Казталов ауданы Бостандық ауылдық округінің Бостандық орта жалпы білім беретін мектебін 2002 жылы бітірген түлектер ауыл іргесіндегі ескі жағажайда заманауи үлгіге сай жөндеу жұмыстарын жүргізіп, «Сарыөзен» жағажайын тарту етті.
Жалпы көлемі 300 шаршы метр аумақты алып жатқан жағажайда демалушыларға арналған орындықтар, күн сәулесінен қорғануға арналған шатырлы демалыс аймағы, киім ауыстыру орны, әжетхана, тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған орындар, жаяу жүргіншілер жолы мен серіппе (трамплин) орнатылған. Түлектердің бұл жобасының жалпы құны 2 млн теңгені құраған. Жағажайдың ашылу салтанатына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Радж Шәріпов, аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жобалық жетекшісі Айбек Көшеғалиев, Бостандық ауылдық округінің әкімі Асланбек Сармалаев қатысты. Салтанатты шарада сөз алған Радж Болақайұлы түлектерге ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғысхатын табыс етті.
-Бостандық ауылында үлкен қуаныш болып жатыр. Екі жыл еңсемізді басқан аурудан құтылып, бұлттан шыққан күн сықылды халықтың еңсесі көтеріліп, 1985 және 1975 жылы туылған түлектер ауылға үлкен тарту жасауда. Оның бірі «Сарыөзен» жағалауы болса, екіншісі Алматы қаласынан арнайы алдырған алты қанатты киіз үй. Елдің қамын ойлар азаматтар көп болып, бірлігіміз ажырамасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, осындай игі үрдістер жалғасын таба берсін. Биыл, «Батаменен ел көгереді, жаңбыр жауса жер көгереді» демекші, жауынның көптеп түсуінен шөбіміз де құнарлы, мол болуда. Мұның барлығы халықтың ізгі ниетінің арқасы. Жаңа Қазақстанда жаңа бағытта дамып, ауылдарымыздың сәні арта берсін, - деді Қазақстан ауыл шаруашылығының «Құрметті ардагері», ауыл тұрғыны Қазбек Ғазизов.
Мектеп түлектерінің туған жерге тартуы дәстүрлі «ХІІ-ші Ұрпақтар сабақтастығы» атты дала қызықтарымен жалғасын тапты. Аталған шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша және «Балалар жылына» орай мектеп бітіргеніне 30 жыл толған мектеп түлектері 6 қанатты киіз үй мен 30 балаға бокс, футбол, қазақ күресі, самбо, волейбол ойындарына арналған спорттық киімдер тарту етті. 1992 жылы мектеп бітірген мектеп түлектеріне де аудан әкімінің алғысхаты табысталды. Ал, 2012 жылы мектеп бітірген түлектер білім нәрімен сусындаған білім ордаларына музыкалық құрал-жабдықтар мен футбол ойынына арналған спорттық киімдерді табыстауды жоспарлап отыр.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz