23.05.2022, 10:47
Оқылды: 148

«Мен бүгін әкемді айтып толғанамын...»

Тарихшы-ғалым Исатай Кенжәлиевтің есімі мен еңбегі – өз өңірімізге қоса, кең байтақ Қазақстанға танымал. Оның кезінде қатар жүріп, тірнектеп тарих жинаған ғылымдағы әріптестері мен шәкірттерінің өзі бір қауым ел. Замандастары мен достарының қатары сиреп қалса да, көзін көрген жайсаңдар арамызда әлі де бар. Исатай Нәсекенұлының ғылымдағы, қызметтегі, қоғамдағы орны мен еңбегі жөнінде осылар айтып та, жазып та жүр. Ол кісі туралы көптеген мақала жарияланып, ғылыми конференцияларда баяндамалар оқылды. Ал тұлғаның жанұядағы орны және ерекше қадір-қасиеті әлі ашылмаған тың тақырып. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар ғой.  Әкеміздің жеке өмірі, отбасындағы қарым-қатынасы туралы көпшілік қауым біле бермейді. Біз, балалары, ес білгелі көз алдымызда жүрген соң әкеміздің қадір-қасиеті, қыр-сыры туралы естелік көңілімізге тоқылып, санамызға сіңіп қалды. 

1

Ең алдымен, әкемнің еңбекқорлығы ерен екенін тілге тиек еткім келеді. Бала кезімнен әлі есімде, таң атқаннан кешке дейін, кейде түн ортасына дейін бір орында тапжылмастан жұмыс істейтін. Ол кезде біз бала болған соң, күнделікті қызметіне байланысты осылай еңбектенуді ғадет қылды ма, әлде ізденіс үстінде зерттеу жұмысымен шұғылданып жүр ме, байыбына бара бермейтінбіз. Есейген соң барып түсіндік, ол алдына таудай мақсат қойып, соған қайтсе де жетуге бел буған екен. Халқымыздың дара туған, қайсар перзенттерінің өмірі мен тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп, соны барша халыққа жеткізу үшін еңбектенген.

Кеңес одағының көптеген қаласына барып, архивтерін ақтарып келгенде, кейде сол жерде көрген құжаттары туралы айтып, ақпарат бөлісетін. Ел аралап, дерек жинайтын. Дәптер бетіне немесе таспаға жазып алып, үйге келген соң жиған-тергеніне талдау жасайтын. Бірде еліміздің батыс өлкесінде жүргенде үлкен олжаға кенеліп, Махамбеттің күйлерін таспаға жазып алып келді. Соған қатты қуанғаны әлі есімде. Сосын Алматыдағы алдыңғы қатарлы саз ұжымының жетекші маманына апарып берді. Ол маман күйлерді нотаға түсіріп, көпшілікке жария етті. Кейін жарияланымда аты аталмаса да, әкеміздің оған реніш білдірмей, қайта «Махамбеттің күйлері халқына ресми түрде паш етілді» деп қуанғанына таң қалдым. Міне, өз ісіне адал берілген маман екеніне осы оқиға бір дерек-дәйек. Әкеміздің тарих саласында жазылған еңбектері, кітаптары кең тарап, ғылыми дерек ретінде қолданылып жүр. Тіпті АҚШ конгресінің кітапханасында да сақтаулы екен.

Исатай Кенжәлиевтің тағы бір қасиеті – өз заманында жаңашыл, прогресшіл адам болғандығы. Өз уақытында мәдениет, өнер саласында, техникада, әлеуметтік өмірде, қоғамда, қандай жаңалық болсын, соны игеріп алып, іске асырып, қолданып отырған. Мысалы, өткен ғасырдың елуінші жылдары екінің бірінің қолынан келе бермейтін фотоаппаратты пайдалануды меңгеріп, фотосуретке түсіруден бастап, қағазға басқанға дейін технологиясынан ауытқымай, өзі жүзеге асырып отырған. Әкеміз ауылға барғанда, ауылдастары үшін фотосессия басталатын. Ауылдағы жұрт суретке түсуге асығып, дайындалып, әдемі киініп қабырғаға мата іле бастайтын. Сосын былтырғы түсіріп алған суреттерін алып, бір-бірін көріп, мәз-мейрам болып қалатын.

Біздің асқар тауымыз кино түсіру өнерімен де айналысқан. Өз басым осы бағыттағы біраз нәрсені әкемнен үйрендім. Ол кезде жаңадан шығып жатқан телерадио құрылғыларының жалпы техникалық қадағалауын және жөндеуін де жасап отырған. Дене шынықтыру және спорттан да алшақ болған жоқ. Күнде таңертең және жұмыс арасында жаттығулар жасап отырды. Арақ-шараптан аулақ болды. Ал сенбі-жексенбі күндері шаңғысын алып, тау жаққа кететін. Түстен кейін немесе кешке қарай екі беті алаулап, сергіп, рақаттанып келетін еді. Салауатты өмір салтын ұстанып, сол кезде қоғамға үлгі болатын.

Әкеміздің музыка өнеріне деген сүйіспеншілігі де ерекше еді. Домбырамен күй тартып, ән шырқап, сол кездегі жастар арасында жиі қолданылатын мандолин аспабында шебер ойнайтын. Өзі ғана орындап қоймай, балаларына да үйретті. Бала кезімізден домбырамен ән-күй орындауға дағдыланып, күнделікті жаттыққанымызды талап етіп, қадағалайтын. «Баланың ойы далада» демекші, ойын-сауыққа елеңдеп отырсақ та, ренішімізді сездірмей, әке талабын орындауға тырыстық. Ал қазір ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сөз жоқ, өнер жолына бейімдеу арқылы ол кісі көрегендік танытты. Мейрамдарда, туған күнді атап өткен кезде бізден бір ғана сыйлық күтетін. Ол жаңа күй, жаңа ән орындау еді. Біз соған дағдыланып кеттік. Кейін өз жанұямызда сол үрдісті жалғастырдық. Біздің әр түрлі музыкалық аспапты игеріп, оның қызығы мен пайдасын көргеніміз – сол кісінің арқасы. Отбасылық ансамбль ұйымдастыру әкеміздің арманы еді. Өкінішке қарай, оның орайы келе қоймады. Өйткені бар күшін, уақытын ғылымға, зерттеу жұмысына жұмсады. Мен «Әкеміздің арманы еді» деп немерелерінің қатысуымен кішігірім ансамбль құрып, сахнаға шығаруға қарекет еттім. Нағыз талант барлық салада талант болады емес пе. Міне, біздің әкеміз осындай адам болды.

Тағы бір қасиеті, әкеміз халқын, елін сүйген отаншыл, ұлтжанды тұлға еді. Ол кісіні «Нағыз патриот» деп бас әріптермен жазып шықса да, артық болмайды деп ойлаймын. Өз ұрпағын, тума-туыс, дос-жаранын, шәкірттерін отансүйгіштікке баулып қана қоймай, елді көркейту жолында тынбай еңбектенуді талап ететін. Патриотизмнің бірінші белгісі – тіл деп айтсақ, сол ана тілі үшін қасқайып тұратын. Өз ұрпағын, яғни бізден ең бірінші қазақ тілін жетік білуді талап ететін. Бәріміз де Алматыдағы қазақ мектебін бітірдік. Ол кезде еліміздің астанасында, өкінішке орай, жалғыз қазақ мектебі болды. Келіндеріне: «Қазақ туған тілін – ана тілі дейді, өйткені сәби тіл құдіретін ана сүтімен санасына сіңіреді» деп айтып отыра­тын. Сондықтан немерелері де қазақ мектебін бітірді. Әлбетте, егер ұрпағынан басқа тілді үйреніп жүргенін білсе, оған да қатты қуанатын. Осы әкеміздің ұстанымына біз де берік болдық. Немерелері бірнеше тіл меңгерсе де, ана тілін ерекше құрметтейді. Бұл әкеміздің ұрпаққа аманаттаған асыл мирасы деп ойлаймын.

кенжеалиев исатай (2)

Әкем жарықтық ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді. Біз Алматыда туып-өссек те, біздерді, алты баласын, жыл сайын, жазда атамекеніміз Казталов ауданына, одан әрі Саралжын ауылына ерінбей, уақыт тауып апаратын. Ондағысы, тамырын білсін, тегін ұмытпасын, ағайын, тума-туысты көріп, аралассын деген ойы болуы керек. Иә, біз ата-анамыздан алтаумыз. Қазірде алды әке жолын қуып, ұстаз профессор, біз, кішілері, инженерміз. Әке-шешеміздің сегіз немере, төрт жиені бар. Шөберелерінің саны жиырмаға жуық. Алты баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген анамыз Кенжәлиева Тұрсын Әдиетқызы туралы «Орал өңірі» газетіне өткен жылы мақала жазып, оқырман қауымды таныстырып өткенмін. Анамыз Казталов ауданындағы орта мектептердің бірін үздік бітіріп, білім қуып, елуінші жылдары Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған. Көп уақытын жұмысына арнаса да, бізге де уақыт тауып, жылы шырайын, аналық шуағын төкті. Анамыздың мейірімді көзқарасы, қамқорлығы, жылы лебізі, дәмді тағамы өмір бойы жадымыздан өшер ме?!. Әрі әкеміздің де бабын тауып, киімін, ас мәзірін дер кезінде дайындап отырды. Біз, бақытты ата-анадан өрбіген бақытты перзентпіз!

Әкеміздің тағы бір қасиеті – рухани тазалығы, адалдығы, шыншылдығы. Өтірік айту, алдау, қипақтау, жарамсақтану ол кісінің жаратылысына жат еді. Мансап, шен, атақ іздеген жоқ. Марапатты тіленіп сұрамады. Екінші дүниежүлік соғысы кезінде тылдағы ерен еңбегі үшін алған медалін ерекше көріп, сақтап жүретін. Өйткені соғыс кезінде бозбала болса да, үлкендердің қызметін атқарып, қиындықты көп көрген ғой. Оқырман қауым ғана емес, өз ұрпағы да қаперге алуы тиіс мағлұмат келтірейін. Әкеміз тұзы жеңіл адам еді. Яғни ол кісіге жала тез жабысатын. Осы ақ адамға, таза адамға жаланың тез жұғатындығы несі? Өкінішке орай, әкемізді де осындай кесел айналып өтпеді. Қасында жүрген адамдары қаралады. Маған бұл үрдіс ұрпақ қуалайтындай көрінеді. Себебі Нәсекен атамызға да 1937 жыл шамасында бір топ ауылдасы жала жауып, арыздап итжеккенке айдата жаздаған екен. Атамыз дер кезінде облыстың оңтүстігіне қарай кетіп, одан әрі Ресейге өтіп, аман қалған екен. Жолшыбай үш баласынан айырылып, ұрпағынан жалғыз біздің әкеміз ғана қалыпты.

Бала кезінен көп қиындық көрсе де, мойымай, алға қойған мақсатына қажыр-қайратпен ұмтылып, халқына адал қызмет етіп, елінің білімін, ғылымын өркендетуге таудай үлесін қосқан, білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген әкеміз, міне, жанұяда осындай адам болды. Әрине, бұл қысқаша ғана жазылған дерек-дәйек, перзенттік сағынышпен жазылған бір тұтам естелік қана. Исатай Кенжәлиев жөнінде, оның өмірі, қызметі туралы көп жазуға болады. Әлі де жазылар, еңбегі еленер деп сенемін.

Қошым Кенжеәли,

Орал қаласы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале