23.05.2022, 17:30
Оқылды: 54

Оқырманнан – авторлыққа дейін

Бүгін аудан әкімдігі мен «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің  ұйымдастыруымен «Газет және әлеуметтік желі: Оқырманнан – авторлыққа дейін» атты семинар өтті. Семинар екі бөліммен өткізілді. Түске дейін педагогтар, түстен кейін  мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев пен «Орал өңірі» облыстық газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин басқосудың қонағы болды.

семинар 4

Семинарды кіріспе сөзбен «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлы ашып, қазақ тарихында алғашқы үнпарақ пен үндеуді қолға алған Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин секілді ұстаздар екенін, олардың газет оқу өз алдына, газет шығару да алда болғанын атады.

«Сырым елі» газетінің тілшісі Шынар Молданиязова «Ақпаратты жазу. Әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізу әдістері» тақырыбын қамтып, аудандық мекемелердің, мектептердің, ауылдық округтердің әлеуметтік желідегі парақшаларына  талдау жасады. Ақпаратты қалай өңдеп, желіге салу керектігін түсіндірді.  Оның айтуынша, әлеуметтік желіге ақпарат салғанда,  тақырып қойылуы керек,  кіріспе сөз жазылмайды,  шараның өткен күнін жазып қажет емес. Бір сөйлемде бір ғана ақпарат айтылуы, сөз қайталана бермеуі керек. Адамдардың аты-жөнін шұбыртып жазбаған жөн. Ақпараттың суреттері сапалы болуы тиіс.

семинар 2

Мобилограф Мейрамбек Кеңесов мобилография, ұялы телефонның мүмкіндіктері жайында  айтты:

– Қазіргі кезде бейнетүсірілім жасап, оны өңдеуде «Apple iphone» алда тұр.  Бейне түсіргенде әсерлі, сапалы шығу үшін алдымен локация, яғни, түсіру орнын, одан кейін әуенін дұрыс таңдау керек.  Видеоның бір бейнеден екіншіге ауысуына да аса мән беріледі. Мемлекеттік қызметшілер мен мұғалімдердің жұмысын насихаттауда бейнебаян жасаудың дәурені жүріп тұр. Түсірілген видеоны «Cupcat», «VN» қосымшалары бағдарламаларды арқылы өңдеуге болады,- дей келе, өзінің түсіріп, өңдеген видеосын  қатысушылар назарына ұсынып, смартфонды тек сәнге ұстамай, ақша табу көзіне айналдыру керектігін жеткізді.

семинар

«Орал өңірі» облыстық газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілер не үшін газетке жазылуы керек екені жайында ой толғады. Педагогтар мен мемлекеттік қызметкерлерге газет бетінде әрдайым орын бар екенін айтты.

– Соңғы бір жарым айдың ішінде ғана балалар тәрбиесіне, мұғалімдер мәртебесіне қатысты «Орал өңірінде» «Мұғалімнің бәрі төрге лайық па?», «Мектептерде әлімжеттік бар ма?» «Жаныңызда вампир жүрген жоқ па?» секілді бірнеше мақалалар жарияланды. Балаларға арналған «Айналайын», «Үзіліс», «Балаларға базарлық» беттері бар. Бұл мақалалардың қай-қайсысында мұғалімдерді бей-жай қалдырмайтын мәселелер қозғалды. Қазақстандағы 16 жас пен 55 жас арасындағы адамдардың оқу, жазу деңгейі өте төмен. Себебі, газет оқымайды. Халықтың көбі арзан сенсация, алып-қашпа хабарларға құмар. Тәуелсіздікті нығайтуға, мемлекеттілікті баянды етуге жүйелі түрде қызмет ететін басылымдарға халықты алып келу біздің емес, сіздердің міндеттеріңіз. Қазірден бастап жас ұрпаққа саяси  бағыт-бағдар бермесек, Шыңғыс Айтматов айтпақшы «Мемлекеттілікті ұстап тұру өте қиын»,- деген Бауыржан Ғұбайдуллин елдегі алауыздық пен іріткі салудың кесірінен көрші елдерде болып жатқан жағдайға тоқталды.

«Сырым елі» арзан сенсация қумайтынын айтып, оң пікірін білдірді.

семинар 3

Бауыржан Файзоллаұлы мектеп басшыларына «Жайық Пресс» ЖШС директоры Табылғали Сапаровтың  алғысхаты пен «Сырым елі» газетіне мақала шығаруға арналған 25000 мың теңгелік сертификат және өзінің атынан алғысхат тапсырды. «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев, Гаухар Саханова, Дәурен Рахметов, Нұрболат Жұмағазиевтерге штаттан тыс тілші куәліктерін табыс етті.

Семинар сұрақ-жауапқа ұласып, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев түйіндеді.

Халықтың ойын, санасын өзгертетін – газет. Қазіргі заманда газетпен қатар әлеуметтік желі де жедел ақпарат таратуда. Газет білімді арттырады. Көзқарас пен  танымды кеңейтеді. Оқып болдым, толдым деу  бүгінге сай емес. Халық алдымен ұстаздар мен мемлекеттік қызметшілерге  қарайды.  Мұндай мотивациядан кейін газетке деген сенім мен әлеуметтік желі жүргізу сауаттылығы артады деген ойдамын. Бүгінгі айтылған ақыл-кеңес, ұсыныстар сіздердің кәделеріңізге асады деп сенемін, -деді аудан басшысы.

Ш.Халит,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале