17.05.2022, 10:30
Оқылды: 84

Ғайса Қапақов: «Сайлау жүйесіндегі  жаңашылдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай сайлау заңнамасына үлкен өзгерістер енгізілмек. Жаңа заң жобасында саяси тұрғыда белсенді азаматтардың сын-пікірлері ескерілуі тиіс екенін айтты. Осыған байланысты облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов саяси жүйеге енгізілетін жаңашылдық туралы қойған сауалдарымызға жауап берді.

0DB371CE-DD1E-479D-AE6B-7B75B175378B

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Орал қаласында облыс жұртшылығымен кездескені белгілі. Осы кездесулерде қандай мәселелер көтерілді? ОСК төрағасының өлкемізге жасаған іссапарының мақсаты неде? Көпшілік айтқан ұсыныс-пікірлер заң жобаларына енгізіле ме?

– Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров біздің өңірге 7-8 сәуір күндері жұмыс сапарымен келді. Облыстық қазақ драма театрында  облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, әртүрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, интеллигенция өкілдері, журналистер мен блогерлер төрағамен кездесті. Осы іс-шараны аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды. Нұрлан Мәжитұлының ұсынысы бойынша кездесуге саяси ұстанымы бөлек, алуан пікір иелері келді. Кездесуде өзінің ойын ашық айтам деген адамдардың еркін сөйлеуіне мүмкіндік берілді. Көптеген ұсыныс-пікір айтылды. Барлығы да заң жобасында қамтылады деп айта алмаймын. Бірақ орнықты ұсыныстар заңға өзгерістер енгізгенде қаперге алынады. Сол күні ОСК төрағасының қатысуымен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жастармен, Теректі ауданының Подстепное ауылында жақында сайланған әкіммен және тұрғындармен кездесулер өтті. Төрағаның жұмыс сапары әрбір ауданда кәсіби тұрғыда қызмет етіп жүрген аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесумен аяқталды. Іссапардың мақсаты – халықпен кездесу, олардың ой-пікірлерін тыңдау, сайлау жүйесіндегі алдағы болатын өзгерістермен таныстыру. Мұндай кездесу сайлау жүйесінде бірінші рет болып отыр десем, артық айтпаған болармын.

Әрине, жерлестеріміз үшін төрағамен тікелей кездесу пайдалы болды деп есептейміз. Әсіресе жастардың белсенділігі, олардың қойып отырған сұрақтарының тереңдігі сүйсінтті. Қынжылатын жағдай, кейбір жерлестеріміз өз ойын нақты деректерге сүйеніп айтпады.  Мысалы, бір белсенді «Ауыл» партиясына дауыс бердім, бірақ партия кандидаттары сайланған жоқ» деп айтқан еді. Бірақ сайлау қорытындысы бойынша «Ауыл» саяси партиясының кандидаттары әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардан 18 мандат алды. Барлығы  51 067  дауыс жинады. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Сайлау қорытындысы туралы брифингте кеңінен ақпарат бердік, түрлі басылымдарда нақты деректер жарияланды. Өзін көрсету үшін шындықтың тонын теріс айналдырып сөйлей беретіндер болады. Өкінішке қарай, кейбір жерлестеріміз оларға сенеді.

Сайлау заңнамасына қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі? Саяси реформалар пакеті азаматтық қоғамға қаншалықты серпіліс әкелуі мүмкін? Жаңа саяси партиялардың құрылуы үшін қандай мүмкіндіктер жасалады? Біздің облыста жаңадан партия құруға қатысты саяси қозғалыс нышаны сезіле ме?

– Әрине, сайлау заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйесі енгізіледі. «Оның ерекшелігі неде?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Мажоритарлық жүйе бойынша әр кандидат сайлау науқанына жекелей қатыса алады. Пропорционалдық жүйеде депутат партиялық тізім арқылы сайланады. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарының 70 пайызын пропорционалдық, 30 пайызын мажоритарлық, облыс мәслихатының 50 пайызын мажоритарлық, 50 пайызын пропорционалдық жүйе арқылы сайлау қарастырылып жатыр.

Ал қалалық және аудандық депутаттар тек жекелей сайлау арқылы жүзеге асырылады. Партиялық тізім болмайды. Одан басқа сайлау комиссияларының, байқаушылардың құзіретіне байланысты заңнамалық өзгерістер енгізу қарастырылуда. Былтырдан бері көптеген ұсыныстар енгізілді, үлкен жұмыс тобы құрылып, барлығы сараптамадан өткізілді. Әрине, сайлау жүйесіндегі жаңашылдық қоғамға серпіліс сыйлары анық. Халықтың сөзін сөйлей білетін, өмірден көрген-түйгені мол, білікті, өз ойын ешкімге жалтақтамай, тура айтатын, ел­дің тәуелсіздігі мен тыныштығын қадір тұтатын депутаттар сайланса, бәрімізге де жақсы. Осындай тұлғаларды саяси партиялар таныта алады. Қазіргі кезде 5 мың адам жиналып, партия құру мүмкіндігі қарастырылуда. Жақын арада жаңа заң жобасы қабылданса, саяси бәсе­кеге дайын жүрген азаматтар барлық өңірден табылады. Ондай белсенділер біздің облыстан да шығатынына кү­мәнім жоқ.

Мажоритарлық сайлау мен пропорцианалдық сайлаудың ерекшеліктері жөнінде ашып айтсаңыз. Не себепті мажоритарлық сайлауға басымдық берілмей отыр?

– Бұл жөнінде кеңірек айтып кеттім. Екі сайлау түрінен айырмашылық аса байқалмайды. Пропорционалдық жүйеде біз партия ұсынған тізімдегі кандидаттарды партияның бағдарламасына қарап таңдасақ, мажоритарлық жүйеде жеке адамды таңдаймыз, яғни оның жеке бағдарламасын талқылаймыз. Партия бағдарламасын жүзеге асыру үшін партия жұмыс мүшелері  істесе, сайлауға жеке-дара қатысқан депутат өзіндік бағыт-бағдарын ұсынады. Сондықтан республика көлемінде партияларға басымдық берілсе, аудандық, қалалық жерде жеке кандидаттардың белсенділігіне көңіл бөлініп отыр. Жергілікті жерде сол елдің өзекті мәселелерін өз басынан кешіп отырған азаматтар жақсы білсе, республика көлемінде партиялардың елдің дамуына қосатын үлесі молырақ. Әр партияның артында мыңдаған адам тұрғанын ескеруіміз керек.

Мәслихат сайлауына қатысты қандай жаңашыл­дық болады?

– Сайлаушылар облыстық мәслихат депутаттарын таңдағанда тең жартысы өзін ұсынған жеке кандидаттарға дауыс берсе, екінші жартысы партиялық тізімдегілерге дауыс береді. Әрине, мұнда қанша партия қандай тізім ұсынатынын тап қазір білмейміз. Сайлау кезінде солардың арасынан өз таңдауыңды жасау оңайға түспейді. Бәрі де жақсатты көрініп, мәселе көтеруі мүмкін. Ал соның ішінде сөзі мен ісі қабысқан партияға дауыс беруге тиіспіз. Сондықтан мәслихат сайлауына атүсті қарамай, әдемі естілетін даурықпа  сөздерге ермей, өзіміздің дұрыс таңдауымызды жасау, біздің өңірдің дамуының, болашағының  кепілі деп үлкен жауапкершілікпен сайлауға қатысу – басты міндетіміз.

Қоғам белсенділері тәуелсіз байқаушыларды тіркеу барысында әкімшілік кедергілер қолдан жасалып келгенін айтты. Саяси белсенді азаматтың байқаушы болып тіркелу рәсімі неге қиынға соғуда? Расымен де, осындай заңбұзушылықтар бүркемеленіп келе  жатқан жоқ па?

– «Кедергі жасалды» деу – жалпылама айтылған сөз. Егер олар күні бұрын дайындалып, заңға сәйкес құжаттарды дұрыс толтырып әкелсе, ешкім себепсіз тоқтатпай­ды. Заң талабынан жан-жақты хабардар болмай, тү­сінбей келіп, «Мен  бақылаушымын» деп кеуде соғатындар кездеседі. Мысалы, өткен сайлауда Орал қаласының 109 сайлау учаскесінің 93-інде өзін «Тәуелсіз бақылаушымын» деп таныстырған азаматтар қатысты. Солардың бір де бірінен сайлауда өрескел бұрмалаушылық орын алды деген арыз түскен жоқ. Ал сайлау учаскесіне бірен-саран адамды кіргізбеген жағдай болды. Шын мәнінде, олардың құжаттары дұрыс рәсімделмеген. Оларға осыны байыппен түсіндірдік. Кейбір азаматтар шу шығарып, сайлау учаскесіне рұқсатсыз кіргісі келді. Бірақ сайлау комиссиялары заң талабын бұзып, олардың ығына жығыла қоймады. Кейбір адамдар байқаушы болуды көздемейді, сайлау комиссияларын келеңсіз жағдайға душар еткісі келеді. Бірқатары әдейі тапсырмамен келген адам бо­луы мүмкін. Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға байқаушылар мәртебесі туралы өзгерістер енгізу қарастырылып отыр. Сол сияқты байқаушыларды оқыту, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, заң шеңберінде жұмыс жасауына жағдай жасау – кезек күттірмейтін мәселе­лердің бірі. Осы бағытта нақты іс-шаралар ұйымдастырамыз. Байқаушы – сайлаудың әділ және таза өтуінің кепілі деп қарауымыз керек.

 Өңірде қоғам белсенділері «Jaria» тәуелсіз байқаушылар ұйымын тіркеуге талпыныс жасап жүр. Алайда аталған ұйымды тіркеуде елеулі қиындықтар кездескен. «Jaria» тәуелсіз бақылаушылар бір­лестігі жөнінде не айтасыз?

– «Jaria» тәуелсіз байқаушылар ұйымы, менің білуімше, тіркелген ұйым. Біз жақын арада байқаушыларды жіберетін барлық ұйым өкілдерімен кездесіп, болашақта бірлесіп атқаратын жұмысты талқыға саламыз. Тәуелсіз деген ұғымды мен былай түсіндірер едім. Әрбір байқаушы жіберіп отырған ұйымға тәуелді. Оны халық сайлап жіберіп отырған жоқ. «Мен тәуелсізбін» деген адам қаражат беріп отырған адамға немесе ұйымға тәуелді. Сондықтан барлық байқаушылар сайлау комиссиясына тәуелсіз. «Jaria» ұйымы жөнінде айтар болсақ, оның өкілдері қазір әкімдер сайлауына қатысып жүр. Олардан бізге бір де бір ұсыныс түскен жоқ. Осы сияқты байқаушылар болашақта көп болады. Біз үшін олардың  бір-бірінен артықшылығы жоқ, заң алдында бәрі бірдей.

Байқаушылар мәртебесі мен өкілеттілігін көтеру үшін қандай реформалар жүргізіледі? Кей жағдайда тәуелсіз байқаушылар есебі мен орталық, аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының қорытындысы сәйкес келе бермейтіні  туралы дәйектер айтылып жатады. Осы­ған байланысты пікіріңізді білдірсеңіз?

– Байқаушылардың мәртебесі мен өкілеттігін көтеруге арналған кейбір өзгеріс­тер жаңа заң жобасына енгізіледі. Осыған байланысты жұмыс тобына ұсыныстар жолданды. Байқаушы жіберетін ұйымдардан талап етілетін кейбір басы артық құжаттар тізімнен алынып тасталуы мүмкін. Ең бастысы, байқаушылар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі жасамай, толық түрде сайлау барысын бақылап отыруына мүмкіндік жасалуы керек. Сайлау қорытындысы туралы ақпарат қолдарына беріледі. Егер сенімді өкілдер «Қорытынды дұрыс емес» десе, дауысты қайта санауға құқығы бар. Сондықтан байқаушылардың сенімді өкілдермен бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Заң талабына қайшы деректер анықталса, оны тек іс жүзінде дәлелдеп көрсету керек. Сондықтан сайлау науқанына байланысты атүсті айтылып жүрген сөздер – халық таңдауын жоққа шығарғысы келетін, көп­тің көңіліне сенімсіздік ұялататын тәсілдердің бірі деп білемін. Демократиялық дамыған елдердің сайлауы туралы ақпараттарды естіп, біліп жүрміз, бірақ біздің елдегі сайлау науқанынан асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Барлығы заң шеңберінде өтуі тиіс. Заң ұнамаса,  оны өзгертуге атсалысу керек.

Сайлау учаскесіне келген кейбір тұрғын өздерін тізімнен таба алмайтынын айтып шағымданады. Мұндай қателіктер неге орын алады? Түптің түбінде, дауыс ұрлау осыдан көрініс тауып жатқан жоқ па? Тізімді нақтылау, сайлаушылардың дерекқор базасын жетілдіруге байланысты қандай қадамдар жасалады?

– Өте жақсы сұрақ. Тізімді атқарушы құрылымдар жасап, сайлау комиссиясына тапсырады. Сол кезде сайлаушыларға шақыру қағаздары үлестіріледі. Әрбір сайлаушы сайлау тізіміне енгені жөнінде өзі келіп  немесе хабарласып білуі қажет. Ол аса қиын шаруа емес. Көбінесе тұрғындар бұған немқұрайлы қарап, телефон арқылы өзінің тізімде бар немесе жоқ екенін тексере салуға салғырт қарайды. Сосын сайлау күні өзін-өзі таба алмай,  айқай-шу шығарады. Әрине, тізімде өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан біз қайта-қайта сайлаушылардың өзін-өзі тексеруін сұраймыз. Мемлекеттік дерекқор мен сайлаушылар тізімін салыстыра зерттеу жұмысы әрбір тоқсан сайын жүріп отырады.  Енді дауыс ұрлау бойынша былайша жа­уап беремін.  Тізімде жоқ адамдарды қалай тізімге қосып, дауыс ұрлауға болады? Бұл - қанша тырыссаң да, мүмкін емес жағдай.

Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы өзгере ме? Комиссия мүшелігінен ондаған жылдар бойы түспей келе жатқан адамдар бар. Осы үрдіс дауыс санауда жең ұшынан жалғасуға себеп болуда деген пікір бар. Соған байланысты не айтасыз?  

– Сайлау комиссияның мүшесі болу - өте жауапты жұмыс. 2019 жылы аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы 5 жылға мәслихат арқылы сайланды. Қазіргі құрамда 3259 адам бар.

Заң бойынша сайлау комиссиясының құрамына пар­тиялар және қоғамдық ұйымдар уәкілі бойынша сайланды. «Комиссия мүшелігінен кетпеймін» деп табандап отырып алған адамдарды кездестірген жоқпын. Барлығы да барынша өзіне жүктелген жұмысын абыроймен атқаруға тырысады. Мен әрқашан­ оларға ризашылығымды айтудан жалықпаймын. 3259 комиссия мүшесінің 28-і ғана кәсіби тұрғыда немесе 0,85 пайызы ғана жұмыс істейді. Қалғандары қоғамдық негізде жұмыс атқарады. Тек сайлау науқанында бір ай ақылы жұмыс істей алады. Ондай тетік соңғы жылдары ғана іске асты. Бұрынғы уақытта сайлау комиссиялары тегін жұмыс атқарды.

Енді көптен бері қызмет етіп келе жатқан сайлау комиссиясының мүшелері туралы айтсақ. Сайлау жұмысы негізінен кәсіби біліктілікті қажет етеді. Сондықтан олар оқу курсынан өтуі керек. Сайлау алдында біліктілікті нақтылау бойынша тест тапсырады. Мұндай талап үдесінен шығуға көбінің шамасы келмейді. Сондықтан сайлау комиссиясының тек 30 пайызына көптен істеп келе жатқан тәжірибелі кісілерді тартуға мәжбүрміз. Сайлау туралы заңға сәйкес бір мекеме адамдары әрбір сайлау комиссиясының 50 пайызынан көп болмайды.

Бюджет қызметкерлері дегендері мұғалімдер болар. Мысалы, Жаңақала ауданы бойынша бірде-бір мұғалім сайлау комиссиясында жоқ. Қаратөбеде бірде-бір мектеп директоры сайлау комиссиясында төраға емес. Сайлау комиссиясының 66,7 пайызы жоғары білімді, 23,2 пайызы – орта білімді мамандар. Жоғары не орта білімі жоқ адамдар 10,1 пайызды құрайды. Сайлау комиссиясының 7,8 пайызы ғана мемлекеттік мекеменің қызметкерлері, 2,9 пайызы – зейнеткерлер. Сайлау комиссиясы мүшелерінің орта жасы – 44,4. Бізде көбінесе сайлау учаскелері мектептерде орналасқан. Сондықтан сайлау комиссиясына 7 адам мүше болса, соның 3-еуі ғана осы мектептің мұғалімі бола алады. Осы цифрларға қарап, айтылған тұжырымдар негізсіз екенін білуге  болады.

Учаскелік сайлау комиссиясының құрамы қандай қағидатқа сай жасақталады? Комиссия құрамындағы бюджет қызметкерлерінің үлесін азайтып, билік буындарына тәуелсіз, азаматтық белсенділермен жасақтаса қайтеді?

– Сайлау комиссиясының мүшелерін саяси партиялар ұсынады. Олар кімді ұсынатынын біз білмейміз. Мәслихат депутаттары ұсынылған адамдарды жасырын дауыс арқылы сайлайды. Сондықтан тәуелсіз, белсенді адамдарды әкелу - партиялардың жұмысы. Екінші жағынан, мәслихат депутаттары кімді таңдайтыны да белгісіз. Комиссияның негізгі жұмысы - сайлау үрдісін ұйымдастыру және берілген дауысты дұрыс санау.  Оны ашық түрде жасайды, байқаушылар қарап отырады. Комиссиялар құрамында ары таза, байсалды, заңды жетік білетін, тәжірибесі бар, дұрыс түсіндіре білетін адамдар болғаны жақсы.

Электораттың сайлау науқанына қатысты деректерін пайыздық көрсеткішпен келтіре кетсеңіз. Дауыс берушілердің сайлауға деген сенімі өте төмен. Қаладағы сайлаушылардың қатысу деңгейі қандай? Олар неге белсенді емес? Әсіресе жастардың сайлауға деген қызығушылығы неге бәсең болып келеді?

– Әрине, көрсете аламыз. Өткен Парламент Мәжілісін сайлауға 279 020 облыс тұрғыны қатысты. Ең төменгі көрсеткіш қалада болды. Бұған себеп көп. Соның бірі – сайлау болған күні ауа райының қолайсыз болуы.  Сол күні адам жүре алмайтындай көк тайғақ болды. Көп адам ерініп немесе қорқасоқтап, көшеге шыға алмады десем болады. Екінші жағынан, партиялық тізім бойынша сайлаудың әсері болды. Көпшілігі бұл партияларды білмейді. Сондықтан болар дейміз. Үшіншіден, партиялар жастар арасында үгіт-насихат жұмысын дұрыс жүргізген жоқ. Болашақта осыны ескеруіміз керек. Әрбір партия, кандидат өз электоратын көбірек тартып, көп дауыс жинауға тырысуы керек. Соңғы санақ бойынша елімізде халықтың орта жасы – 31. Сондықтан партиялар жастармен жұмысты жақсартуы қажет. Жастарға көптеген мәселелер бойынша жауап беріп, олардың сайлауға қатысуының өзектілігін түсіндіре  білгеніміз  жөн.

Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың құрамы қалай өзгереді? Өткен Мәжіліс және мәслихат сайлауында партиялар үлесі қандай болды? Қоғам пікірінше, сайлау комиссиялары белгілі бір партия мүддесіне орай бұрмалаушылық жасайды, белгілі бір партия кандидаттарына дауыс қолдан жиналады. Алдағы сайлау әділеттілік көрсет­кіші бола  ала ма?

– Өткен сайлауға 4 партия қатысты. Соның ішінде «Nur Otan»  350, «Ауыл»  41, «Ақжол» 35 кандидатын өткізді. НПК, ОСДП бірде-бір кандидат ұсынған жоқ. «Адал» 29 кандидат ұсынып еді, біреуін де өткізе алмады. Сондықтан бір партия мүддесіне орай бұрмалаушылық болды деп айту қиын. Өзіңіз көріп отырғандай, әр партия өзінің мүмкіндігіне қарай дауыс жинады деп ойлаймын.

Алдағы сайлаудың да әділ өтуі әр партияның белсен­ділігіне, ұйымдастыру қабілетіне, штабтарының жұмысына байланысты. Тек «Нұр Отаннан» (қазіргі «Аманат») басқа партиялардың, ауылды есептемегенде, аудан орталығының өзінде филиалдары жоқ. Көпшілігі керек кандидаттарды таба алмай, ті­зімді 20-30 адамнан жасады. Әрбір аудан бойынша 3-4 адам. Одан кейін бұрмалаушылық болды деп қалай айтуға болады?

2019 жылы өткен ҚР Президент сайлауы кезінде заңсыздықтар болды деген пікір көп айтылды. Кейбір сайлау учаскелерінде сайлаушылардың дауысы өрескел бұрмаланғаны туралы айтып жүргендер бар. Өткен сайлаулар кезінде өңірдегі азаматтық қоғамдастық тарапынан қандай сын жиі айтылды? Сайлау комиссиясының төрағасы ретінде сын-пікірлерге өзіндік жауабыңызды берсеңіз.

– Өткен президенттік сайлауда негізі кандидаттар Тоқаев пен Қосанов болды. Салыстырып қараңыздаршы, Қосанов облыс орталығына бір рет келіп кетті. Онда да үлкен кездесулер өткен жоқ. Ұйымдастыру штабының құрамы да  өте аз болды. Әрине, оның бір себебі – қаражатқа байланысты болар. Одан кейін не күтуге болады? Соның өзінде ол 63 355 дауыс жинады. Бұл, әрине, аз дауыс емес. Ал Тоқаев болса, партияның бүкіл мүмкіндігін пайдаланды. Әрбір ауылда, әрбір кәсіпорында оның штабтары жұмыс істеді. Ол кісінің электораты – «Нұр Отан» партиясының жақтастары. Мысалы, партияның 30 мың мүшесі болса, әрбір мүшесі 5 адамнан алып келсе, толық есебі – 150 мың шамасы. Одан басқа электораттың көпшілігі – өзге ұлттың өкілдері. Олар, сөзсіз, Тоқаевты жақтады. Неге десең, оның бағдарламасы ұлтаралық қатынасты жоғары қойды. Басқа халықтың өкілі бізде 160 мыңнан астам десек, сонда оның жинаған 223 937 дауысын шамалауға болады. Енді бізде істің мән-жайын білмейтіндер баяғы сарынға салып, бұрмалады деп айта береді. Сынды кімдер айтатынын да білеміз. Сол сайлау кезінде  6 аумақтық сайлау комиссиясына барлығы 18 арыз келіп түсті. Оның бәріне дер кезінде жауап бердік.

Жалпы сайлау барысындағы заңбұзушылық­тардың жария айтылма­уына немесе аз тіркелуіне қоғам күдікпен қарайды. Соңғы өткен 3 сайлау кезінде қандай құқықбұзушылық бойынша қанша адам жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде учаскелік сайлау комиссия мүшелері болды ма? Сайлау кезінде тіркелген заң бұзушылықтар туралы айтып өтсеңіз.

– Сайлау науқанында біз біраз брифингке қатыстық. Сайлау күнінде екі сағат сайын хабарлама жасап тұрдық. Мен тұрғындарға толыққанды ақпарат жеткізуге бар күш-жігерімді жұмсадым. Бүгінгі сізге беріп отырған сұхбаттың да негізгі мақсаты – осы. Өткен үш сайлау науқанында құқықбұзушылық болған жоқ. Ол болуға да тиіс емес. Біз барынша әрбір сайлау комиссиясына міндетін, жауапкершілігін нақтылап түсіндіруден жалыққан емеспіз.

Азаматтық белсенділер ҚР Сайлау туралы заңының 43-бабына өзгеріс енгізуді сұрайды. Сайлау бюллетендерін ашық санау қолға алына ма? Әр сайлау учаскесіндегі хаттамаға енгізілген дауыс нәтижесі неге бірден ашық желіге жарияланбайды?

– Иә, өткен кездесуде көптеген ұсыныс-пікір айтылды. Біздің беріп отырған нұсқаулықты дұрыс оқыған болса, бұл бағытта сұрақ көп болмас еді. Сол нұсқаулықта комиссия мүшелері дауыс санаған кезде бюллетенді байқаушыларға қаратып санауы керек. Сонда кімге қанша дауыс бергені бәріне көрініп отырады. Болашақта мұны одан әрі қарай жетілдіру ойымызда бар. Ол үшін жаңа технологияны қолданып, байқаушыларға анық көріну үшін тиімді құрал қолданылады. Ашық желіге жариялау мәселесі де қаралып жатыр. Қорытындысын сайтта жариялау мәселесі де бар. Қазіргі уақытта біз ауыл әкімдерін сайлауды ашық түрде өткізуге ұмтылудамыз. Оны қатысып жүрген тәуелсіз байқаушылар да растап отыр.

 Сұхбаттасқан Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале