18.05.2022, 15:45
Оқылды: 298

Суретші Сағидолла

Орыстың әйгілі патшасы І Петр бірде Петрбор қаласының көшелерін аралап келе жатады. Бір кезде үлкен қабырғаға көмірмен шимайлап салып тұрған балаға көзі түседі. Патша жақындап келіп: «Не істеп тұрсың?»,- деп сұрайды. Сонда бала:«Сіздің суретіңізді салып тұрмын»,-деп жауап қатады. Баланың талабына риза болған Ұлы Петр оны сарайға алғызып, барлық жағдайларын жасайды. Оқытады, құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етеді. Кейін сол бала орыстың атақты суретшілердің біріне айналыпты дейді. «Талаптыға нұр жауар» деген осы да.

IMG_1622

Сондай талапты да талантты жандардың бірі біздің Шыңғырлау ауданында да бар. Ол – Сағидолла Абуов атты азамат. Сағидолла Қарағаш ауылының тумасы. Ново-Петровка мектебінде оқыды, елмен бірге еңбек етіп, халықпен біте қайнасқан жан. Сондықтан да ауыл өмірін, тұрмыс-тіршілігін, жан-жануарлар дүниесін бес саусақтай біледі. Бәріміз де білеміз бір кісідей. Алайда соны ақ қағазға мөлдіретіп сурет етіп төгіп шығу қолыңыздан келе ме?! Әй, қайдам... Ал Сағидолла сол шаруаны керемет етіп орындай алады. Себебі, ол – ауыл суретшісі!

26

Елге деген перзенттік махаббат сезімін жыр жолдарымен, ән әуендерімен, күмбірлі күйлерімен жеткізетіндер бар. Ал кейбір адамдар туған жеріне арнап зәулім ғимараттар, үлкен көпірлер, мешіттер мен мұнаралар тұрғызып жатады.

1 (18)

Сағидолла болса сезімін суретке сыйғызған ғажайып жігіт.

О, туған жер, қадіріңді кім білген,

Мен қырыңнан теруші едім бүлдірген.

Сенде өткізген артық екен бір күнім,

Басқа жерде той тойлаған мың күннен, - деген халық арасында кең таралған өлең жолдары бар.

6

Сағидолла – ауыл суретшісі, өзіміздің Нова-Петровканың, Қарағаштың, Ақсуаттың, Қарғалы мен Ақшидың суретшісі. Алдымызда оның суреттері – шығармалары жатыр. Оған қарап отырсақ, өткен ғасырдың аяқ шеніндегі ауыл суреті, тылсым табиғат әлемі еңбек адамдары, тұрмыс-тіршіліктері – кинолента кескініндей бөлек-бөлек болып көз алдыңа елестей қалады.

Суреттерге көз салсақ...

5 (1)

Әне, ауыл қырманы, астық қоймалары, дән тазалайтын қондырғы, ЗИЛ-130 аталатын жүк машиналары. Мына суретте Қарағаш орманынан ағаш тиеген телешкі ілген «Белорустар» зырлап келеді, алыстан Қыземшек тауы да мұнартады, көп кешікпей Кеңойдан да өтеді-ау. Совхоз конторының алдындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш-стелла шынайы бейнеленген. Бір суретте Ақбордың бер жағындағы Шыңғырлауға жолда тұрған жанар-жағармай беретін орын, ауылдағылар үшін «запровка». Бензовоз бен ДТ-75 тракторы келіп тұр. МТМ-дан «Техпомощь» машинасымен тағы бір адам кетіп барады. Бригадада техникасы сынған біреу бар-ау, сірә.  Совхоз қоймасының алдында машина бригадаға тамақ тиеп жатыр. Су мұнарасынан (водокачка) су толтырып алған трактор енді жүргелі тұр.

3 (5)

Ауыл көрінісі осындай. Ғажап емес пе? Бәріміздің есімізге кешегі қимас күндер, балалық шақ, мектеп кезі, жастықтың жалынды кезеңдері сағыныш сыйлап өтіп жатыр. Құдай-ау, қайда сол жылдар...

Біздің Сағидолла осындай ауыл суреттері галереясын жасаған адам.

Бұның сыртында Сағидолла Мақыбайұлының аудандық тарихи-өлкетану музейінен ашылған көрме-бұрышында қойылған суреттері мен мүсіндері де бар. Бұл жерде қыран бүркіт, елік, аққуларды бірге көрсете отырып, көк пен жер, су бірлігінің тұтастығын байқатса, дала төсіне ұмтылған жылқылар, тәккәппар арқар, сұлу қыз мүсіндері қойылған. Көрме төрінде түлкіні ілген қыран мен ағашқа өрмелеген жылан көрінісі де шынайы.

7

Біз Сағидолланың суреттер әлемінің бір бөлігін ғана баяндадық. Әлі халық көрмеген дүниедер қаншама!? Ауылда тұратын қарапайым суретші Сағидоллаға қызыға қарай отырып, болашақта оған қандай көмек-қамқорлық жасап, тума талантын ұштай түсу үшін қандай көмек берсек екен деген ойға келдік.

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале