2013 - 2014 жылдар. Қыстың уақыты. Жұмыс аяғына жақындаған. Фотоаппарат, диктофонымызды алдымызға жайратып, ноутбукке сурет көшіріп, алған сұхбаттарымызды қағазға түсіріп өзі-өзімізбен әуре күйде отырамыз. Редакцияға спорттық сөмкесін асынып, шәкірттерінің дипломдарын құшақтап жаттықтырушы Әскер келеді. Демек, шәкірттері тағы да жүлделі оралған.
-Бәуке! Жарыстан келдік. Балаларым жақсы күресті. Нұрсұлтан Зайзағалиев деген шәкіртім 38 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Осыны мақала қылып жазшы.
Біз сол кезде-ақ бапкерінің Нұрсұлтаннан зор үміт күтетінін сезетін едік.
Бүгін дзюдо күресінен жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдесінің иегері, Еуропа Кубогының үш дүркін жүлдегері Нұрсұлтан Зайзағалиев туған жері – Сырым ауданына келіп, өзі түлеп ұшқан Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттерімен кездесті.
Нұрсұлтан 2-ші сыныпта оқып жүргенде үшбу мектептегі күрес үйірмесінің жаттықтырушысы Әскер Нұрмұхановтың алдына келді. Тәжірибелі бапкер жас баланың жанарынан от көрді. Белі бекіп, буыны қатайғасын Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға апарды. Жаттықтырушысы ондағы мақсатымен бүгін ғана бөлісті:
-Шәкіртімнің дзюдомен кәсіби түрде айналысқанын қаладым. Өйткені ол – олимпиадалық спорт түрі. Басқа басқа, Нұрсұлтанның ерік-жігері оны Олимп шыңына дейін жеткізбей қоймайды. Содан әлі үміттімін, – деді ол.
Бүгінде қазақ дзюдосының тарихында Зайзағалиевтің дәурені басталуда. Ол – ұлттық құраманың мүшесі. Күні кеше Афиныда атой салып, атағын әйгілеп, артынша Польшаның Познань қаласында күміс медаль тағынды. Осымен үш мәрте дзюдодан жастар арасында өткен Еуропа Кубогының жүлдегері атанды Нұрсұлтан.
Ол кездесуде балғын балуандардың сауалдарына жауап берді, ізін алған інілеріне «Жетістікке жеткізетін – тәртіп екен!» - деп ағалық ақылын айтты. Кейін дзюдошы бозкілемге шығып, сүйікті әдісі мен қорғаныс тәсілдерін көрсетіп, спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне ашық сабақ өткізді.
Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов, Сырым ауданының құрметті азаматы Құсайын қажы Бақтияров, БҚО дзюдо федерациясының Президенті Рустам Шайхиев және белгілі бапкерлер, спортшылар қатысты.
Төлеген Төреғалиев өз сөзінде Нұрсұлтан Зайзағалиевтің Сырым өңіріндегі даңқты күрес мектебінің лайықты мирасқоры екенін айтып, оған елдің атынан ат мінгізді. Жаттықтырушысы Әскер Нұрмұхановқа бір тұлпар атап, күрестің өркендеуіне, жаңа есімдердің шығуына атсалысқан Рустам Шайхиевке шапан жапты. Құсайын Бақтияров жас балуанға 100 мың теңге сыйақы тағайындады.
Еуропа Кубогының жүлдегеріне құрмет көрсетуде ауданның Ғ.Нұрмұханов, Б.Нұрмұханов, М.Гумаров, Р.Камалиев, Т.Алшекенов, А.Насибуллин, М.Молдағалиев, Р.Нигметов секілді кәсіпкерлерінің үлес қосқанын айта кету керек.
-Алдағы арман – мақсатыңыз қандай? – деген сауалға Нұрсұлтан Зайзағалиев.
-Ұлттық құраманың ересектер тобына ауысып, Әлем чемпионаттарында ұпай жинауым керек. Сонда дзюдодан жазғы Олимпиадаға бару жол ашылады. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Токиода Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов ағамызбен оқу-жаттығу жиындарында жолығып жүрміз. Ол – мықты балуан, тамаша ұстаз. Менің арманым – Сметовтан асып түсу», - деп жауап берді Зайзағалиев.
Арманыңа жет, Нұрсұлтан!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген: Айман Өтеғалиева