Биылғы қаңтар айында Казталов аудандық сотына аталмыш ауыл тұрғыны А.Мендібаевадан талап-арыз түсті. Онда «Жиенбай» ЖШС-ның меншігіндегі Орал-Казталов бағытында жүретін аутобусқа мінгендігі, жолда жоғарғы сөреден басына құтыдағы тосап (варенье) құлап, денсаулығына зақым келгені көрсетілген. Қараша айының 22-нен 29-на дейін Казталов аудандық ауруханасының күндізгі бөлімінде жабық ми жарақаты, бас ми шайқалуы жарақаты бойынша ем алғаны да жазылыпты.
Кейін дәрігер-невропатологқа ақылы қаралып, қосымша дәрілер сатып алғаны жөнінде де айтылған. Тоқ етері, денсаулығына келтірілген залал үшін «Жиенбай» ЖШС-дан 300 000 теңге, жүк иесінен 200 000 теңге моральдық зиян өндіріп беруді сұраған.
Сонымен, сот отырысында талап қоюшы материалдық шығынын «Халық сақтандыру компаниясы» АҚ төлегенін, алайда моральдық зиян бойынша талап қоятынын жеткізді. Ал жауапкер «Жиенбай» ЖШС-ның өкілі талапты мойындамады. Яғни ол 2021 жылғы 21 қарашадағы жағдайды іске жауапкер ретінде тартылған кезде ғана білген. Аутобус жүргізушісі жолаушыларға ауыр жүктерін арнайы белгіленген орынға салу қажеттігін ескерткенін, қол жүгіне қатысты қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс екенін, сондықтан оқиға бойынша жүргізуші жауапталмағанын, оның кінәсі жоқтығын да жеткізді.
Сот отырысында Казталов аудандық полиция бөлімінің өкілі М.Мамбетов 2021 жылдың 21 қарашасы күні сағат 22:40-та талап қоюшының аудандық ауруханаға жабық ми жарақаты, бас миы шайқалуы нақтамасымен түскенін және оның А.Бисекеноваға қатысты арызы тіркелгенін айтты. Сонымен бірге оқиғаны тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін тиісті құжаттар Орал қалалық полиция бөліміне жіберіліпті. Оған жауап қайтарған қалалық полиция бөлімінің өкілі Б.Менешев талап қоюшының арызына сай жиналған құжаттар қылмыс құрамы болмауына байланысты номенклатуралық іске тігілгенін келтіріпті. Бұған қоса арыз берушіге моральдық зиян келтірілгені үшін азаматтық тәртіппен шағымдану құқығы түсіндіріліп, ресми жауап берілгені, ал аутокөлік жүргізушісі жауапталмағаны нақты көрініс тапқан.
Айта кетелік, сот отырысында куәлар - М.Сафуллина, Ж.Әметова және Ж.Тұяқбаев орын алған жайды толық растады. Өз кезегінде дәрігер-хирург З.Шатаева да былтыр 21 қараша күні талап қоюшы (10.10.1958 ж. т.) «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға жеткізілгенін, жағдайы орташа ауырлық дәрежеде болғанын, жабық ми жарақаты, бас миы шайқалуы диагнозы қойылғанын, сол бойда ем қабылдауға жатқызылғанын әңгімеледі. Тағы бір дәрігер Ж.Әубекерова жәбірленушінің күндізгі бөлімде емделгенін, қосымша артериялық гипертензия нақтамасы қойылғанын қосты. Сот отырысында Казталов аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Д.Базарғалиева да талап қоюшының аудандық ауруханада емделгенін нақтыласа, «Uniserv» медициналық орталықтың дәрігер-невропатологы Ж.Давлетьяровтың қабылдауында болғаны да дәлелденді. Жәбірленушінің бас сүйегі «Uniserv» медициналық орталығында магнитті-резонансты томографияға да түсіріліп, дисциркуляторлы энцефалопатия, церебральды ангиопатия, оң жақ омыртқа артериясының гипоплазиясы және оң жақ ішкі ұйқы артериясының кинкинг синдромының белгілері бары анықталған. Ол бойынша ем-шара тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 707-бабына сәйкес жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілуі салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушының жауапкершiлiгi (егер заң актiлерiнде немесе шартта тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмесе) осы кодекстiң 47-тарауындағы ережелер бойынша белгiленедi. АК-нің 917-бабының 1-бөлігіне сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды оны келтiрген тұлға толық көлемде өтеуі тиiс. Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы 1994 жылғы 21 қыркүйектегі заңының 23-бабына сай тасымалдаушылар азаматтардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Ал 2017 жылғы 30 қазандағы №3 шарттың 2.14-тармағының талабына сай тасымалдаушы, яғни «Жиенбай» ЖШС жолаушының қауіпсіздігін, оған қажетті қызмет ету жайлылығы мен шарттарын қамтамасыз етуге міндетті. Жалпы іс құжаттары бойынша талап қоюшы отырған көлік – (маркасы «GOLDEN DRAGON») 262АZ07 мемлекеттік белгісі бар аутобус «Жиенбай» ЖШС-ға тіркелген және Орал – Казталов бағытына қызмет көрсету құқығы жүргізушінің атына берілген. Десек те, жүргізуші орын алған жағдай туралы жұмыс берушіні хабардар етпей, әрі қарай кете барған.
Сот жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сай жолаушының денсаулығына келтірілген зиян үшін жауапкершілікті тікелей тасымалдаушы көтеруі тиіс деп санайды, яғни «Жиенбай» ЖШС. Аталған серіктестік өкілінің жолаушыға зақым келген дерек жөнінде білмегендігі туралы уәждері оларды жауапкершіліктен босатуға негіз болып табылмайды. Сондай-ақ іс бойынша қол жүгінің иесі багаж тасымалдау ережелерінде белгіленген талаптарды сақтамаған, яғни оны дұрыс орналастырмаған. Мұның соңы басқа жолаушының денсаулығына зақым келуіне әкеп ұрындырып отыр.
Казталов аудандық соты жоғарыда анықталған мән-жайларды ескере келіп, талап қоюшының талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Нақтырақ айтсақ, оның пайдасына қол жүгінің иесінен 50 000 теңге, ал жауапкер - жолаушыларды тасымалдаушы мекеме «Жиенбай» ЖШС-дан 200 000 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Осы шешім негізінде «Жиенбай» ЖШС моральдық шығынды жәбірленушінің есепшотына аударды, ал жауапкер А. Бисекеноваға қатысты сот шешімі мәжбүрлеп орындауға жолданды. Әрі бұл іс бойынша «Жиенбай» ЖШС-ның және Зашаған полиция бөлімшесі қызметкерлерінің тарапынан жіберілген заңбұзушылық деректеріне қатысты жеке ұйғарым шығарылып, тиісті тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.
Аутобуста қол жүгіңе ие бол, жолаушы!
Гүлжиһан Сағитова,
Казталов аудандық сотының судьясы