықты нұсқады. Алдында көргенімдей қалыңдығына ұрын баратын күйеу жігіттей болып, баяғысынша жұттай киініп алыпты. Бұл жолы сұр костюм-шалбар киіпті, ақ көйлек, галстугі де түсі өзгергенімен, сол баяғы қаңылтырдан қиғандай. Амандық-саулық сұрап, біраз әңгімелесіп отырды. Менің таңғалғаным – есімімді біліп алған.

– Есенжол, жақында сіздердің КазГУ градтарыңызға бірінші хатшы келеді, сонда өздеріңіз сияқты комсомолдардан жігіттерді таңдап, әр қабатқа қойғалы отырмыз. Сендердің міндеттеріңіз – келген қонақтардың алдынан есіктерді ашып-жауып тұру. Өздеріңіз тұрған қабатқа бастарыңызбен жауап бересіздер. Қонақтар келгенге дейін оған бейсауыт адамдарды кіргізбейсіздер. Әрине, сіздерден басқа да арнайы күзет қызметкерлері болады. Бірақ бөлмелердің кілті, есік-терезелердің бүтіндігі, тазалығы сендердің мойындарыңызда. Құрметті қонақпен өзі қолын созбаса, қолдасып амандасуға, үлкен кісі өзі әңгімеге тартпаса, басы-артық сөйлесуге болмайды. Сұрағына қысқа-нұсқа, анық, түсінікті жауап бересіз! Үй, машина сұрап, оқуға түсу сияқты өтініштер айтып, ұят жасап жүрмеңіздер. Арнайы форма беріледі. Шаштарыңызды қидырып, тарап, бойларыңызды таза, тік ұстап, әп-әдемі болып тұруларыңыз керек. Айтпақшы, пиво, арақ-шарап дегендерді ауыздарыңа алмаңыздар. Қонақ ертең келеді деген күні осы обьект басында, әркім өзіне бекітілген қабатқа қонасыңдар. Бірақ жатып алып, ұйқыны соғып жүрмеңіздер. Әркім өзінің қабатын күзетеді. Адам түгілі, ұшқан құс, жорғалаған жәндік кіріп кетпеуі керек! Мұның бәрі сіздерге очень ответственное комсомольское поручение! – деп сөзінің аяғында нығарлап қойды.

Бұларын бұйрық іспеттес райда, тайға таңба басқандай, нақты, анық, шегелеп  айтқан ағай тағы да «Қалай, бәрі түсінікті ме? Ең бастысы, абдырап, сасып, КазГУ градтарыңызды қонақтардың алдында ұятқа қалдырмайсыңдар деп сенемін» деп қойды.

Бәрі түсінікті еді. Орнымнан ұшып тұрып: «Түсінікті! Ұятқа қалдырмаймыз!» дедім. Арқамнан қағып, «Мен де солай ойлаймын» деп жылы қоштасты.

Ал керек болса, бұған дейін Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қарсылаймын деген жиырмадан енді асқан жас жігіт – менің  үш ұйықтасам да, түсіме кірмеген ғой... Толқығаным, тіпті, жасырып қайтейін, сасқаным рас. Оны енді тілмен айтып жеткізе алмаймын.

*   *   *

Осы арада бұдан бұрын болған мына бір жағдай есіме оралды. Алматыға Америкадан фотография көрмесі, яғни фотосуреттер көрмесі келді. Фоторепортёрлер мен фотосуретшілер түсірген Американың өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін суреттердің көрмесі екен. Спорт сарайында өткені есімде. Халық деген шұбырды. Шынында да, сұмдық. Ол кезде түрлі-түсті фотосуреттерді сирек көреміз. Ал анау көрмедегі табақтай, кейбіреулері терліктей суреттер көрген адамның көзін жұмғызғандай, аузын ашқызғандай  еді. Акцентпен сөйлейтін аудармашылар жан-жағыңнан жаны қалмай, суреттердің маз-мұнын, мән-мағынасын түсіндіреді келіп...

Тағы бір есімде қалғаны, әлгі көрменің ішінде арнайы бөлім, суреттер қойылған бөлек бөлме болды. Әлгіге кез келген адамды кіргізбейді (Әсіресе мектеп оқушылары мен жасөспірімдерді). Қызмет куәлігімен кіргізеді. Мен ол кезде республикалық «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісі едім. Соған орай газеттің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов ағайдың қолы қойылған журналистік қызыл куәлігім бар. Сол куәліктің көмегімен анау арнайы бөлімге кірдім. Ол енді, тіпті сұмдық. Американың тек қана аста-төк дәулеті мен өмірін асыра мақтап, жан-жақты баяндайтын суреттер. Әлгіні көрген адам: «Ту, Америка дегеніңіз - жұмақ орнаған ел екен ғой...»  деп ойлап қалатыны кәміл. Сосын жалаңаш, тіпті, тұттай жалаңаш әйелдердің әр түрлі позада түскен суреттері. Қазір ойлаймын, «Коммунистік ұранның, советтік тәрбиенің қылышынан қан тамып тұрған заманда ондай көрмеге қалай рұқсат берді екен?» деп... Көрмеге кірген адамға шығарда қолына «Фотография в США» деген қалың, түрлі-түсті журнал ұстатып жібереді. Және сондай атаумен кеудеге тағатын белгіні (значок) қоса береді. Тегін (Анау журналдың біреуі менде әлі күнге дейін сақтаулы жатыр).

Сол көрме басталғасын, көп ұзамай шатақ шыққан. Кейбір азаматтар мен азаматшалар америкалық көрме қызметкерлерімен оңаша жолығуға тырысқан, әлдебір заттар сатып алмақшы болған, кеңес үкіметінің саясатына қайшы келетін хаттарын бермекші болған. Міне, осы кезде біздерді, 4-5 комсомолды, Рысқан ағамыздың штабына шұғыл жинады. Онда да анау жоғарыда айтқан  қатып тұрып киінген ағайдай бір азамат бізді көрмеге жиі-жиі баруымызды сұраған. Тапсырма – шетелдіктермен байланысқа шыққысы келген күмәнді азаматтарды байқасақ, бірдеме беріп жатқан, әлдене алып жатқан жандарды көріп қалсақ, КГБ-ға шұғыл хабарлауымыз керек.

Көрмеге барудай бардық. Бірақ күмән туғызған ешкімді көрмедік. Олжамыз - барған сайын журнал мен кеудеге тағатын белгі. Бере береді. Кейін жігіттерге үлестірге-німіз есімде.

Мұны айтып отырған себебім, Димаш ағамыз ҚазМУ қалашығына келерде менімен әңгімелескен КГБ-ның қызметкері-ау деймін.

*   *   *

– Келе жатыр! Орындарыңда тұрыңдар!

Валентин Тёнің дауысы бойымды дір еткізді. Үшінші қабаттағы терезеден төмен қарамақшы болып едім, қайдан сап ете қалғанын білмеймін, еңгезердей нән орыс «Нельзя!» деп жасқап тастады. Қолындағы кішкентай ғана рациясын құлағына әлсін-әлсін апара береді. Алдында зоокорпус пен биокорпустың ішкі жұмыстарын жасап жатқан сылақшы қыз-келіншектерді сыртқа шығармай, сол өздері жұмыс жасап жатқан ғимараттың ішіне қамап тастаған. Олардың қатты ренжігендері есімде.

Бір мезгілде үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқан қонақтар да көрінді. Димаш ағамыз алда келеді. Біздің ауылда бізге рулас туысқан болып келетін Мерген Қырымов деген ағамыз болып еді. Еңгезердей, бойы 2 метрдің үстінде. Мен осы жасыма дейін ондай ұзын адамды көрмегенмін. Көшеде келе жатқанда, басқа адамдармен салыстырғанда, бойлауық түйедей болып, қасындағылардың төбесінен қарап келе жататын. Ал Димекең маған сол Мерген ағамыздан да ұзын болып көрінді. Қасына ергендер ол кісінің кеудесіне жақындай ма, жақындамай ма, айта алмаймын. Әйтеуір, таудай кісі екен. Димекеңнің қасындағылардан өзіміздің университеттің ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековты жыға таныдым. Қалған  адамдарды тани алмадым. Ректорымыз таныстырып сөйлеп келеді.

Бір уақытта қонақтар мен тұрған ұзын дәліздегі кіреберіс есіктің алдына келіп тоқтады. Әрі қарай оқу залдары, лабораториялық бөлмелер басталатын. Сол дәлізге кіреберіс есікке Димекең жақындағанда басымды иіп, сәлем бердім (Алдында анау ағайдың: «Өзің қол беріп амандаспа» деген сөзі мида жатталып, аяқ-қолды матап тастаған ғой. Әйтпесе «Ассалаумағалейкүмді» білетін ауыл баласымыз). «Амансың ба, балам?» деді. Одан әрі не дерімді білмей, абдырап қалғанымда Димекеңнің өзі:

– Құрылыста істейсің бе? –деді.

– Иә, аға.

– Қай жердің баласысың?

– Оралданмын, аға.

– Әке-шешең бар ма, не жұмыс істейді?

– Әке-шешем бар, өмір бойы қойшы болған. Қазір пенсияда.

– Қай мамандыққа оқығың келеді?

– Аға, мен журналистика факультетінде сырттай оқып жүрмін.

– Әрі оқып, әрі өзіңнің университетіңді салып жатыр екенсің ғой... Жарайсың, бақытты бол, айналайын!

Осылай деді. Көз алдым тұманданып, қатты толқып кеткенім есімде. Өң мен түстің арасында тұрған менің тұсымнан мәртебелі қонақтар ақырын басып өте берді.

Қонақтар биофактың барлық қабатын асықпай аралап шығып, содан кейін үлкен аудиторияға кіріп, мәжіліс құрыпты. Димекең құрылыстың барысына риза болып аттаныпты деген хабар бізге соңынан жеткен.

*   *   *

Ертеңіне бригадаға жұмысқа шықсам, жігіттер:

– Қонаев ағамызбен қол беріп амандасыпты деп естідік. Қалай амандастың, айтып берші өзің бізге, –дейді.

– Енді сол амандасқан қолыңды көпке дейін жума, –дейді.

Мен шынымды айтып:

– Жоқ, қол алысып амандасқан жоқпыз, бас изесіп амандастық, – деймін.

Тағы біреуі:

– Өй, бұл ерің Димекең қолын созғанда сасып қалып, сол қолын беріпті, сөйтіп, бәрімізді позор қылды, - дейді тіпті, адамның ойына келмейтін өтірікті соғып. Мен оған қызылкеңірдек болып ашуланамын. Қайдан білейін, бәрінің алдын ала келісіп алып, әзілдеп тұрғанын...

КазГУград (1)

Жалғыз мен емес, ҚазМУ қалашығының құрылысын салып жатқан комсомол құрылысшылар да осылайша қазақтың біртуар перзенті, аймаңдай азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қарсылап едік. Бұл да біздің өмірімізден өшпейтін ҚазМУ қалашығындағы күндеріміздің сәулелі шақтары ғой!

КазГУград (3)

P.S. ҚазМУ қалашығының алғашқы іргетасы құйылғанына биыл 50 жыл! Мамыр айының 18 жұлдызында осыған байланысты университет көлемінде үлкен мәдени іс-шара өтпекші. Оған осы мақаланың авторы да құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Есенжол Қыстаубаев, 

республикалық комсомолдық екпінді құрылыс ҚазМУ қалашығының

1973-1977 жылдардағы  құрылысшысы 

(Суреттер автордың архивінен алынды)

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале