Павлодардың екі тұрғыны «OLX» және «Kolesa KZ» сайттары арқылы Қазақстан тұрғындарын 15 миллион теңгеге алдап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Павлодар қаласының бұрын сотталған тұрғындары танымал сайттарда жоқ тауарды сатып, 200-ден астам қазақстандықты алдап соққан», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Облыстың тәртіп сақшылары 24 және 27 жастағы екі ер адамды ұстады.
«Олар «OLX», «Kolesa.KZ» сайттарына жоқ тауарларды (шөп, трактор, астық, отын) сату туралы жарнама салған. Бұл ретте олар телефон шалғанда өздерін банк қызметкері ретінде көрсетіп, сол арқылы бүкіл Қазақстан бойынша интернет-алаяқтық жасаған», - деп толықтырды ведомстводан.
Олардан алданған тұрғындар орташа есеппен 10 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі көлемде алдын ала төлем аударған. Төлем ішімдік ішкен, үй-күйі жоқ үшінші адамдардың, есепшотына түсірілген. Осыдан кейін «сатушымен» байланыс үзілген.
«Барлық фактілер ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабының 2-бөлімі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар уақытша қамауда отыр. 200-ге жуық қылмыс анықталды, жалпы шығын көлемі шамамен 15 млн теңгені құрайды», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
2022 жылдың басынан бері Павлодар облысында 482 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.