19.05.2022, 10:45
Оқылды: 42

Жариялылықты арттырып, қоғамды ізгілендіреді

Оралдағы Достық үйінде «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын талқылауға арналған облыстық қоғамдық кеңестің диалог алаңы өткізілді. Бұл іс-шараға облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, заңгерлер, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

5

Жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес биыл 5 маусымда республикалық референдум өткізілетінін, белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы құрылымдардың өкілдері еліміздің Негізгі заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірлеп, оны Конституциялық кеңес қағидаларына (нормаларына) сай деп тапқанын айтты.

– Егер қолданыстағы Негізгі заңның үштен бір бөлігі өзгеретінін ескерсек, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады деген сөз. Мемлекет басшысы биыл бесінші мамыр күні жасаған бейнеүндеуінде «Мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуы тиіс» деп атап өтті. Осында жиналған жерлестеріміз де референдум өткізу бастамасының өте орынды екенін қолдайтынына сенемін, – деді Ербол Ғұмарұлы.

Дөңгелек үстелде саясаттану ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Хайдар Қапанов пен облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Естай Рашқалиев «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасы - Екінші Республика құрудың саяси-құқықтық негізі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамалар аяқталған соң, дөңгелек үстелге жиналғандар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде заң жобасын талқылау мақсатында өз пікірлерін ортаға салды.

– Референдумды өткізерде қандай заңдарды енгізу қажеттігі жөнінде халықпен ақылдасып алу керек еді. Өйткені бүгінде мемлекеттік тіл мен ресми тілдің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Оның ара-жігі айқындалуы тиіс. Қазір мемлекеттік тілдің халі мүшкіл. Қазақ тілінің құқықтарын бұзғаны үшін ешқандай жаза қолданылмайды, айыппұл төленбейді. Ассамблеяда біреу кәріс, біреу татар болғанына, яғни, ұлттық белгісіне қарай депутаттыққа сайланады.  Осы мәселе назардан тыс қалып отыр деп ойлаймын. Сондай-ақ сенаторларды, Конституциялық сотты, сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау сияқты тетіктерді алып тастау керек,– деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдіров.

Республикалық референдумды қолдау жөніндегі облыстық штабтың төрағасы Табылғали Сапаров өз сөзінде Конституция тұрақты болса, мемлекет те тұрақты болатынын, мемлекет дамыған сайын адамдардың сана-сезімі жетіліп, осыған орай заңдардың өзгеретініне тоқталды.

– Конституциялық сот адамға өз құқығын қорғайтын түбегейлі мүмкіндік беретіндігімен ерекшеленеді, – деді ол.

Дөңгелек үстелде облыстық, қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері – Алтынай Есқалиева, Махамбет Ихсанғали еліміздің конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, референдумды ұйымшылдықпен өткізіп, халықтың басым бөлігінің дауыс беруін қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты. Сол сияқты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, «Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы Мынатаубиік Әнесов Конституциялық өзгерістер қазақстандық қоғамның жариялылық тұрғысынан жаңарып-жаңғыруына негіз болатынын тілге тиек етті. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Жансұлу Төремұратова қазіргі кезде саяси өзгеріс керек екенін мәлімдеді.

– Референдумға өзекті баптарды өзгертуге ұсыныс беріліп отыр деп түсінемін. Мұны халыққа түсіндіру үшін терең білім мен жоғары мәдениеттілік керек. Оңды-солды сынаудан гөрі, елдің жағдайын қайтсек түзейміз деген бағыттағы нақты ұсыныстарды айтуға тиіспіз, – деді Жансұлу Меңешқызы өз сөзінде. Ал БҚО азаматтық альянс төрағасы Аслан Тәпішев бүгінгі таңда халыққа бұл өзгерістердің қажеттілігіне байланысты пікірін білдірді.

– Мал бағу – қазақтың ата-кәсібі. Сондықтан жерді монополистерге үлестіре бермеу керек. Халықтың атакәсібін дамытып, малын көбейтуге бұл өзгерістер тиісті көмегін көрсете алады деген сенімдемін. Бұл тұрғыда Үкімет соған лайық шешім қабылдауы тиіс, - деді ол.

– Қасым-Жомарт Кемелұлының саясатын қолдаймын. Президент байыпты, байсалды түрде қазақстандық қоғамның саяси жаңғыруын жүзеге асыруда. Жас толқынның өкілі ретінде, өз басым, осыны сезінемін. Бұрынғыдай Парламентке шығарса болар еді. Алайда Президент саясатымды халық қолдай ма екен деген ниетпен бүкілхалықтық референдум өткізгелі отыр. 33 бапқа енгізілмек 50-ден астам өзгерістің барлығы да біздің қоғамның жариялылығын арттырып, ізгілендіре түспек. Сондықтан замандастарымды, құрбы-құрдастарымды нық азаматтық ұстанымын танытып, референдумға түгелдей қатысуға шақырамын, – деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Біржан Кухаев.

Диалог алаңын облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов қорытындылады. Ол осы іс-шараның қорытындысы ретінде дөңгелек үстелге қатысқандар атынан Үндеу қабылдағанын мәлім етіп, оның мәтінімен таныстырды.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале