17.05.2022, 18:24
Оқылды: 60

Робототехниканы меңгерсін, бірақ «робот» болып кетпесін

Сырым ауданында «Балдырған» балабақшасының базасында «LEGO әлемінің құпиялары» атты облыстық семинар өтті. Семинар жұмысына аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша мамандары, әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтары қатысты.

IMG-20220517-WA0056

Меймандар әуелі Жымпитыдағы Қадыр Мырза Әлиге арналған ескерткіштің алдына аялдап, гүл шоқтарын қойды. Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әли – қазақтың балалар әдебиетін жаңа биікке көтерген қаламгер. Сондықтан балабақша педагогтарының семинары ақынның алаңынан басталуы жарасымды болды дер едік.

IMG-20220517-WA0055

«Балдырған» балабақшасының ұжымы әріптестерін ақ боз үй тігіп, ақ дәммен қарсы алды. Салтанатты, сәтті, үлгілі «Аружан» би ансамблі бимен өрнектеді. Қазақы орданың жанында белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра», «Асыл домбыра» айтыстарының финалисті Бауыржан Ширмединұлы арнау айтты. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов құттықтау сөз сөйледі.

Семинардың тақырыбы «LEGO әлемінің құпиялары» деп алынуы тегін емес. Сырым ауданындағы педагогтар мектепке дейінгі білім беру процесіне Lego-құрастыруды және робототехниканы мақсатты түрде енгізуді ұсынуда. Оның шынында да ғылыми дәлелденген бірнеше «құпиясы» бар екен. Біріншіден, конструкторлардың ұсақ бөлшектерін қолдану балалардың саусақтарының ұсақ қимыл моторикаларын дамытады. Екіншіден, ересек жастағы балалардың робототехникаға ынтасын ашып, техникалық бағытқа икемдейді.

«Біз бақытты бүлдіршін!» атты балабақша бүлдіршіндерінің сазды концертінен кейін семинар қатысушылары секцияларға бөлініп, тәжірибе алмасуға кірісті. Практикалық бөлімде «Робот» ҰОҚ», «LEGOландия ғажайып әлемінде», кейін шеберлік сыныптарда «Роботтар әлеміне саяхат», «Асық терапиясы», «TRENDтегі фетрлар», «МегаART», «Жүрекше» сабақтары қатысушылар үшін пайдалы әдіс-тәсілдерге толы болды.

Иә, балалардың робототехниканы меңгергені керек. Алайда олардың күні-түні гаджетке байланған, виртуалды өмірге әбден енген, адами сезімдерді қабылдай алмайтын «робот» болып кетпеуі маңыздырақ мәселе. Сол жағына көбірек мән берген абзал.

Б.Мұстафа,

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале